Home Қоғам ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Бүгінгі таңда Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға және агроөнеркәсіпті дамытуға басымдық берілген.

Осы ретте, ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімдердің мөлшерін  арттыруда   диқан  мен малшы қауымының агробіліктіліктерін арттырудың маңызы ерекше. Сондықтан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жанынан «Агро кеңес беру орталығы» құрылып, демонстрациялық алаңдар ашылған болатын. Казіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне агротехнологияны тиімді пайдалануға кеңес беру, зиянкестермен күрес шараларын үйрету, шаруаларға тұқым таңдауға ұсыныс беру арқылы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Химиялық тыңайтқыштардан бас тартып толық органикалық тәсілмен өнім алуды, мал шаруашылығы саласында жоғалып бара жатқан ірі қара мал  генефондын сақтап тұқымдық құрамын жақсартуды көздейтін кәсіпкерлер палатасының пилоттық жобасы  шаруалар үшін тиімді.

Отырар ауданы, Талапты елді мекенінде орналасқан «Марғұлан» шаруа қожалығы базасындағы 20 гектар алқапқа жүгері егілген. Шаруа қожалығының иесі Бекжан Ибашев жиын-терім жұмыстары туралы айтты. «Агро-кеңес беру орталығының» жетекшісі Нұрлыбек Боранбаевтың айтуынша, шаруаның «Пионер» сортты жүгері собығынан мол өнім алуға мүмкіндігі жоғары. Себебі, демонстрациялық алаңда дақылдарды агротехникалық талаптарды сақтай отырып органикалық негізде өсіруге маңыз беру арқылы өнім алынады.

Ордабасы ауданы, Төрткүл елді мекеніндегі «Рамазан Агро» ЖШС-нің меншігінде 723 гектар жер телімі бар. Оның ішінде 65 гектар аумақтағы демонстрациялық алаңға органикалық негізде мақта егілген. Шаруа қожалығының төрағасы Мейірхан Мырзабайұлының сөзінше, алқаптағы «Эдесса» мақта сортынан жоғары өнім алынады деп күтілуде.

Атап өтерлігі, Төлеби ауданы өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында озат аудан атанды. Аудан диқандары, әсіресе, мақсарыдан мол өнім алды. Атап айтқанда, төлебиліктер  13 мың тоннаға жуық өнім жинады. Ал, жергілікті жеке кәсіпкер Ифтикар Қошқаров жеке қаражаты есебінен мақсарыдан май өңдеу цехын іске қосты. Цех өнімі еліміздің барлық аймақтары мен Қытай, Өзбекстан және Ауған-стан нарығына шығарылуда.

Көксәйек ауылдық округінде орналасқан шағын цех тәулігіне 4 тонна мақсары және мақта майын шығарады. Жоба құны – 250 млн. теңге. Мұнда 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мақта майы республика аумағына «Алтын» брендімен танымал.

Аудан әкімі Төлеген Телғараев шағын цехтың жұмысымен танысып, жыл өткен сайын мемлекет тарапынан кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында түрлі шаралар қолға алынып, заң талабын жеңілдетуге жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Іскер азаматтардың өндірісті өркендетіп, жұмыс орындарын көбейтіп отырғанын айтып, шағын және орта бизнес тарапынан атқарылған жұмыстардың экономикаға қосар үлесі мол екеніне тоқталды. Аудан аумағында шағын және орта бизнестің дамуына барынша жағдай жасалып жатқандығын жеткізді.

Осы ретте, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішовтің төрағалығымен мақта шаруашылығы мен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын талқылаған жиын өтті.

Мақта және егін шаруашылығы бойынша өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету, диқандар мен шаруалардың мемлекеттен тиісті көмектерді кедергісіз алуына атсалысу жиынның басты мақсаты болды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлы, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының әкімдері мен мәслихат төрағалары және осы аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдері мен  «Қазсушар» РМК облыстық және аудандық мекемелерінің басшылары, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының, «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне мақта және егін шаруашылығындағы қордаланған проблемалар, ағын су және микроқаржының берілу жайы шығарылды.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ә.Плалов, «Қазсушар»  республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қ.Бедебаев, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы Б.Әбілдабек, «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы М.Мыңбаев баяндама жасады.

