Home Қоғам ШЫҰ ҮЛКЕН САЯСИ КЕҢІСТІККЕ ИЕ

ШЫҰ ҮЛКЕН САЯСИ КЕҢІСТІККЕ ИЕ

Елорда мерекесі қарсаңында әлем назары қазақтың бас қаласына тағы да ауды. Еуропа мен Азия кеңістігіндегі диалог философиясын бедерлейтін Астана, өзара тиімді әріптестікке, жұмыла атқаратын әрекеттестікке жетелейтін алаң ретінде тағы да назарға ілікті. Астана әлем мойындаған геосаяси мінбер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл барша қазақстандықтар марқаятын жетістік деп пайымдаймын.

Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кешегі өткен саммиті – Қазақстанның сыртқы саясатындағы өзгеше қырын, қазақ дипломатиясының конструктивті беделін ашып көрсетті. Шынын айтқанда, Қазақстан екі алпауыт елмен шекаралас болғандықтан, өзара ынтымақтастықта еліміздің даму үрдісінде тұрақты мәміле жасап қатар өмір сүруі аса маңызды. Алып мемлекеттің мүмкіндіктері де ауқымды екенін ескерсек, ортақ геосаяси кеңістікте орналасқан мемлекеттердің ортақ мақсат аясына бірігуі, жан-жақты қамтитын ынтымақтастығының артуы – заманның заңғар талабы.

Қазақстан мен Қытайдың өзара толық келісімде болуының нәтижесінде осынау Еуразия кеңістігінде баяғының Ұлы Жібек жолы жаңа мазмұнда қайта жаңғырғанын көреміз. Ғасыр жобасына баланған жолдың игілігін бүгінде бүкіл қазақстандықтар көріп отыр. Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның құс ұшса қанаты талатын жазық даласын кесіп өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізі экономикамызға тұтастай оң ықпалын тигізді деп нақты айта аламыз. Заманауи автодәліздің бір бөлігі еліміздің оңтүстік шекарасы саналатын Түркістан облысын да қамтитынын ерекше атап өтуіміз керек.

Қазір көрші елдер технологиялық инвестицияны арттыру, оның ішінде цифрлы кеңістікті құру бағыттарында бірлескен кәсіпорындарды ашу бастамасын іске асыруда. Заманауи өндіріс орындарының желісін түзуде, терең өңдеу өнеркәсібін жасақтауда, машина жасау кәсіпорындарын ашуда, цифрлы технологияларға негізделген «ақылды» өнімдер  шығаруда қытайлық инвестицияның үлесі артып келеді. Білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюда көптеген қазақстандық университеттердің базасында Қытайдың іргелі жоғары оқу орындарының филиалдарын құру бастамасы қолға алынды. Талантты, талабы мықты көптеген жастарымыз Қытайдағы әлемнің үздік рейтингтеріне кіретін университеттерде білім алып, Қазақстанның экономикасына қажетті майталман мамандар шоғырын қалыптастырып келеді.

Қоршаған ортаның экожүйесін сақтау, су тапшылығын еңсеру бағыттарында қос мемлекет бірлескен іс-қимылдар жүргізуге бет бұрды. Бұл бағытта экологиялық таза өнімдер шығаруға бағдарланған тамақ өнеркәсібін қалыптастыру, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған технологиялар өндірісін жолға қою, оның ішінде су үнемдеу технологияларын шығару өріс алып келеді. Қысқаша айтқанда, Қытаймен технологиялық тұрғыдағы трансферт жемісті нәтижесін беріп отыр деп бағамдауға болады.

Кәсіби диломат, тәжірибелі саясаткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жетекшілігіндегі Қазақстан Республикасы, жаһандық саясатта, өзара тиімді шешімдерді мақсат тұтатын, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі қауіп-қатерлерді еңсеруге жаңашыл қадаммен келетін, ұлттық мүдделер ортақтығы мен тұтастығына негізделетін диалогтық тетіктерді құратын, ымырашылдық пен теңқұқылық ұстанымын білдіретін дамудың жаңа архитектурасын құратын маңызды саяси алаң боп алға шықты.

Қазақстанның жан-жақты тең қамтитын сыртқы саясатының интеграциялық әлеуетінің жоғары екенін – әлемдегі нөмірі бірінші экономикаға айналған, жаһандық геосаяси кеңістікте маңызды орны бар алып мемлекет – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзинпиньнің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары дәлел бола алады. Қытай елі көшбасшысының елімізге жасаған жоғары деңгейдегі сапары үш күнге жалғасып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық рәуіштің, сенімді серіктестік байланыстардың, ымырашыл ынтымақтастықтың айшықты екенін көрсетті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммиті ұйымның тарихында жаңа кезеңнің басталғанын айғақтады. Ұйымға мүше елдердің қатары Беларусь Республикасымен толықты. Бұған дейін бақылаушы мәртебесінде болған Беларусь, Шанхай ынтымақтасық ұйымының толық мүшесі болып, саяси ұйымның географиялық және саяси-экономикалық ауқымын кеңейте түсті.

