Home Қоғам ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен ақпараттық-насихаттық топтың кезекті жиыны өтті.

Жиынға Түркістан қаласы тұрғындары жиналып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша мемлекеттік қолдаулардың тиімділігі туралы, сондай-ақ өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде сауалдарын қойып, өз ойларын ортаға салды.

Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б. Құрбан қатысты. Кездесуде белгілі болғандай, елімізде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» Ұлттық жоба қабылданып, осы құжат шеңберінде саланы өркендету бағытында тындырымды тірліктер атқарылып келеді. Ұлттық жобаның мақсаты – еңбек өнімділігін екі есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту, ішкі нарықты әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамту арқылы агроөнеркәсіптік кешенін құру болып табылады.

«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасына сәйкес, 2023 жылғы 11 индикатор бекітілген. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек етіп отырған шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, өнім экспорты мен қайта өңделген тауарлардың саудасын күшейту, мал экспортын ұлғайту, алма бауы, тауық еті мен жұмыртқа өндірісін қолға алу секілді көрсеткіштер бар.

Осы тұста Түркістан бір қа­ра­ғанда қала болып көрінгенімен, оның да азық-түлік қауіпсіздігіне қосар әжептеуір үлесі бар екенін ұмытпау керек. Өйткені шаһар айналасындағы елді мекендерде халық әлі де егін салып, мал ұс­тай­ды. Сонымен бірге көптеген кәсіпорын ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін қайта өңдеп, қала эко­номикасының дамуына атсалысып жатыр. Сондықтан агро­өнер­кәсіпті кешенді өркендету саласында облыс орталығының жинақтаған біраз тәжірибесі бар деп ауыз толтырып айтуға болады.

Азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі – тұрақтандыру қоры. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендерді салу, олардың санын 50-ге жеткізу бағытында жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні бұрыннан жұмыс атқарып келген көлемі 24 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкенге қосымша жаңадан әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын 17 жаңа әлеуметтік дүкен салынып, жалпы саны 30-ға жетті. Оның 9-ын «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін кәсіпкерлер өз қаражаттарымен салды. Аталған әлеуметтік дүкендер Түркістан қаласының көпқабатты үйлер орналасқан шағынаудандарында, осал топтағы отбасылар шоғырланған аумақтарға орналасқан. Мұнда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 20-30 пайыз төмен бағада халыққа сатылуда. Тазартылған күріштің келісі 350 теңгеге, рожки (өлшеніп салынатын) келісі 300 теңгеге, қарақұмық жармасының келісі (дән, өлшеніп салынатын) 320 теңгеге, тауық етінің келісі 900 теңгеге, тауық жұмыртқасы (I санатты) 35 теңгеге, күнбағыс майының литрі 680 теңгеге, қант-шекер келісі 395 теңгеге, 1 сұрыпты бидай ұнының келісі 190 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ пастерленген сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ас тұзы, сиыр еті нарық бағасынан төмен сатылуда. Жыл соңына дейін қалған 20 әлеуметтік дүкен құрылысы салынып, жалпы дүкен санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған. Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді.

Президенттің жергілікті әкім­діктерге тапсырған басты мін­дет­­тердің қатарына инвестиция тар­ту мәселесі кіретіні белгілі. Осы ретте мемлекет тарапынан ин­вес­торларға бірнеше қолдау қа­растырылған. Атап айтқанда, егер кәсіпкер жобаны іске асы­руға екінші деңгейлі банктен қа­ра­жат жұмсаса, пайыздық суб­си­диялау бағдарламасы бойын­ша алын­ған несиенің 10 пайызға жуық мөлшерлемесі мемлекет ар­қылы өтеледі. Екіншіден, ин­вес­тициялық субсидиялау бағдар­ла­масына сәйкес көкөніс сақтау қой­­маларын немесе қайта өңдеу кә­­сіп­орындарын салған жағдайда кет­кен шығынның 25-50 пайызға дейінгі мөлшері мемлекет есебінен кәсіпкерге қайта қайтарылады. Сондай-ақ сатып алынған мал­дың басына, тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия төленеді.

Аталған жоба туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін мәлім еткен болатын. Ол үлкен күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды қажет ететін нақты, тораптық міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған. Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының сарапшылары, салалық одақтардың, қауымдастықтардың, ғылымның өкілдері тартылды. Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдау іс-шараларын іске асыру, тұқымдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ тұқым өсіру шаруашылықтарын қазіргі заманғы техникамен және жабдықтармен техникалық жарақтандыру есебінен дамыту жоспарланып отыр. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру мақсатында өнеркәсіптік өндірістің органикалық тыңайтқыштарын субсидиялау және агрохимиялық қызметтің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының қызметі мен материалдық-техникалық базасын жетілдіру көзделген. Осы іс-шаралардың қабылдануы жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану үлесін қажеттіліктің 93 пайызынан 98 пайызына дейін, минералды тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 20 пайыздан 29 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде дәнді дақылдардың өнімділігі 10-15 пайызға артады. Техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық субсидиялау жалғасады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің бағдарламалары кеңейтіледі. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4 пайыздан 6 пайызға дейін ұлғайтылады. Су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, су беруді субсидиялау тетігін жетілдіру жөнінде іс-шаралар қолға алынады. Қазақстанда демонстрациялық фермалар желісін құру және қуаты жылына 1 000 қондырғыға дейінгі қазіргі заманғы суару жүйелерін шығаратын зауыт салу жобасы іске асырылады. Бұл су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңдарды 450 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылады. Ол үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100 пайыз жүктемемен қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстық деңгейде құзыреттілікті дамыту орталықтары және аудандық деңгейде ауылдық ақпараттық-консультациялық орталықтарды жаңғырту есебінен, сондай-ақ фермерлердің біліктілігін қашықтықтан арттырудың қазіргі заманғы нысандарын енгізу арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін білім тарату жүйесімен ауқымды қамту жолымен білім тарату жүйесі жетілдіріледі. Аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады. Салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін министрліктің Ахуалдық-талдамалық орталығы құрылып, жұмыс істейді. Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау іс-шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100 пайызды, ал қант бойынша 80 пайыздыды құрайды.