Home Қоғам ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРАТЫН АУҚЫМДЫ ЖОБА

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» – ӘЛ-АУҚАТТЫ АРТТЫРАТЫН АУҚЫМДЫ ЖОБА

Бүгінгі таңда еліміздің бірнеше өңірінде, оның ішінде Түркістан өңірінде қарқынды түрде іске асырылып жатқан ауқымды бағдарлама – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жобаны Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді деп іске қосқан болатын. Сондықтан оны Түркістан облысының тұрғындары да білгені абзал.

Жалпы, әдепкіде бұл жобаны іске асыруға 2023 жылы республикалық бюджеттен 52,4 млрд. теңге бөлініп, 11 мыңнан астам шағын несие беріледі деп көзделген. Бұл ретте әкімдіктер қаражатқа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерде скрининг жүргізген. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы жанынан азаматтар мен әкімдерді әдіснамалық сүйемелдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін жобалық кеңселер де ашылған болатын. Жоба талаптарына сәйкес, шағын несие беру мерзімі 5 жылды құраса, мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін 7 жылдық кезең көзделген. Максималды сома – 2,5-8 мың АЕК аралығында болса, номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылына 2,5 пайыздан аспайды.

Бағдарлама ережелеріне сәйкес, бұл несиені ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған қысқартылатын жұмыскерлер; ЖК ретінде тіркеусіз тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар (оның ішінде әрекетсіз ЖК); отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар; ЖК-да өнім өндіретін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сату немесе айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықтың мүшелері; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады деп хабарланған.

– Бұл біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% – ға төмендеді. AMANAT партиясы мен үкіметтің міндеті – “Ауыл аманаты” жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды, – деген жоба жайлы айтқан «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын тілге тиек еткен болатын. Тиісінше, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн. теңге бөлу көзделген. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Ерлан Қошановтың ізін ала Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталатынын айтты.

– Іс-шаралар кешенінің бірінші бағыты – «Өнім өндіру көлемін ұлғайту». Бұл бағыт өндірушілер арасында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей сатып алудан форвардтық шарттар жасасуға көшу жолымен тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі шараларды қамтиды. Сондай-ақ, биыл 17 мың жеңілдетілген шағын несие беруге, 18 мың жұмыс орнын құруға бағытталған ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталады, – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, ел аумағында жаңа сүт-тауарлы фермаларды ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту үшін 24 жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландырып, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі қолданылатынын жеткізген. Оның айтуынша, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс материалдарын, жеңіл, химия және фармацевтика өнеркәсібі тауарларын өндіру бойынша импортты алмастыратын жобаларды іске асыру қарқын алады. Одан бөлек, 2023 жылы 19 құс етін өндіру жобасы және 17 ет өнімдерін өңдеу жобасын іске асыру жұмыстары басталады. Осылайша, бұл бастамалар 249 мың тонна құс етін және 32 мың тонна ет өнімдерін өндіруге мүмкіндік беретіні мәлім болған.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасын Түркістан облысында іске асыру жайлы сөз қозғалғанда бағдарламаға 16 аудандағы 32 ауылдық округ тұрғындары қатыса алады делінген еді. Өз кезегінде, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының ауылшаруашылық кешені бойынша орынбасары Нұрбол Рысбеков өңірдегі 2750 адамның несие алуға мүмкіндігі бар екенін мәлім еткен.

– Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне өтінім берілді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім беруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын» – деген ол өз сөзінде.

Оған қоса, жобадағы шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керектігін және міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт екенін, сонымен бірге, егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың мүлігі жарамды болатынын хабарлаған.

Ал, экс-ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса, Үкімет отырысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 100 млрд. теңге жұмсалатынын мәлімдеді.

– «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасын іске асыру басталады. Биылға 100 млрд. теңге қарастырылған. Бұл ауыл халқына 2,5 пайызбен 17 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Шағын несиелеуден басқа агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін кеңейту жоспарланып отыр. Осы бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджет қаражатынан 100 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит бөлінді. Оның есебінен жылдық 2,5 пайызбен тауарлық-сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады, – деген ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, келешекте құс етін мен балық өндіру, қарқынды суару, сақтау қуаттылықтарын енгізу бойынша инвестициялық жобалар пулын арттыру жоспарланғанын жеткізген. Ол айтқан ақпаратқа сүйенсек, 2024-2025 жылдарға арналған қаржыландыруға қосымша қажеттілік 300 млрд. теңгені құрапты. Тиісінше, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортты алмастыру мәселесі 2026 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы сомасы 2,8 трлн теңгені құрайтын 900 инвестициялық жобаларды іске асыру жолымен кешенді түрде шешілмек.

Сондай-ақ, Премьер-Министр «Amanat» партиясының атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында «Ауыл аманаты» жобасына жеті жылда 1 трлн. теңге бөлінетінін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінде құны 536 млрд. теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба іске асырылып жатыр екен. Ал, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие беру көлемі биыл 140 млрд. теңгеге дейін көбейтілген. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беру көлемі 145 млрд. теңгеге жетсе, егіс жұмыстарына жеңілдетілген бағамен 419 мың тонна, егін жинауға қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Оған қоса, Премьер-Министр биыл мемлекет меншігіне қосымша 5 млн. гектар ауылшаруашылық жерлері қайтарылатынын айтқан.

– Ауылдық аумақтардағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарын жаңғыртуға баса назар аударылып отыр. Ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Соның шеңберінде микрокредит беру және кооперацияны кеңейту көзделіп отыр. Биыл 100 млрд теңге бөлінді. Жоба 7 жыл ішінде 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтиды. Оған жалпы 1 трлн. теңге қарастырылады, – деген Әлихан Смайылов өз сөзінде.

Осы орайда «Шағын несие кімдерге беріледі?» деген сауалға да жауап беріп кетейік. Бұл туралы «Елімізде шаруаларды қолдауға арналған қандай қаржы бағдарламалары бар?» деген сұраққа жауап берген экс-ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтып берген болатын.

– Биыл ауыл шарушылығын қолдауға бөлінген 450 млрд. теңгеден бөлек, қосымша ірі жобаларды қолдауға бағытталып 100 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 65 сүт фермасын құру бар. Қолдау аясында фермерлердің 2,5% кредитті 10 жылға алу мүмкіндігі бар. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» атты шағын несие бағдарламасы іске қосылған. Оған да 100 млрд теңге бөлінді. Мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, – деген ол өз сөзінде.

Сөйтіп, ауыл шаруашылығы – экономиканың локомотиві екінін айтқан экс-вице-министр: «ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы өндірушілер мен шаруалардың заман сұранысына бейімделіп, оған сай жұмыс істей алуына байланысты. Ол дегеніміз – цифрландыру, заманауи технологияға көшу және трансформация. Біздің министрлік бизнес ортамен бірлесіп жұмыс істегісі келеді. Сол сияқты отандық ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекелестігін арттыру бағытында бірлесіп әрекет етуге дайынбыз», – деген.

Жалпы, «Ауыл аманаты» – ауылдарды сақтап, ондағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Тіпті, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына да ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары екен. Бұрын-соңды іске асырылмаған бұл тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту болып саналады. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігері, табыс табуға деген қызығушылығы арта түспек.

Аталған жобаның шартына қысқаша тоқталсақ: несие ірі қара малдың аналығына бес бастан, қой аналығына он бастан және биелерге бес бастан бастап беріледі. Азаматтар несие түріне қол жеткізу үшін: біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді; екінші қадам –  жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды; үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.