Айта кетуіміз керек, Шанхай ынтымақтастық ұйымы дәл қазіргі уақытта үлкен саяси кеңістікке ие болды. Қазақстанның бастамасымен құрылған бұл ұйым жер жүзі бойынша беделді саяси қауымдастыққа айналып, кең тыныс алды, беделдің биігіне шықты, ықпалы артты. Дәл қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жауапкершілік аумағы  кеңейді.Қазақстан осы мәртебелі ұйымға төрағалық етуінің басты басымдығы ретінде әлемдік тажалға айналған есірткі бизнесіне тосқауыл қою шараларының күшейтілуін қолға алды. Нәтижесінде, шекара талғамайтын, мемлекеттер және құрлықтармен шектеліп қалмайтын есірткі бизнесімен табанды күрес жүргізудің арнайы стратегиясы қабылданып, оны іске асыруға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер күш біріктірді. Әлемнің тең жартысын алып жатқан кеңістіктің экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету, экономикалық ынтымақтастықтың жаңа әдістері мен тың тәсілдерін ұстанудың стратегиясы түзіліп, басшылыққа алынды. Қоршаған ортаны қорғауға, экожүйені сақтауға бағытталған келісімнің қабылдануына қол жеткізілді. Энергетикалық қауіпсіздікті сақтау басымдықтары белгіленіп, энергетикалық ынтымақтастықты арттырудың стратегиясы қабылданды. Қазақстанның төрағалығымен осы санаттағы әлемдік маңызға ие өзекті тақырыптар шеңберінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 60-тан астам бірлескен саяси құжаттар қабылданып, түрлі көзқарасы бар мемлекеттерді ортақ келісім аясына біріктірді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының мінберінен өңірлік кеңістікпен қатар, жаһандық ауқымдағы мәселелерге орнықты көзқарас қалыптастыратын, прагматикалық ұстанымға жетелейтін 4 негізгі бағытты атап өтті. Оның ішінде Қазақстан тарапы ұсынған   қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық пен өзара келісім, әлемде орын алып жатқан бүгінгідей күрделі геосаяси ахуалда, жаһандық және өңірлік деңгейлердегі проблемаларды реттеуге, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін арттыруға, мүдделерінің қорғалуына жәрдем береді.  

Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту міндеті ШЫҰ мүше мемлекеттердің ішкі әлеуетін ортақ арнаға тоғыстырып, экономиканың түрлі сегменттерінде ынтымақтастықтың жаңа жолдарын түзетін болады. Ұйымға мүше мемлекеттердің транспорттық байланысын нығайту – транзиттік дәліздердің әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа көлік маршруттарының құрылуына мүкіндік бермек. Тиімді көлік дәліздері сенімді жеткізу тізбектерінің түзілуін алға шығармақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымын жаңғырту мен реформалау – халықаралық маңызды мәселелерді стратегиялық тұрғыда бағалай білуге, ұжымдық құрылымның әлемдегі өзекті мәселелерге ортақ көзқарасын қалыптастыруға, оларды шешуде әмбебап тәсілдердің қабылдануына ықпал етеді.

Астанада өткен саммит барысында ұйымға мүше мемлекеттердің саяси партиялары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару мәселесі де қозғалды. Бұл жөнінде ой өрбіткен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саяси партиялары форумын өткізуді ұсынды. Бұл бастама өзара сенімді серіктес болып отырған елдердің ынтымақтастық байланыстарын кеңейтіп, саяси ықпалдастықтың жаңа арналарының ашылуына себепші болмақ. Осы міндет аясында ҚХР көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Әлемдік маңызға ие жиын аясында қабылданған бұл құжат, «AMANAT» партиясының, Қазақстандағы бірден-бір саяси ұйым ретінде, халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді деп білемін. Жоғары деңгейде қабылданған бұл құжат, сондай-ақ партиямыздың  мемлекетаралық деңгейде стратегиялық партияаралық серіктестікті кеңейтуге, көпвекторлы ұстанымды ілгерілетуге толыққанды дайын екенін және оны іске асыруға мүмкіндіктері мол екенін көрсетеді деген сенімдемін. Партиялық қызметті күннің өзекті мәселелерімен ұштастыра білетін саяси көшбасшылардың жаңа толқынын қалыптастыруда, олардың іс-тәжірибелерін шыңдауда партияаралық ықпалдастық оң нәтижесін береді деп білеміз.

«AMANAT» партиясының халықаралық беделін қалыптасуы бұл саяси ұйымның салмағын одан әрі арттыра түсетіні даусыз. Осы ауқымда партиямыз мемлекет пен ұлттың мүддесін қорғаумен қатар, жаһандық және өңірлік  күн тәртіпті белгілейтін тақырыптарда өзіндік ұстанымын ілгерілетуге мүмкіндік алады деген сенімдеміз.  

Ежелден көршілес отырған елдердің саяси партиялары арасындағы белсенді ынтымақтастық, қазіргі ғаламдық сын-қатерлерге лайықты жауап беруге, ішкі саяси тұрақтылықты қамтумен қатар, өңірлік және ғаламдық қауіпсіздік пен ынтымақтастық жүйесін орнықтыруға жұмыс жүргізеді деген ойдамыз.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,       

                                    «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы

                                    төрағасының уақытша міндетін атқарушы,

                                   Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.