АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штабтың сайлаушылармен кездесуі жалғасуда. Бұл күні Парламент Мәжілісінің депутаты Абдиев Ерлан Тұрсынбайұлы бастаған бір топ Халықтық штаб өкілдері Сауран ауданының әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ұжымымен кездесті.
Басқосуда өңірімізге арнайы келген халық қалаулылары атом электр станцияларын пайдалану жаңартылған энергия көздерінен айтарлықтай артықшылығы бар екенін жеткізді. Олардың пайымдауынша, ЖЭК-ті дамыту өзіне тән энергетикалық стратегиясының маңызды бөлігі ретінде қарастырылғанымен, ол атом электр станцияларындай әрқашан тиімді емес. Бұл ретте күн және жел электр станциялары сияқты жаңартылатын энергия көздері табиғи жағдайларға тікелей байланысты әрі энергияның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін энергияны сақтау технологияларына елеулі инвестицияларды талап етеді.
«Атом электр станциялары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл – әсіресе, өнеркәсіп пен ірі қалалар үшін аса маңызды. Сонымен қатар уранның үлкен қорына ие Қазақстан көміртегі шығарындыларын барынша азайта отырып, энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді және экологиялық таза тәсілі ретінде атом электр станцияларын пайдалана алады. Осылайша, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларын дамытуды біріктіру оңтайлы стратегия болмақ», – деді Ерлан Тұрсынбайұлы.
Әлеуметтік мамандар қазіргі энергия тапшылығы жаңа технологияларды іске қосуға мүкіндік бермейтінін және өндірістік дамуын тежейтінін мәлімдеді. Көптеген перспективалы жобалар электр энергия тапшылығына байланысты жүзеге асырылмауда. Сондықтан да мамандар АЭС құрылысына айрықша қолдау білдірді.
6 қазанда жасайтын таңдауымыз әрі қарайғы экономикалық өркендеуіміздің негізі болады. Бұл болашақта баршамыздың игілігімізге жарайтын инновациялар мен технологиялық прогреске бет түзеген қуатты ел болуға жасалатын қадам. Сондықтанда бұл бастаманы қолдаймыз,- деді жиынға қатысушылар.