Баяндамашылар көктемгі егіс жұмыстары, ағын су және мақта шаруашылығына қатысты шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен оны алу тетіктерін түсіндірді.

Атап айтқанда, Ә.Плалов 2024 жылға минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, оған 82 мың тоннадан астам тыңайқышты субсидиялау жоспарланғандығын жеткізді.

Сонымен қатар, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен 60 мың тоннаға меморандум түзіліп, дала жұмыстары басталғанға дейін облысқа 25 мың тонна тыңайтқыш жеткізілетіндігін хабарлады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдан бастап жеңілдетілген жанар-жағармайдың көлемін қалыптастыру Gosagro.kz порталы арқылы жүргізілетіндігін, бүгінгі күнге көктемгі дала жұмыстарына 6 746 агроқұрылымнан 21,8 мың тоннаға өтінім түскендігін айтты.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд. теңге несие бөлу жоспарланған. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы арқылы 10 млрд. теңге, тікелей зауыттарға 2,5 млрд. теңге және несие серіктестіктері арқылы 868 млн. теңге бөлінетін болады. Нәтижесінде, 68 мың гектарға жүргізілетін дала жұмыстары қаржыландырылады. Бүгінгі күнге 1,2 млрд. теңгенің өтінімі мақұлданып, оған 978,8 млн. теңге бөлінді.

«Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қ.Бедебаев ағын сумен қамтамасыз ету және сор шаю жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, Жетісай ауданы бойынша қысқы сор шаюға жоспарланған 54 520 гектар жердің қазіргі таңда 14 904 (26%) гектары шайылған. Ал, Мақтаарал ауданы бойынша жоспарланған 47 439 гектар жердің 18 104 (38%) гектарының соры шайылған. Осы аудандар бойынша сор шаю жұмыстарын наурыз айында аяқтау жоспарланған.

Жиында аудан әкімдері баяндамашыларға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, шаруаларға берілетін жанар-жағармайды ай-айға бөлу жұмыстарын тиімді жоспарлауды ұсынды.

Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов аудан әкімдері мен жергілікті мәслихат төрағаларына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар  мен жеңілдіктер туралы шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.

Сонымен қатар, осы айтылған мәселелер бойынша депутаттар да ауыл округтері мен елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаруалардың тиісті қолдауларды өз деңгейінде, кедергісіз алуларына көмек көрсетуі керек. Өйткені, былтыр шаруалар мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерді білмегендіктен, түрлі топтардың артынан еріп, уақыттары босқа кеткен-ді. Жалпы, жиында қаралған барлық мәселелер назарға алынып, айтылған ұсыныстардың орындалуы тұрақты бақылауға алынады.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында мақсатына сай пайдаланбаған және заңсыз жекешеленген жерлерді ортақ қорға қайтаруда ауқымды жұмыстар жүргізіліп, 330,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Түркістан облысының жалпы жер қоры 11610,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсаттары санатындағы пайдаланатын жерлер 4469,5 мың гектарға жетті. Елді мекендердің жерлері 800 мың гектардан асады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің баяндауынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы облыстың Даму бағдарламасы бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 131,8 мың га жер айналымға енгізілді.

Еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Өткен жылы ортақ жайылым қажеттілігі 2122,2 мың гектардан асқан. Осыған орай, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ортақ жайылым көлемін 1015,0 мың га ұлғайту жоспары бекітілген. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысымен 335 мың га ортақ жайылымен қамтамасыз етілді. Жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың га төмендету бойынша шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, 937 мың га жайылым жерлер жалпы жайылым қажеттілігінен төмендетілді. Биылға 600 мың гектардан астам жайылым тапшы.

2024 жылға облыс бойынша 60 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланды. Ортақ жайылым көлемін ұлғайту мақсатында арнайы қордағы 125 мың га жайылым жер учаскелерін ауылдық округ әкімі аппаратына тұрақты пайдалануға беру жұмыстары жүргізіледі.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы айналымға тарту үлесін ұлғайту жоспары бекітіліп, жалпы 146,9 мың га жерлерді қайта айналымға енгізу көзделуде. 2012-2023 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскелеріне мониторинг жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.