Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒАЖАП ТІЛ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒАЖАП ТІЛ

Әдетте орыс тiлiн бай тiлдердiң қатарына жатқызамыз. Егер нақ солай болса неге олар «нож острый», «угол острый», «игла острая», «перец острый», «заболевание острое», «ситуация острая», «ум острый» дейдi? Қала бердi көзқарастың өзiн «взгляд острый» деп жатады. Ал бiздiң қазақ үшiн – «өткiр пышақ», «сүйiр бұрыш», «үшкiр ине», «ащы бұрыш», «асқынған ауру» немесе «жедел ауру», «жiтi ауру», «ұшқыр ой», тағысын тағы … Қай тiл бай болды сонда? Д.Ушаковтың «Толковый словарь русского языка» сөздiгi 90 мың сөздi қамтиды. Осы сөздiктiң өзбек тiлiндегiсi 80 мың сөзден тұрады. Түрiк тiлiндегiсiнде 92 мың, ал айырқалпақ көршiлерiмiздiң сөздiгiнде 50 мың сөз бар екен. Аталмыш кiтаптың қазақ тiлiндегi қоры 106 мың сөздi құрайды!

– Орыстың айтулы ақыны Александр Сергеевич Пушкин шығармаларында 21 мың сөз қолданыпты. Есениннiң өлеңдерiнде 18 890 сөздi пайдаланған. Ал Сервантес 17 мыңға жуық, әйгiлi Шекспир өз шедеврлерiн 15 мың сөзбен жазып шыққан. Гоголь өзiнiң «Өлi жандар» деген атақты дүниесiн 10 мың сөзбен өрнектеген. Қазiргi адамдардың пайдаланатын сөздiк қоры тым жұтаң. Тiлi ең шұрайлы адамның өзi 7000-8000 сөздi қолданады. Бүгiнде небәрi 150-200 сөзбен ғана «күн көрiп» жүргендер қаншама. Сөйлем iшiнде «жаңағы, сосын, анау, не бар ғой, яғни, сол» дегендi қайталап тұтыға беретiндер де аз емес, – дейдi Астана медицина университетiнiң профилактикалық кафедрасының профессоры Мұхамбедия Ахметов. Осы және өзге де мәселелер Астана қаласында өткен республикалық «Мәңгiлiк ел» конференциясында кеңiнен сөз болды. ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Жастар iсi комитетi ұйымдастырған аталмыш жиын елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келген жас журналистер мен мұғалiмдердiң басын қосты. «Студенттiк өзiн-өзi басқару және даму одағы» корпоративтiк қоры атқарушы директорының орынбасары Дастан Дәлелханның айтуынша, аталмыш конференция жастар арасында қазақ тiлiн насихаттауға бағытталған iс-шаралардың бiрi. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың ана тiлiндегi сөздiк қорын байытып, одан әрi дамытуды көздейдi. «Мысалы, соңғы уақытта «Facebook», «ВК» немесе «twitter» және бұдан өзге әлеуметтiк желiлер жастар арасында кеңiнен қолданыс тапты. Чаттағы әңгiмелесушiлердiң сөздi қалай болса солай қолданатыны жасырын емес. Ертеден қара кешке дейiн «Каксың? Норм. Нестеватсын? Казкелем. Баратырм» деген секiлдi сатпақпен әуре.

«Елбасы Н.Назарбаев «Қазақ тiлi – ғажап тiл. Тек оны насихаттай бiлуiмiз керек. Ғажап тiлдi азап тiл сияқты етiп көрсететiн оқулықтардан құтылуымыз керек» деген болатын. Сондықтан да бай ана тiлiмiздiң қолданылу аясын кеңейтуге әрбiрiмiз атсалысуымыз қажет деп бiлемiн» дейдi Дастан Дәлелхан.

Мұхамбедия Ахметов өзiнiң баяндамасында аударма мәселесiн де ұмыт қалдырмады.

– Сөзбе-сөз аударманың ақыры саяси қателiкке ұрындыруы ғажап емес, – дейдi ол. – Жуырда «24 kz» телеарнасының жаңалықтар қызметiндегi журналист: «Республикалық террорға қарсы кеңес өттi» деп хабарлап тұр. Террор республикалық болушы ма едi деген ойға келдiм. Әрине, олай емес. Террорға қарсы республикалық кеңес болады. Ал республикалық террор деген болмайды. Өзiм медицина университетiнде қызмет атқаратындықтан осы саладағы өрескел қателердi көргенде төбе шашым тiк тұрады. Орыстарда «Платное глазное отделение» деген бар. Дәл осыны қазекем «Ақылы көз аурулар бөлiмшесi» деп аударып алып, емхана не аурухана iшiнде баттитып iлiп қояды. «Платное проктологическое отделение» дегендi «Ақылы тiкiшек аурулар бөлiмшесi» деп атайды. Көз кеселi не тiкiшек ауруы ақылы болмайтынын бәрi бiледi. Ақылы бөлiмше болады. Алайда, бiлсе де соған назар аудармайтындар қазақ тiлiн қорлап жатқанын сезiнсе екен деймiн. Сонымен қатар сөзтiркестердi аударғанда жиi кететiн қателер мыналар: приводит к заболеванию – ауруға алып келедi, является важным – маңызды болып табылады, вызывает заболевание – ауру шақырады.

Ғалым сондай-ақ медициналық атаулардың жазылу ережесi реттелмегенiн де тiлге тиек еттi. Мәселен, ит тiс, күрек тiс, азу тiс, мойын омыртқа, ауыз омыртқа, тоқпан жiлiк, ортан жiлiк, кәрi жiлiк секiлдi сөздер қазақша орфографиялық сөздiкте бөлек жазылған. Өзi медицинада жиi кездесетiн терминдердi жинақтап, 40 мың сөзден тұратын «Медициналық терминдер сөздiгi» кiтабын жазып шығыпты. «Жалпы медицинада 250 мыңға жуық термин бар. Айтпағым, ешбiр ғылым саласы медицина терминдерiнiң санынан аспайды. М.Н.Чернявскийдiң деректерiне қарағанда немiс тiлiндегi медициналық сөздiкте 250 000-ға жуық жетекшi термин бар екен, ал французша осы сөздiктегi терминдер саны 200 000-ды құрайды. Тәуелсiз елiмiзде ана тiлiмiз орыс тiлiне «тәуелдi» болмасын десек, сөзiмiздi түзеуге атсалысайық, ағайын!» дейдi ғалым.

Иә, қазақ тiлiнiң сөздiк қоры өте бай, бiр сөздiң бiрнеше синонимi бар екенiнде дау жоқ. Оған көз жеткiзу үшiн сөз зергерi Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясын қайта парақтаса артық емес. Ендеше, ең құнарлы, ең бай, ең нәрлi ана тiлiмiздiң қадiрiн кетiрмейiк дегiм келедi.

Жанерке ЖҮСIПБЕК