Home Қоғам ТҮРКІСТАН: АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА БАСТАЛДЫ

Бүгін Отырар ауданындағы «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы лицей-интернатында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шара ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған. Олимпиаданың бірінші кезеңіне Түркістан облысынан 21 321 оқушы тіркеліп үлгерген. Олимпиадаға республикадағы ауылдық мектептердің соңғы екі оқу жылында оқитын 9-11(12) сынып оқушылары қатысып жатыр. Жарыс – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, академиялық қабілетті оқушыларды табу мақсатында ұйымдастырылған.- Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес, олимпиада 13 пән бойынша өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін аuyl.daryn.kz сайтында 85 401 оқушы тіркелді. Олимпиада «Бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізілді. Кезең қорытындысы орталықтың сайтында жариялатын болады, – дейді «Дарын» РҒПО директорының орынбасары Айгүл Қарқұлова.Олимпиаданың ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық онлайн-платформада беріледі. Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары қатысады. III кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданатын болады. Айта кетсек, жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады. Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 20 қараша күні еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізіледі.