Home Басты жаңалықтар «ТҮРКІСТАН ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

«ТҮРКІСТАН ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Қаладағы қылмысты төмендету, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында өткен 2018 жылы қолға алынған «Түркістан қауіпсіз қала» бағдарламасы әкімдік пен құзырлы органдардың қатысуымен талқыланды. Осы бағдарламаның аясында биылғы жылдың соңына дейін қалада креативті жобалар жүзеге асырылатын болады. Аталған жиында төрағалық еткен қала әкімі Р.Аюпов әуелі тамыз айынан бастап қалада бейнебақылау камераларын орнату қолға алынатындығын атап өтті. Ол камералардың мүмкіндігі мен тиімділігі жоғары. Ол бейнебақылаулар арқылы тек қана жол жүру ережелерін ғана емес, сонымен бірге, күдіктілерді іздеу, іздеудегі адамдарды сыртқы белгілері арқылы тану, қару алып жүрген, бұзақылық жасап жүрген адамдарды, қоқыс тастап жатқан адамдарды анықтау үшін қолданылатын болады. Бұған қоса, осы камералардан келген ақпаратты өңдейтін аналитикалық орталық жұмыс жасайтын болады.
Қала басшысы атаған тағы бір жоба қаладағы стационарлық полиция бекеттері алдағы уақытта шыныдан жасалатын болады. Бұл өз кезегінде тұрғындармен ашықтықты және сенімділікті арттырады. Полицейлер мен әкімдік қызметкерлерінің мемлекеттік көліктеріне сенім телефондары жазылады. Бұл тұрғындармен тікелей қарым қатынасқа жол ашады.
Мәжілісте «Түркістан қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндаған қала әкімі аппаратының басшысы Қ.Мылтықбеков: «Ағымдағы жылы көшелерді орташа жөндеу жұмыстарының барысында замануи үлгідегі 67,9 шқ. жарық жүйесі (2263 дана бағана) орнатылатын болады. Бұл жобалар автоматтандырылған, бір орталықтан басқарылатын 3G форматта интернетті қабылдайтын жүйе. Сонымен қатар орталық көшелердің бойындағы 34 аялдаманы шыныдан жасау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, аялдамаларда не жағдай болып жатқаны көрінетін болғандықтан қылмыстың алдын алу болып табылады. Жалпы қалада 27 қиылыста бағдаршамдар бар. Автокөлік жолдарында қауісіздіктің алдын алу үшін ағымдағы жылы 15 ескі бағдаршам (56%) нысандарын жаңа заманауи бағдаршамдарға ауыстыру жоспарланып отыр. Көшелердегі күрделі және орташа жөндеу жұмыстары есебінен қаланың орталық көшелеріне 102,4 шақырым аяқжол мен 27 шақырым веложол салу қарастырылған. Қазіргі уақытта, 35,8 шақырым аяқжол мен 4,1 шақырым веложол жасалынды. Бұл жоба көлік қозғалысының қауіпсізідігін қамтамасыз етуде өз тиімділігін көрсететін болады».