Home Қоғам ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРТАРЫ САЛАСЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ БАҒЫТ

ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРТАРЫ САЛАСЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ БАҒЫТ

Еліміздің экономикасындағы өте маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы болғандықтан, біз үшін су ресурстарын реттеу және ондағы проблемаларды шешу жолдарын қарастыру ерекше маңызға ие. Тиісінше, бүгінгі таңда су ресурстары саласын дамыту мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, ғылымы-әдістемелік тұрғыдан да жан-жақты қаралып жатыр. Ал, бұл бағыттағы жұмыстар түркістандықтар үшін де маңызды екені сөзсіз. Осы орайда, Түркістан облысының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.

Еске сала кетсек, бұл бағыттағы жұмыстар бірер жыл бұрын қарқын алып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет су ресурстарының толық аудитін жүргізу тиіс» деп тапсырма берген болатын.

«Сумен қаматамасыз ету мен су тарту мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз су ресурстарына, су шаруашылығы құрылыстарын толық көлемде паспорттауды ешқашан жүргізбеппіз. Үкіметте осындай нысандардың нақты саны мен жағдайы бойынша мәлімет жоқ. Жекеменшік су шаруашылығы нысандарын есепке алу тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін су ресурстарының және сумен қамтамасыз етудегі барлық инфрақұрылымының ирригация жүйесіне толық аудит жүргізуді тапсырамын. Бұл өз кезегінде саладағы жағдайды толық бағалауға жол ашады. Оның негізінде Үкімет пен әкімдіктерге аталған нысандарды жөндеу мен жаңғырту, оның ішінде айналымға жаңа суармалы егістіктерді енгізу бойынша нақты шараларды әзірлеу міндеті тұр», – деген Президент өз сөзінде.

Оған қоса, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтеріп: «Су ресрустарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!. Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?», – деп еліміздің бас экологына сауал қойған.

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 10 негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін баяндаған.

«Су саласынан көріп отырған негзігі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған қарай біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сынды бірқатар шараны қабылдауымзы керек. Цифрландыруды да белсенді енгізгеніміз жөн. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісеміз», – деді ол өз сөзінде.

Осылайша, ел Үкіметі аталған бағдарламаны әзірлеу бағытында біршама жұмыс атқарып, көптеген жоспарларды жүйелі түрде іске асырып келеді. (Бұл туралы ақпараттық порталымызға «Үкімет су ресурстары саласын қалай реттеп жатыр?» деген тақырыппен жариялаған мақаламызда кеңінен атап өткенбіз. Ал, бүгінгі тақырып су ресурстары саласының екінші бағытына арналып отыр).

Жалпы, Қазақстан қажетті су ресурстарының 44 пайызын трансшекаралық өзендерден алады екен. Бұл туралы Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі айтып, әлемдегі 70-ке жуық мемлекет су жетіспеушілігін бастан кешіріп отырғанын жеткізген. Өкінішке қарай, сол елдердің ішінде Қазақстан да бар екен. Сонымен бірге, Қазақстанның су ресурстары және елді су қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Сенатта баяндама жасаған ол әлемдік ресурстар институтының зерттеуі бойынша, су жеткіліксіз аумақта бүкіл әлемде 2 млрд. адам тұрып жатқанын атап өтті.

«68 мемлекет су тапшылығын ерекше бастан кешіріп отыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. География институты республиканы сумен қамту деңгейінің төмендеп бара жатқанын хабарлайды. Егер 1960 жылдары республикада судың жиынтық ағыны 120 текше шақырымды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 101-ге дейін төмендеген. 2020 жылы өзен ағыны 80-ге дейін, ал 2030 жылы тағы да 72 текше шақырымға азаятыны болжанып отыр. Бұған қоса халық мен экономиканың барлық саласының суға деген сұранысы артып барады. Бүкіләлемдік банк 2050 жылы аймақтағы елдерде су тапшылығы салдарынан жалпы ішкі өнім 6 пайызға азаятынын болжаған. Қазіргі таңда су ресурстарының 55 пайызын ғана Қазақстан өз аумағынан пайдаға жаратып отыр. Қалған 44 пайызын трансшекаралық өзендер арқылы алады. Мұндай жағдайда жерасты суларының маңызы арта түседі. Осыдан 350 жыл бұрын Қазақстандағы жер асты су қорына жоғары баға беріліп қойған. Бірақ, бұл ретте жаңа дәуірде жер асты суларының халықаралық қорының болжамды балансы есептелмеген. Ескі гидрологиялық түсірілімдер қазіргі ақпараттық талапқа сай келмейді. Зерттелген кейбір аумаққа құрылыс салынып кеткен. Кейбірі санитарлық талаптарға сай келмейді», – деген сенатор өз сөзінде.

