Home Қоғам ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР САРЫАҒАШТЫҚ ДИҚАНДАРДАН ЛИМОН МЕН БАНАН ӨСІРУДІ ҮЙРЕНУДЕ

ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР САРЫАҒАШТЫҚ ДИҚАНДАРДАН ЛИМОН МЕН БАНАН ӨСІРУДІ ҮЙРЕНУДЕ

Түркістан облысы республикада ауыл шаруашылығы саласы бойынша көш басында. Ал Сарыағаш –  жылыжай шаруашылығы бағыты бойынша үздік аудан. Осы орайда, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан кәсіпкерлері  жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Сарыағаш ауданына іссапармен арнайы барды. Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің кеңесшісі Бекзат Абубакиров бастаған, құрамында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев пен жергілікті кәсіпкерлер  сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кешендердің жұмысымен танысты. Алдымен, саурандықтар «Агротур» шаруа қожалығында болып, тәжірибе алмасты. Жалпы жер көлемі 15  гектарды құрайды, оның ішінде жылыжай көлемі – 4 гектар. 1 гектар аумаққа соңғы технологиямен жабдықталған көшетхана орналасқан.  Ол жылына 20-25 млн дана көшет өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар 2 гектар жылыжайда раушан гүлінің голландиялық сортын өсіріп отыр. 0,12 гектар тәжірибе алаңына айналған жылыжайда банан, папая, құлпынай өнімдері өсірілуде. Одан бөлек, аталған шаруашылық ашық алаңда құлпынай және басқа да көкөністер өсірумен айналысады.

Саурандық делегация «Жабай ата» шаруашылығын аралады. Мұнда 29 гектар жерде орналасқан жылыжай бар. Оның 7 гектар аумағына лимон өсірілуде. Қалған 22 гектар аумаққа құлпынай және көкөніс өсіріліп, еліміз бен жақын шет мемлекеттерге экспорталуда. Аталған шаруашылық жылына 3500 тоннадан астам өнім өндіреді. 

Сонымен қатар саурандық кәсіпкерлер «Абдураман» шаруа қожалығында болды. Құлпынай өсірумен айналысатын қожалықтың жер көлемі 33 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда жылыту жүйесінсіз құлпынай өсіру қолға алынған. Аталған шаруашылық жылына 500 тонна  құлпынай өндіруді жоспарлауда. Бұл жылыжайдың көлемі – 2,5 гектар. Жыл соңына дейін 10 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.

Айта кетейік, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін тұрақтандыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы мақсатта Сауран ауданы көлемінде өндірілетін өнім көлемін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Көктем мезгілінің келуімен шаруалар аудан аумағында егін егу науқанын бастады. Жергілікті шаруалар биыл жалпы көлемі 43 мың гектар жерге егін дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр. Оның ішінде, 3661 гектарға күздік бидай мен 304 гектарға жаздық бидай, 2944 гектарға дәндік жүргері, 2589 гектарға көкөністер, 650 гектарға майлы дақылдар, 510 гектарға картоп, 6522 гектарға бақша, 9600 гектарға мақта, 16220 гектар жерге малазықтық дақылдары егіледі деп көзделуде.

Бүгінде саурандық шаруалар көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сапалы өнім алу үшін жер жыртып, топырақ құнартуда. Өңдеп, баптау жұмыстарынан соң, егін себу жұмыстарына кіріседі. Онда картоп, мақта және жоңышқа өнімдерін өндірмек.

Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарына аталған жеміс туралы ақпаратты ұсынамыз.

Лимон суық тигенде таптырмас өнім екені бәрімізге мәлім. Иммунитетті нығайтудан басқа, сары жемістің үй тұрмысында да пайдасы көп екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Сонымен лимонның пайдасы қандай?

