Муралдар қала ажарына көрік қоспаса, оны бұзбасы анық. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған « Түркістан – адалдық алаңы » жобалық кеңсесі мен Арыс қалалық әкімдігінің қолдауымен адалдық құндылығына негізделген « Әділ сөйлеп, адал жүр » атты мурал салынды.
Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына салынған муралда қазақ даласының төл перзенті, түркі халықтарының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидың бейнесі кескінделген.
Ұлы ақынның « Әділ сөйлеп, адал жүр » деген терең тәрбиелік мазмұнға ие даналық сөзіне негізделіп салынған мурал қала тұрғындарының арасында әділдік пен адалдық қағидаттарының кең дәріптелуіне және өскелең жас ұрпақтың өнегелі жолға бағыт бұруына негіз болмақ.