Home Қоғам ТҮРКІСТАН: « КЕРУЕН САРАЙДА » КҮНІНЕ 1000 ДОЛЛАР ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: « КЕРУЕН САРАЙДА » КҮНІНЕ 1000 ДОЛЛАР ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ

Түркістан қаласындағы « Керуен сарай » туристік кешенінде балмұздақ сататын Жамбыл Сәрсенбаев күніне 1000 АҚШ доллары көлемінде пайда табады. Бұл – оның пандемия кезіндегі табысы. Мереке күндердегі табысы тағы өседі. Түркістан қаласының тұрғыны кешеннен бірнеше дүңгіршек ашып алған.

« Сауда өте жақсы. Демалыс күндері 1 мың доллардың үстінде пайда табамыз. Еңбегімізді ақтап жатыр. Бағамыз қаладағы бағамен бірдей, қымбат емес. Келушілер көп болатын. Демалыс күндері ине шаншар орын болмайды. Облыс әкімдігі жеңілдіктер ұсынып жатыр. 4 пайызбен несие береді. Соны пайдаланатын боламыз »,- дейді ол.

Туристік кешендегі сауда сөрелері халыққа қызмет көрсете бастады. Мұнда әлемге әйгілі брендтер саудасын жүргізуге қызығушылық танытуда. « Керуен сарайда » ашылған жаңа сауда орындарының жұмысымен танысу үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев туристік кешенді аралап шығып, жаңадан ашылған « Magnum » супермаркетінде болды. Жаңа гипермаркетте қолжетімді бағада азық – түлік ұсынылған. « Керуен сарай » туристік кешенінде жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен 4%-бен жеңілдетілген несие беріледі.

« Осы « Керуен сарай » кешеніндегі сауда орталығының аумағы 23 мың шаршы метрден асады. Бұл инвесторларға, яңғи кафе, ресторан және киім -кешек саудасына арналған. Соның 54% ашылуға дайын. Одан бөлек, тағы 20% -мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, инвесторларға сауда нүктелерін жалға алуға жеңілдік беру үшін арнайы « Түркістан » әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы » арқылы « Яссы » бизнес деген несие беру жобасы ашылды. Кәсіпкерлерге 27 млн. теңгеге дейін 4 пайызбен 5 жылға дейін кредит беріледі. Яғни кәсіпкерлер осы ақшаны алып, жөндеу жұмыстарына, өз қажетіне пайдалануға толық мүмкіндіктері бар. Оған қосымша, осы мәдени – рухани орталық « Turkistan » арнайы экономикалық аймақтың аумағына кіреді. Сондықтан көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Барлық инвесторларды осы жерде бизнесін өркендетуге шақырамыз. Қазірде ірі сауда брендері « Керуен сарай » кешенінде жұмыс жасауға қызығушылық танытуда »,-деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов.

Түркістандағы Орталық Азиядағы ең ірі « Керуен-сарай » туристік кешені Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде орналасқан. Инвестициялық жобаны « Turkistan Tourism City » компаниясы іске асырды. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, « ұшатын театр », амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Кешеннің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналды.