Бүгінде «Праймериз» термині бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамда жиі айтылуда. Оған себеп – елімізде партияішілік іріктеу басталды.
Сонымен, Праймериз – партия белсенділерін ашық таңдау тәсілі арқылы партия атынан басты аламанға түсетін көшбасшыларды анықтау болып табылады.
Праймериз АҚШ-тың, Еуропаның бірқатар елдерінің тәжірибесінде өзін-өзі дәлелдеген ең тиімді тәсіл болып табылады. Бұл тәсілді елімізде жүзеге асыру – саяси реформаның тағы бір жарқын қадамы ретінде, білікті депутат таңдаудың таптырмас әдісі десек те болады.
Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда жергілікті жердегі проблемаларды жақсы білетін, қоғам танитын көшбасшыларды бәсекелестік негізде іріктеу. Бұл, бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен ниеттес, өзекті мәселелерді сөйлейтін үзеңгілес азаматтарды партия қатарына тартудың бірден-бір құралы.
Демек, Партия алда келе жатқан Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауға түскісі келетін азаматтарды осы праймериз арқылы іріктейтін болады.
Сондай-ақ, праймериз ашықтық пен жариялылық қағидаларына негізделген. Бұл дегеніміз, сайлау науқаны басталғанда әр үміткер ел арасына шығып, экономиканы өркендетуге, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, тұрғындардың таңдау жасауына жол ашады. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі.
Мұндай іріктеу мемлекетіміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламентті, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпіліс әкелетін шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға толық мүмкіндік туғызбақ.
Қорыта айтқанда, Праймериз азаматтық қоғамның қалыптасуына, саяси ұйымдар мен халықтың жақындай түсіне ықпал етеді. Партиялардың қарқынды жұмысы елдің дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына жүйелі өзгеріс енгізбек.
Ең бастысы, әділ, ашық талқылаулар арқылы жергілікті азаматтардың ой-пікірін, күш-жігерін, ұсыныстарын ескере отырып, қордаланған мәселелердің түйіні шешілетін болады.
Қазіргі таңда, елімізде праймеризді өткізудің кезеңдері де белгіленіп, сәйкесінше тиісті жұмыстар басталып кетті.
Нақтырақ айтқанда, Праймеризді өткізу кезеңі 4 сатыдан тұрады:
1) кандидаттарды ұсыну және тіркеу;
2) үгіт жұмысы;
3) дауыс беру;
4) тізімдерді дайындау;
Кандидаттардың праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте, сайлау құқығы бар, Праймериз ережесіндегі талаптарға сай келетін азамат кандидат ретінде тіркеле алады.
Кандидаттарды ұсыну және тіркеу аяқталғаннан соң кандидаттардың үгіт жұмыстары, оның ішінде жария пікірсайыстар өткізіледі.
Бұл кезеңде кандидаттардың тұрғындармен кері байланыс орнату арқылы жұртшылықтың пікірін ескере отырып, өз бастамалары мен бағдарламаларын талқылау мүмкіндігі көзделген. Пікірталас – үміт¬керлер үшін өз бағдарламасының негізгі ережелерін таныстыруға жасалып отырған үлкен мүмкіндік.
Үгіт жұмыстарынан соң, дауыс беру кезеңі өтеді. Яғни, жергілікті тұрғындар кандидаттарға дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасайды.
Ал, праймериз нәтижесінде қай кандидат көп дауыс алады, сол аудандық, қалалық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутаттыққа сайлану үшін Партияның тізіміне енгізіледі. Әрине, бұл іріктеудің сыртында, үміткерлер әңгімелесу, тест тапсыру, бюрода қарау сынды талаптардан да өтуі тиіс.
Олай болса, еліміздің ертеңгі жетістігі – бүгінгі лайықты таңдаудың жемісі екендігін әрбір азамат жадында ұстағаны абзал.