  • Металл ыдыстарды лимон қабығымен сүртіп, сумен жусаңыз, жарқырап шыға келеді.
  • Күріштің бір-біріне жабыспай, шашырап піскенін қаласаңыз, 1 ас қасық лимон сығындысын пайдалансаңыз жеткілікті.
  • Шәйнектің ішін қақтан тазартуда лимон таптырмас құрал. Лимонды қабығымен кесіп, үстінен су құйып, 10-15 мин қайнату керек.
  • 5 ас қасық лимон шырыны қосылған сумен әйнек пен айнаны сүртсеңіз,  барлық дақты кетіреді. Әрі үйдің ішіне жағымды иіс береді.
  • Лимон микротолқынды пешті тазалауға, сондай-ақ оның ішіндегі жаман иісті жоюға көмектеседі. Ол үшін су құйылған стақанға бірнеше қасық лимон сығындысын қосып, пештің ішінде қыздыру керек. Кейін құрылғының ішін шүберекпен сүртіп алған жөн.

Лимон – денсаулық үшін бағалы, құрамында көптеген пайдалы зат бар жеміс. Лимон дәруменге өте бай. С, Е, РР, В дәрумен тобы, калий, кальций, натрий, магний, бал, цинк, темір, фосфор, марганец, фтор, бор, молибден, хлор – осының бәрін лимоннан табуға болады.

Лимонның дәмі ащы болғандықтан, оның шырынын сығып алып, суға араластырып ішкен жөн. Лимон шырыны адамның жұмыс істеу қабілетін арттырып, жүйке жүйесін бірқалыпты ұстайды, тұмау тию мен ағзаға инфекция түсуден сақтайды. 

Күн сайын таңертең лимонның бір тілігін қайнаған суға салып ішсе, адамның ажары ашылады, оның үстіне бұл қоспа ағзадағы артық заттарды шығаруға көмектеседі. 

Авиценна лимон шырынымен жатырға қатысты әйелдер ауруын емдеген. Лимонмен тісті тазалау да халық арасында кең таралды. Лимон тілігін екіге бөліп, тіске жабыстырып салып қою керек. Тіс аппақ болып тазарады. Десе де бұл әдісті үнемі қайталауға болмайды, өйткені тістің эмалі бұзылуы мүмкін. 

Лимон шырынымен жөтелді де емдеуге болады. 10 минут лимонды жай отта қайнатып, шырынын сығып алып, ішу керек. 

Күн сайын 1 стақан лимон шырынын ішіп тұрсаңыз, көктемгі әлсіздік сізден айналып өтеді. Лимонның пайдасы мұнымен біткен жоқ. Оны шаш күтіміне пайдалануға болады. Ол үшін суға лимон қосып, сол қоспамен шашты шаю керек. 

Лимон бізге сонау Үндістан мен Қытай жерлерінен келген екен. Кезінде экзотикалық болған бұл жеміс қазірде елімізде орнығып, халқымыздың көңілінен шығып жатыр. Лимонның пайдасы мен зиянын біліп жүрейік.

Лимон – жыл бойы жасыл ағаштың жемісі. Оның құрамында пектин, эфир майлары, биофлавоноидтар бар. Лимон асқазандағы қорытуға көмектесетін заттардың бөлінуіне әсер етіп, ағзаға темір мен кальцийдің сіңіруін жеңілдететін энзимдарды бөледі. Өзі қышқыл болғанына қарамастан, ол асқазан суларының қышқылдығын төмендетеді. Әрине лимон құрамындағы С дәрумені жайлы айтпай қоймасқа болмайды. Ол жалпы иммунды жүйені жақсартып, түрлі ауруларға тосқауыл болады. Лимон ағзадан қажет емес кір-қоқыстарды шығаруға да көмектеседі. Мысалы ұзақ уақыт дәрі, антибиотик қабылдасаңыз, лимонның көмегімен бауырыңызды улы заттардан тазартсаңыз болады.

Лимон шырыны мен қабығы антисептикалық қасиетке ие. Онымен жараларды сүртіп, ерітіндісімен тамақ шайса болады. Лимон қан құрамындағы холестерин деңгейін төмендетіп, тәбетті ашады. Лимон құрамындағы Р дәрумені қан тамырларын беріктендіріп, қан қысымын көтереді. Әрине лимонның ең танымал қасиеті – жұқпалы тұмау ауруына төтеп бере алуы.

