Home Қоғам ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КООПЕРАТИВ ТӘУЛІГІНЕ 2 ТОННА СҮТ ӨНІМІН ӨНДІРЕДІ

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КООПЕРАТИВ ТӘУЛІГІНЕ 2 ТОННА СҮТ ӨНІМІН ӨНДІРЕДІ

Қазіргі таңда Қазақстанда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы нақты серпіліс жасау керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Осы ретте Түркістан облысы, Сауран ауданында ірі қара мал басы артып келеді. Бұл «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиянақты жүзеге асуының нәтижесі. Сондай-ақ, аймақта сүт өнімдерінің қатарын көбейту қолға алынған. Осы бағытта саурандық шаруаларға «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша қаржы беріліп келеді.

Солардың бірі – Қарашық ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Дилроба Изетова. Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматша 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несиеге 10 бас ірі қара малға 5,5 млн. теңге көлемінде қаражат алған. Бүгінде ол шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Қожалық сүт өнімдерін Қарашық ауылдық округінде орналасқан «Картекс Агро» АШӨК мекемесіне өткізеді. Аталмыш кооператив күніне 20 тонна сүт қабылдап, қайта өңдеуге қауқарлы. Әзірге 2 тонна сүт қабылдап жатқан кәсіпорын бүгінде қаймақ, ірімшік, құрт, айран, сүзбе және сүт өндіреді. Алдағы уақытта сүт өндірісінің көлемін арттырмақ ниетте. 

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел­ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Осы орайда сүт өнімі жайлы аз-кем ақпараттармен бөлісіп отырмыз.

Ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі ақ екені бәрімізге белгілі. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібесі деп білген. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқан молшылығын жасаған. Сүт тағамдарынан қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қатық, айран, уыз, май, сүзбе тағы басқаларын күнделікті пайдаланамыз. Бұлардың барлығының да адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Адам денсаулығына үлкен пайда әкелетін сүт өндірісі жайлы ақпараттар ұсынып отырмыз. Сүт – басқа ешқандай азық- түлік тең келмейтін аса бағалы тағамдық өнім. Өйткені организмге оның құрамды бөлігінің 95-98 пайызы сіңеді. Сондай- ақ сүт амин қышқылдарының, макро және микроэлементтерінің, витаминдерінің таптырмайтын көзі. Сүт және оның өнімдерінің құрамында жеңіл сіңетін құраушылар бар. Олар бізге кальцийді, дәрумендерді (A, B2, B1, E, D, C), сондай-ақ көптеген басқа қоректік құндылықтарды жеткізеді.

Сүттің жоғары коректік қасиеттерін келесі деректерге қарап білуге болады: бір литр сүт құрамындағы белок мөлшері – 150 г., ол сиыр еті, немесе тауықтың 5 жұмыртқасы, немесе 1 кг. нан құрамындағы белоққа тең. Сүттің жарты литрі адамның амин қышқылдарына деген тәуліктік қажеттілігін қанағаттандырады, ал сүттің бір литрі адамның май, кальций, фосфор, рибофлавинге қажеттілігін толық, белоққа қажеттілігін жартылай, ал аскорбин қышқылы, ретинол, тиаминге қажеттілігінің1/3 бөлігін қамтамасыз етеді екен. Сүттің тағы бір қасиеті – түрлі азық- түлікпен керемет үндесіп, адам тағамының биологиялық құндылығын көтереді. Өйткені сүт организмге түсетін қоректік заттардың көлемін арттырып қана қоймайды, сонымен бірге май, белок, көмірсу, минералды тұздар, тағы басқалармен бірлесе, үндесе отырып, осы коректік заттардың организмге сіңімділігін жақсартады.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Д.Темиров сүт өнімдерін өндіру саласындағы мал басын көбейту бойынша “Ауыл аманаты” бағдарламасының қаржысынс 8 сауын сиыр алған. Алдағы уақытта, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлауда.

Бұдан бөлек шаруа сүттен құрт, сары май өнімдерін өндіріп, жергілікті нарықта саудалауда. Кәсіпкер тәулігіне 60-80 литр сүт алуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады.

Сүт – мал баққан қазақ жанұясының негізгі тағамы. Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. Қай түліктің болса да соңғы иіндісі, соның ішінде қойдың жебе сауған сүті қою, әрі майлы, жұғымдылығы да жақсы келеді. Мұны қазақ шаруалары ғасырлар бойғы бай тәжірибелерінен жақсы біледі.

Көк сүт – қаймағы алынған нәрі аз сүт. Қатырылған сүт- мұздатып ұзақ сақтайтын сүт. Майлы сүт -қаймақтан сары май айырғанда іркіліп шығатын қышқыл сут. Оны кейде сол күйі сусын ретінде ішкен, кейде қайнатып ақірімшік жасаған. Шайқалған майды шынылау үшін суық суға салып сығымдаған, одан қалған сүтті май сүтінің шалабы деп, кей жерлерде май шалап деп атаған.

Қатық – көбінесе қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытқан аса қою айран.

Сүзбе – жақсы ұйыған қатықты қапқа салып асып қойып, сорғытып сүзеді.

Айран – қой, сиыр сүтінен әзірленеді. Қатыққа қарағанда сұйық болады. Айран- шөл басуға таптырмайтын сусын.

Айран мен қатықты қазақ халқы сүт, су қосып, сұйылтып та ішеді. Сүт қосылғанын қойыртпақ, су қосылғанын шалап деп атайды. Ұйытылған айран – әрі тамақ, әрі сусын, әрі адам денсаулығына пайдалы. Мысалы, гипертонияға шалдыққандар күніне 2 рет тамақ ішкеннен кейін жарты сағат өткенде 1 кесе айранды асықпай, баптап ішетін болса, бірнеше күннен кейін қан қысымы төмендеп, өзін жақсы сезінетін болады. Сондай-ақ ұйқы қашқанда жатар алдында 1-1,5 кесе жылы айран ішсе, оның жақсы ұйықтап шығуға әсері мол. Тағы бір жайт, айранның гастрит ауруына да пайдалы екендігі, әсіресе асқазан қышқылының аз болғандығынан пайда болған гастритте.