Home Қоғам ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ЕЛ ЫРЫСЫН АРТТЫРУДА

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ЕЛ ЫРЫСЫН АРТТЫРУДА

Мемлекет басшыс «Ауыл аманаты» Ұлттық жобасының басым бағыттарының бірі – өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту екенін де мәлімдеп, бұл мақсатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені әзірленгенін айтқан. Ол жобалардың барлығы өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар санатына кіретін.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», – деген министр.

Ал, тағы бір сөзінде трансұлттық компаниялардың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 10 аса ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталып жатқанын айтқан.

Ол туралы экс-минситр: «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының III бағытын іске асыру аясында Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2021 жылғы 18 қазандағы хаттамасына сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары арқылы қаржыландыру жолымен құны 311,9 млрд теңгені, қаржыландыру сомасы 100,0 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді. Алдын ала бағалау бойынша 40 инвестициялық жобаны іске асыру 4 263 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деген.

Сондай-ақ, былтырғы жыл бастала салып ҚР Премьер-Министрі ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жылдамдату керектігін айтты.

«Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті. Диқандарды арзандатылған дизель отынымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Облыстардың әкімдіктері тиісті технологияларды қолдану арқылы ылғал қорын сақтау және оны үнемдеп пайдалану бойынша іс-шараларды қабылдауы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жылғы 1 маусымға дейін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құра отырып, мемлекеттік қолдау механизмін қайта қарауды және оңтайландыруды, сондай-ақ ақпараттық жүйеге тегін кіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Шаруашылық көлемі мен нысанына қарамастан агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізу және олардың қарсы міндеттемелерін бекіту міндетті шарт болуы тиіс», – деді Премьер-Министр.

Оған қоса, халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы басталғанын айтып, сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайтын, ең жоғары мерзімі 7 жылға дейінгі шағын несие берілетінін жеткізген. Тиісінше, пилоттық жоба аясында 100 млрд. теңге бөлініп, 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарланды. Бұл бағдарлама бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде жүзеге асырылып жатыр.

Одан бөлек, Үкімет басшысы: «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираждау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қарыз беру шарттары барынша жеңілдетілген. биылдың өзінде бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді. Соның есебінен 65-ке жуық сүт-тауар фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады. Бұл ретте, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде елдер қабылдаған қолданыстағы міндеттемелер аясында 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құнынан ішкі қолдау деңгейі Беларусь Республикасында 10% міндеттеме кезінде 2,5%, Қазақстан Республикасында 8,5% міндеттеме кезінде 4,8%, Қырғыз Республикасында 5% міндеттеме кезінде 0,13% және Ресей Федерациясында 5% міндеттеме кезінде 2,88% құрайтынын атап өту қажет. Осылайша, АӨК субъектілеріне мемлекет көрсететін қолдау деңгейі басқа елдер көрсететін қолдаудың ұқсас деңгейімен байланысты екенін атап өтеміз», – деді.

Осылайша, жуырда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға несие берудің жаңа қағидаларын бекітті. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату шеңберінде бүкіл ел бойынша сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қарыздың ең жоғары сомасы – 5 млрд. теңгеге дейін 10 жылға дейінгі мерзімге 2,5%-бен несие беру жоспарланып отыр. Бұл несиелер үміткерлерге жаңа кәсіпорындар құру немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, оның ішінде сүт-тауар фермалары (қуаты 400 бастан бастап), ет бағытындағы құс фабрикалары (жылына 5000 тонна құс етінен бастап), көкөніс қоймалары (1000 тоннадан бастап), сондай-ақ заманауи су үнемдеу технологияларын (шашырату, тамшылатып суару) пайдалана отырып суармалы егіншілік саласындағы жобаларды (картоп, көкөністер, жемшөп өндірісі) кеңейту үшін берілетін болады. Бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаржы 65 сүт-тауар фермасының құрылысын қаржыландыруға бағытталатын болады.

 Естеріңізде болса, былтыр ғана жыл қорытындысына сай Түркістан облысында рекордтық 3,3 миллион тонна көкөніс жиналғаны айтылған.  Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асып, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік береді. Облыс басқа салаларында да жақсы өсу динамикасы байқалады. «Қуатты өңірлер» қатарына жататын облысымыздың жетістігі мол деп сенеміз. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының экономикасын дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі – ауылшаруашылық саласы болып табылады. Айта кетсек, қазіргі таңда Сарыағаш ауданы Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер Әбдімамыр Бүрібеков жылыжайда құлпынай егіп өсіріп ішкі нарықта саудалауда. Құлпынай өніміне сұраныс еліміздің ірі қалалары және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындардан келіп түсуде. «Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқандар иелігіндегі жерлерден жылдық азық жинауға бел байлап, құлпынайды құлпыртып, бүгінде кәсіптерін жандандырып отыр. Сарыағаш ауданының шаруалары көкөністер мен қоса жеміс-жидектерді де өсіруді қолға алып, өнім түрлерін көбейтуде. Осыған орай бүгінгі таңда аудан шаруалары қыс мезгілінде құлпынай өсіріп, ерте пісетін құлпынай өнімін саудалап мол табыс табуды жоспарлауда.

– Оңтүстік – берекелі өңір. Шыбық қадасаң шынар шығатын мекеннің топырағы да құнарлы. Жылдың қай мезгілінде болмасын біздің өңірден жеміс-жидектің түр-түрін табуға болады. Құлпынайды баптап өсіру, оны сату оңай шаруа емес. Бірақ табысы мол, – дейді диқан.   

Қай жерде де құлпынайға сұраныс көп. Оны еліміздің ірі қалаларынан бөлек аудан, ауылдарда да қызыға сатып алушылар көп. Әбдімамыр Бүрібеков иелігіндегі жерден мол өнім алатынына сенімді. 

Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданы, Тегісшіл ауылдық округі, Мәдениет елді мекенінің аумағында орналасқан «ADIA» ЖШС жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. Жаңа заманауи технологиямен шаруасын дамытып отырған кәсіпкер Аширафи Шимбергенов 2,5 га алқапта жылу жүйесін қажет етпейтін заманауи үлгіде жылыжай құрылысын салып, құлпынай өсіруде. 10 жылдық тәжірибесі бар жеке кәсіпкер Италия және Голландия елінде осы саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасқан. Қазіргі таңда жоба технологиясы бойынша құлпынайларды ашық далада тығыз орналастыру және тамшылатып суарудың автоматты жүйесі арқылы өсіру жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мұнда 15 тұрақты, 40 маусымдық түрде тұрғындар жұмыспен қамтылған. Жеке кәсіпкердің айтуынша, 24 га аумақта өсірілуі жоспарланған құлпынай күннің нұрымен және арнайы тігілген көрпешелердің көмегімен жылытуды қажет етеді.Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі. Мәселен, аудан аумағында ауа температурасы -15 шамасында болса, жылыжай ішіндегі ауа температурасы + 4,4 градусты ұстап тұр. Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға шығын жасамай, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеуде. Қазіргі таңда, отырғызылған 240000 түп көшеттен ақпан-наурыз айларында 72,0 тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын тұрақты және мезгілді жұмыспен қамтамасыз етуде.