Лимон зиян емес пе?

Лимонның осыншама пайдасына қарамастан, ол да зиян болуы мүмкін. Тым көп мөлшерде қабылданған лимон ем емес, керісінше болуы мүмкін. Лимон қатты аллергия қоздырғышы болуы мүмкін. Лимонды тіс эмальдары нашар жандар сирек жегені дұрыс, лимон шырыны оны біржолата құртуы мүмкін. Тамағы қабынған, ісінгендер де лимон жемегендері жөн, лимон тамағыңызды ашытып, күйдіріп жібере алады. Гастрит, асқорыту жолдарының ауруына шалдыққандарға лимон жеуге мүлдем тыйым салынған.

Суық түскенде, лимон таптырмас өнім болып табылады: С дәрумені иммундық жүйені нығайта түседі, хош иісі жігерлендіреді, ал шай мен лимон қосылған бәліш әсерін күшейтеді.

Ашық сары жемістер алғаш рет XII ғасырда айтылған және Үндістан, Қытай және Тынық мұхиты тропикалық аралдарынан шыққан. Бүгінгі таңда лимон субтропикалық климаты бар елдерде кеңінен өсіріледі – жыл сайын әлемде 14 миллион тонна лимон жиналады екен. Көптеген жемістер сияқты лимон көктемде гүлдеп, күзде жеміс береді. 

Лимонның пайдасы

100 г лимонның құрамында 29 калория бар. Егер сіз лимонды қантпен бірге тұтынсаңыз, онда калория мөлшері 209 калорияға дейін көтеріледі. Егер сіз лимон, зімбір және бал қосылған су немесе шай ішсеңіз, онда әр стақан сіздің рационыңызға 60 калория қосады екен.

Лимон жұмсағы лимон және алма сияқты органикалық қышқылдары, пектин заттары, қант (3,5% дейін), каротин, фитонцидтерге бай. Лимонның құрамында келесідей дәрумендер бар: тиамин (В1 дәрумені), рибофлавин (B2), аскорбин қышқылы (С дәрумені), рутин (витамин Р), сонымен қатар флавоноидтар, кумарин туындылары (антикоагулянт ретінде қолданылады), гесперидин (қан тамырларының қабырғаларын нығайтуға көмектеседі), эриоцитрин және эридиктиол (артық майдың жиналуын азайтуға көмектеседі). Тұқымының құрамында май және ащы зат лимонин болады. Бір қызығы, лимон жапырақтарында да С дәрумені, ал қабығында цитронин гликозиді болады екен.

Лимонның хош иісі өсімдіктің әр түрлі бөліктерінде кездесетін (лимонды) эфир майына және терпеннің хош иісті молекулалары, α-лимонен (90% -ға дейін), цитральға байланысты. Аромотерапияда лимон майы бас ауруы, мазасыздық, жаман көңіл-күй, депрессияға қарсы қолданылады.

Лимонның жүрек денсаулығы үшін (инфаркт қаупін азайтады), холестеринді төмендету, қаназдықпен күресу (С дәрумені өсімдіктерден темірдің сіңірілуіне жақсы ықпал етеді) сияқты пайдасы ғылыми дәлелденген. Лимондар бүйрек тастарымен күресуге көмектеседі екен, ол үшін күніне жарты стақан лимон шырынын ішу қажет. Лимонның эфир майы және ақ бөліктерінде болатын заттардың жоғары концентрациясы жануарларға жасалған зерттеулерде ісікке қарсы әсері бар екендігі анықталған.

Ал лимонның салмақ жоғалтуға тигізетін пайдасы асыра сілтеушілік екен. Лимон құрамындағы пектин сізге қаныққандықты сезінуге көмектеседі, бірақ ол әдетте жеуге болмайтын ақ бөлігінде болады. Сондай-ақ, қабығында болатын полифенолдар салмақ жинауды азайтуға әсер етеді. Алайда бұл зерттеу тышқандарға ғана жүргізілген.