Home Дін ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ИМАМДАРЫ ҚҰРАН ХАТЫМ ТҮСІРДІ

ТҮРКІСТАН: АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ИМАМДАРЫ ҚҰРАН ХАТЫМ ТҮСІРДІ

Мұсылманның өзге мұсылманның алдында міндеттері бар. Соның бірі – мұсылман бауыры үшін дұға жасау, жақсылық тілеу. Апаттан аман қалғандар үшін шипа сұрау, ал марқұм болғандарға Алладан мейірім, кешірім тілеу – мұсылманның міндеті екені белгілі.

Бүгін Арыс қаласының бас имамы А.Абдулкамалдың бастамасымен қала имамдары орталық «Ысқақ» мешітінде коронавирус инфекциясынан құрбан болғандар рухына арнап «Құран хатым» түсірді.

Құран Кәрімді бастан аяқ оқып шығудың маңызыдылығына тоқталған орталық «Ысқақ» мешітінің бас имамы А.Абдулкамал: «Жалпы Құран оқу – сауап іс. Оның әрбір аятына он сауап жазылатындығы хадисте баяндалған. «Достан дұға» демекші, Құран хатым түсірудің маңыздылығын ескере отырып, қауіпті індеттің кесірінен марқұм болғандардың рухына Құран хатым бағыштауды мұсылмандық міндетіміз деп білеміз. Сондықтан марқұмдардың туыстары мен бауырларын сабырға шақырып, Алла тағала күш-қайрат берсін дейміз. Олай болса, Алла тағала осы бастан-аяқ толықтай оқып шыққан Құран хатымды қабыл еткей», – деп Құран хатымның сауабын қаза болған жандардың рухтарына бағыштап, еліміз қауіпті індетті ауыздықтап, қазақ елінің болашағы жақсылық пен қуанышқа және мол нығметке толы болғай деп дұға тіледі.