Бұл тұрғыда Қазақстан суды үнемдеп пайдалану жағынан барынша жұмыс жүргізіп жатқаны, алайда, соның өзінде суды жоғалту көлемі 40 пайызды құрап тұрғаны баяндалған. Демек, біздің елімізде су ресурстарын тиімді пайдалануды да ғылыми тұрғыдан реттеу керек деген сөз.

Осы орайда, былтыр М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті АҚШ-тағы Небраска штатының университетімен бірлесіп, ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологияларын пысықтап жатқаны мәлім болды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына берілген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.

«Су шаруашылығының барлық бағыттары мен деңгейлері бойынша білікті кадрлар даярлау жағдайын жақсарту үшін 2020 жылы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Су шаруашылығы және табиғат орналастыру институты» ашылды. Институттың бакалавриаты мен магистратурасы аясында «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар», «Гидротехникалық мелиорация», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», ал докторантура шеңберінде «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар» білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүзеге асырылатынын атап өткен жөн», – деп атап өткен Үкімет басшысы өз жауабында.

Сонымен қатар, ол елімізде су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын құру жоспарланғанын жеткізді. Оның айтуынша, Үкімет су ресурстарын басқаруға қатысты бірнеше шара қабылдап жатыр екен.

Біріншісі – трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда көршілермен мемлекетаралық су қатынастарын құру кезінде халықаралық су құқығы қағидаттарын барынша іске қосу қажеттігі.

Екіншісі – суға деген сұраныс артқан жағдайда тапшылықты жоюға қатысты. Яғни қолда бар су ресурстарының әлеуетін сақтап, су ресурстарын игеруде интеграцияланған басқару практикасын жақсарту. Сонымен қоса халықты, су жүйелері мен экономика салаларын сумен теңгерімді қамтамасыз етуге мән беріліп жатыр екен.

Сондай-ақ, ол: «су ресурстарын қорғау, бақылау және пайдалануда бассейндік инспекцияның қызметін күшейту қажет. Себебі бүгінде бассейндік инспекция қызметкерлерінің жүктемесі жоғары болуына байланысты су қорын қорғауда бақылау әлсіреген. Жоғарыда аталған су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін «Қазақ Су шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының базасында су ресурстары мен су шаруашылығы проблемалары жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын ашу жоспарланып жатыр. Мақсат – Су ресурстары комитеті мен бассейндік инспекцияны нығайту», – деп пікір білдірген.

Сондай-ақ, өткен жылдың жазында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің штат санын көбейтуді ұсынып, су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту қажеттігін жеткізген.

«Комитет құрамында су ресурстарын есепке алуға, өңіраралық су бөлуге және су саласын перспективалық дамытуға жауапты құрылымдық бөлімшелер құрылады. Ол үшін Су ресурстары комитетінің штат санын тағы 21 орынға (39-дан 60-қа дейін) көбейту керек. Сонымен бірге, су ресурстарын пайдалану мен қорғауға тиісті бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін бассейндік инспекциялар штатын тағы 153 орынға (97-ден 250-ге дейін) ұлғайту қажет», – деді бұл тұрғыда министрлік өкілдері.

Ал, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екені айтылған болатын. Оған қоса, елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылғаны, ал Оңтүстік пен Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отырғаны мәлім болған.

Сонымен қатар, «Ғылым су ресурстарын басқару жүйесінен сыртта қалды» – деген Су ресурстары комитеті су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Су кодексінде бірқатар негізгі проблемаларды шешу жолдары ұсынылатынын айтты.

«Ең алдымен, су ресурстарын басқару қызметін мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі бар. Бұрын жүргізілген қайта құруларға байланысты су ресурстарын есепке алу, талдау, жағдайдың дамуын болжау, суды пайдалануды бақылау сияқты мәселелер басқару жүйесінен шығып, назарсыз қалған. Осылайша нақты есепке алу мен талдаудың болмауы экономика салаларының, халықтың қажеттіліктеріне және су ресурстарының тапшылығына суды тұтынудың дұрыс балансын құруға мүмкіндік бермейді», – деді ол Су кодексі жобасын қоғамдық талқылауда.

Ақпараттардан аңғарғанымыздай, қазіргі таңда біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлем алдағы жылдары болатын су тапшылығына дайындық жасап, қамданып жатыр. Себебі, бұл іс адамзат өмір сүріп отырған уақытта ешқашан маңыздылығын жоймайды. Тиісінше, біздің отандастарымыз да осыны ескеріп, келешекте елді дағдарыстан сақтайтын мамандар өсіп шығады деп сенеміз.