Home Қоғам ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР КҮНІ ЕРЕКШЕ ТОЙЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР КҮНІ ЕРЕКШЕ ТОЙЛАНДЫ

Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және оқушылар сарайының ұйымдастыруымен «Бала шақтан – болашаққа» атты балалар әдебиетінің фестивалі өтті.

Оқушылардың әдебиетке, білімге құмарлығын, өнерге деген қызығушылығын арттыруды көздеген шара 1 маусым «Балаларды қорғау күніне» орай ұйымдастырылған. Мұнда келген оқушыларды ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Осылайша өнерпаздардың биімен басталып, әсем әуенге ұласты.

Фестиваль барысында балалар мен жастар «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабының жауапты редакторы Назгүл Қожабек, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының атқарушы директоры Бағдат Құдияр және балалар жазушысы, ғалым Зира Наурызбаевамен кездесіп, өздерінің көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Авторлар өз жұмыстарын таныстырып, шығармалардың бала дамуына әсері жөнінде, аударма мен кітап шығару кезіндегі қызықтары мен қиындықтарын бөлісті. Бұл ретте әр баланың сүйікті кейіпкеріне айналған Гарри Поттердің кітабы нағыз балаларға арналған базарлық болды.

Шарада ертегілер әлемінен қойылымдар көрсетілді. Қатысушылар асық ату, кілем тоқу, құмыра жасау мен сурет салудан балалардың өнерлерін тамашалады.

Айта кетерлігі, аталмыш фестивальге Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Мәдіханқызы, оқушылар сарайының директоры Индира Икапова және балаларға арналған кітаптардың авторлары мен оқушылар қатысты.

Жиында сөз алған ХҚТУ-дің ректоры Ж.Амангелдіқызы: «Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін ата-аналардың да кітап оқуы маңызды. Баланың өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі, яғни эмпатияны дамыту үшін де кітаптың әсері мол. Бұл алғаш рет өткізіліп отырған фестиваль, алдағы жылдары ауқымын кеңейте түседі деп сенемін» деген ойымен бөліссе, оқушылар сарайының директоры И.Сарқытқызы бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталып, қорытындылады. Мұндай фестиваль облысымызда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айта кету қажет. Оның негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, балалар жазушыларын дәріптеу.