“Жеті айлық болып туылған екем. Әкем Қарсыбай соғысқа атттанып бара жатқанда маңдайымнан иіскеп “Өліп кетсем, шырағым сөнбейді. Өлмесем, қайтып келіп түтінімді түтетемін” деген екен”. Бүгінде 80-ді еңсерген Қарсыбайқызы Нағима осылай әкесі туралы тек естеліктерді сақтап, соларды көңіліне медет тұтып өскен перзент.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков батырдың сөнбеген шырағы, жалғыз тұяғы Нағима апаның шаңырағына ат басын бұрып, мерекемен құттықтады. “Асылдың сынығы, тектінің тұяғысыз. Тағдырыңыз өзге елдің тұтқасын ұстап, отын жағуды бұйырғанымен, Сіздің 12 перзентіңіздің бойында қазақтың қайсарлығын тарих бетіне өшпестей таңбалаған Қарсыбай Спатаевтың қаны бар екені ақиқат. Сіздер барда батырлық та, адалдық та өлмейді, аман болыңыз” деп, ізгі ниетін әдемі тілекпен жеткізді.
. P.S. Қарсыбай Спатаевтың 100 жылдығын атап өткенде, Ордабасы ауданына Қалмақ Республикасынан бір топ делегация келген болатын. Сол кезде делегацияның бір өкілі апаны құшақтап тұрып, “Сіздің әкеңіз болмағанда, оның жанқиярлық ерлігі болмағанда, мүмкін біз де болмас едік” деп жылаған еді. Міне, ерлікке құрмет, батырға тағзым