Home Қоғам ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНЫП БІР АЛҚАПТАН 2-3 ӨНІМ АЛУҒА...

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫ ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНЫП БІР АЛҚАПТАН 2-3 ӨНІМ АЛУҒА НИЕТТІ

Түркістан облысындағы мақталы өлке « Мақтаарал ауданының агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыруда – бір алқаптан 2-3 өнім алудың тиімділігі » тақырыбында аудандық семинар өтті. Шараға аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Әлібек Плалов, « Мақта және бақша » ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының басшысы Ораз Биғараев, « Асыл агро трейд » ЖШС-нің директоры Марат Телғозы, аудандық аумақтық инспекциясы басшысының м.у.а. Сенбі Рысбек және ауылдық округ әкімдері, агроқұрылым басшылары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын жан-жақты дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап көрсеткен болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында Мақтаарал ауданында озық технологияларды ендіріп, өнімділікті арттырудың нақты шаралары қабылдануда. Соның бірі – тікелей облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қадағалауымен жүзеге асып жатқан бір алқаптан 2-3 өнім алу технологиясы. Семинар барысында сөз сөйлеген аудан әкімі Б.Асанов өткен жылы бір алқаптан 2-3 өнім алу технологиясы 328 гектар жерге ендірілсе, биыл бұл көрсеткіш 581 гектарға жеткенін атап өтті. « 2019 жылы ауданда ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнімнің көлемі 43,1 миллиард теңгені құраса, 2020 жылы 47,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл жоғары нәтижеге шаруаларымыз бір алқаптан 2-3 өнім алу технологиясын кеңірек қолданудың арқасында жетіп отыр. Биыл бұл технологияны және де көп жерге ендіре отырып ауыл шаруашылығы көлемін 57,4 миллиард теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз » – деді Бақыт Насырханұлы. Тиімді технологияны шаруаларға кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аудандық семинар « Сабыр » шаруа қожалығының қырыққабат алқабында өтіп, қожалықтың жеткен жетістіктері басқа да шаруаларға практикалық түрде көрсетілді. Шағыр Кушербаев басшылық жасайтын қожалықтың 9 гектар егістік алқабына қырыққабат дақылы егілген. Оның ішінде 7 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі қолданылған. « Сабыр » шаруа қожалығы тағы 10-15 күнде қырыққабаттан өнімін жинап алуда жоспарлап отыр. Мұның артынан қарбыз, жүгері сияқты т.б. дақылдарды екпекші. Осылайша шаруа бір алқаптан 2-3 өнім алу арқылы мол пайдаға кенелуде.