Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратында аудан кәсіпкерлерінің көшпелі үйлестіру кеңесі болып өтті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов, облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мен басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов пен “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директоры Нұргүл Әбдіразақова, облыстық қаржылық ұйым өкілдері мен мақтааралдық кәсіпкерлер қатысты.
Басты мақсат – ауданда кәсіпкерлік саласында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылар істердің жоспарымен танысу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында қолбайлау болып отырған мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру, ұсыныстарды талқылау болып табылатын жиында Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған “Қарапайым заттар экономикасы” салаларын дамыту бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды.
Облыс әкімінің орынбасарымен кездескен кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм, қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп сынды салаларға берілетін қаржылық қолдаулар мен төмен пайызды несие көлемін арттыруды сұрады. Әлі де болса несие алудағы қағазбастылықты азайту керектігін алға тартты.
“Бүгінде облысымызда кеңінен қолға алынып отырған “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі облыс бойынша 316 басым жобалар қаралып, оларды жүзеге асыруға 60,8 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Сіздердің көтерген мәселелеріңіз бен айтқан ұсыныс-пікірлеріңіз бойынша әрбір басқарма басшылары өздеріне тиесілісін жазып алды. Күрмеуі қиын мәселені бәріміз бірігіп, ақылдасып шешетін боламыз” – деді Мейіржан Иябайұлы.
Жиын соңында негізгі күн көрісі аграрлы сала саналатын Мақтаарал ауданында соңғы жылдары кәсіпкерліктің қарқынды түрде дамып, ашылған жаңа нысандардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң ықпал етіп отырғанына жоғары баға берді.