Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі, Республикалық ақпараттық үгіт-насихат Штабының Төрайымы Ы.Тұрсынзада мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі А.Бердалин Арыс қаласындағы « Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының » тәрбиеленушілерімен жүздесті.

Рухани кездесудің негізгі мақсаты – жас өскіндерді жақсылық жасауға жігерлендіру және қоғамның ары таза азаматтары болуға дәріптеу.

Игілікті шарада Астанадан арнайы келген Республикалық Штабтың мүшелері балаларды парасатты болуға үндеп, шаттық шуағына кенелтті.

Сондай-ақ, 16 қаңтар күні Түркістан облыстық Департаментінің бастамасымен « Сотқа дейінгі іс жүргізудің: шындығы және жетілдіру жолдары » тақырыбында өткізілген Халықаралық конференцияда өткен « Жемқорлық балалар көзімен » байқауының жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар табысталды.

Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облыстық Департаменті Арыста қаласында орналасқан балалар ауылының 63 тәрбиеленушісін өз қамқорлығына алып, балаларға әр ай сайын қолдау танытып келеді.