Home Басты жаңалықтар ОБЛЫС ӘКІМІ ӨЗ ЕСЕБІНДЕ ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ

ОБЛЫС ӘКІМІ ӨЗ ЕСЕБІНДЕ ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРДІ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев алтыншы шақырылымдағы облыстық мəслихаттың кезектен тыс қырық бірінші сессиясына қатысты. Облыстық мəслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев жүргізген сессияға облыс əкімімен қатар мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, этно мəдени орталықтардың төрағалары, дін өкілдері қатысты.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қоғамдағы өзекті мəселелердің бағыт-бағдарына тоқталып өткен болатын. Онда жаңа жұмыс орындарын ашу, денсаулық, білім саласын дамыту, өңірлерді өркендету сынды бірқатар мəселелерге кеңінен тоқталған.

  • Түркістан облысына артылар жүк те жеңіл емес. Қазір өңіріміз аса жауапты кезеңді өткеруде. Əсіресе, Арыстағы жағдай барша халқымыздың бірлігін, біртұтастығын көрсетті. Бұл ретте ҚР Президенті Қ.Кемелұлы облыс əкімінің жылдам ұйымдастыру қабілетін ерекше ескеріп, қарқынды жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын жоғары бағалады, – деп сөз бастады облыстық мəслихаттың хатшысы Қ.Балабиев.
    Атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша облыс əкімі Ө.Естайұлы өз баяндамасында маңызды қадамдарға тоқталып өтті: – Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында 9 басым бағытты айқындап берді. Осы бағыттар бойынша алдағы уақытта өңірге инвестиция тартуды, кəсіпкерлікті жан-жақты қолдау, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, білім беру ұйымдарын, оның ішінде апаттық жағдайдағы мектептерді қалыпқа келтіру, бюджеттегі қаржының пайдалану тиімділігін арттыру, соның ішінде тегін дəрі-дермек беруді оңтайландыру жəне қала, ауданның экономикалық деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметкерлердің кəсібилігін арттыруды тиісті мамандарға тапсырамын. Өңірдің өркенді істеріне тоқталсақ, шағын жəне орта бизнесті дамыту бойынша II-орындамыз. Инвестиция көлемі 39 пайызға өсті. Оған құрылыс жұмыстары əсер етіп отыр. Сондай-ақ алдағы таңда зияратшылар, археологиялық, табиғатты тамашалау, тау шаңғысы туризмін құру жоспарда бар. Ағын су тапшылығын жою үшін мүлде құбыры жоқ 43 елді мекенге құбыр тартылып, тамшылатып суғару, мақта өңдеу, жылыжай жұмыстары жандануда, – деген жұмыстар нəтижесін бағамдап өтті.
    Сонымен бірге, 3-5 жастағы балаларды бала-бақшамен қамту 96 пайызды қамтып отыр. Ал, 1-шілдеге дейін əлеуметтік жағдайы төмен 71 мыңға жуық отбасыға атаулы əлеуметтік көмек тағайындалған.

  • Елбасының Түркістан қаласын дамыту тапсырмаларына сəйкес шаһарда 28 нысанның құрылысы жүруде. Ал жыл соңында 7 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
    Басқосуда Арыстағы жағдай да назардан тыс қалмады. Бөлінген 17 секторға қала, аудан əкімдері мен белсенді азаматтар өз бөлігіне тиісінше жауапты. Бүгінде ондағы 5646 үйге жөндеу жұмыстары жүруде. Оның 1152-сі қалпына келтірілген. Облыс əкімі Арыс қаласын 1-қыркүйекке дейін жақсы деңгейге келеді деп сенім білдірді. Ал, Арыстың 56000-ға жуық тұрғынына 100 мың теңгеден төлеу жоспарда. Сондай-ақ, зейнеткерлер мен балалар əр кезеңге бөлініп, демалыс орындарына жіберілуде.
    Жиын соңында өңір басшысы аталған мəселелер халық үшін аса маңызды екенін жəне олардың тұрмыс сапасын арттыруға көзделуі тиіс екендігін баса айтып, апталық жиналыстарда аталған жұмыстарды жан-жақты қадағалап, жіті назарға алатынын жеткізді.
    Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,
    “Түркістан”.