Home Білім ТҮРКІСТАН: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒАЛАРЫН ШЫҢДАҒАН МЕКЕН

ТҮРКІСТАН: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒАЛАРЫН ШЫҢДАҒАН МЕКЕН

 

 «Танымал тұлғалар» дегенде, біз бір үзік Түркістандық танымал тұлғалар туралы толғамақпыз. Оның ішінде, қазақтың музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар кісілердің бірлі-жарымына тоқталамыз. Әйтпесе, Түркістандық тұлғаларды түгесіп біту мүмкін бе! Мұнымыз оларды бірінен-бірін бөліп-жару емес, тақырып ауқымына қарай жасаған қарекетіміз.

Түркістан – қазақ мәдениетінің қайнаған ошағы емес пе? Қаламыздың мәдениет саласының дамуына өлшеусіз еңбек еткен тұлғаларымыз жеткілікті. Сол тұлғалардың бірі, сыр саңлағы — Әбдікерім Манапов. Ол — атақты ақын, сыр сүлейі Манап Көкеновтың ұлы. М.Көкеновтей ақынның ізін жалғастырушы, қазақ айтыс өнерінің қайта қалыптасуына сүбелі үлес қосқан  айтыскер ақын. Әкесі Манаптан бата алып көптеген азулы ақындармен айтысып біріне іні, біріне аға болады. Көпбай Омаров, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова секілді жампоздармен сөз сайысына түсіп, сөз барымтасында бәсі биік ақын екенін көрсетіп жүрді. Тіптен әкесімен айтысқа түсіп:

Әзірге сенімге, әке, ене алдым ба?

Сіз — таусыз ғой, төмпешік — мен алдыңда.

Ақындықты ұрпаққа жалғастырам,

Перзенттік сертім осы ел алдында, — деген төрт шумақ өлең жолдарынан әке алдындғы, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін байқауға болады. «Әке мен бала айтысы» өнерінің негізін қалаушы ретінде, айтыс тарихында аты алтын әріппен жазылып қалды.

2016 жылы Ә.Манаповтың қаламынан мектеп оқушылары мен мектеп жасындағы балаларға арналған «Аманат», «Ерте үзілген әңгіме», «Ибраһим шайық», «Меккеде оқылған намаз» сынды кітапшалары  басылып шықты. 2018 жылы «100  аңыз» атты кітабы жарық көрді. Көп ұзамай бұл кітап орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, оқырмандарға жол тартты. Ә.Манапов «Қазақстан Республикасының Мәдениет Қайраткері» «Қазақстан жазушылар және Қазақстан журналисттер Одағының мүшесі», «Түркістан қаласының Құрметті азаматы».

Елдің мәдениеті, мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ә.Манаповтың артында 300-ден аса өлеңдері мен әндері қалды. Сол жазбалар жинақ болып қалың оқырмандарға жол тартары анық.

Сонымен бірге, Түркістан өңіріндегі Бабайқорған ауылдық округіне қарасты «Үлгілі» ауылында дүниеге келген Бекжігіт Сердәлінің де қазақ ән өнерінде алар өзіндік орны бар. Ол ҚазҰУ-дің журналистика факультетін 1987 жылы бітірген. Жоғары оқу орнын бітірген соң , қалалық, аудандық газеттердің тілшісі болып еңбек етеді.  Қ.А.Ясауи халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика мамандығы ашылғалы  ұстаздық етіп келеді. Кафедра меңгерушісі болып біраз жылдар  басшылық жасады.  Еңбектері бағаланып, 1998 жылы «Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты», 2010 жылы «Қазақстанның мәдениет қайраткері» атанды. Сондай-ақ оған «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген. 2010 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иемденген. Ал 2008 жылы «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2010 жылы музыка саласы бойынша Васьлей Митта атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (Чуваш Республикасы, «За заслуги в культуре и искусстве» медалі (Ресей, 2014) және «Заслуженный работник науки и образовании» құрметті атағы (Ресей, 2014) бар.  Барлық өнерді меңгерген, адамгершілік қасиеті жоғары бағалайтын шәкірттеріне үйретуден жалықпайтын ұлағатты ұстаз. Елімізге танымал қаншама белгілі журналисттерді тәрбиелеп келеді.

Бекжігіт Кенжебекұлы ғылыммен қатар шығармашылықты қатар алып жүріп, браз ән жазды. Оның «Неге, неге» («Ақ көңілдім, ақ арманым»), «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – Тұраным» (Түркістан қаласының төлұраны), «Астанам – асқақ ән» атты әндерін тыңдармандар сүйіп тыңдайды. Ән қоржынындағы танымал әндерді халық әндері деп есептейді. Әр әні халық үшін жазылған. 20-дан аса әдеби шығармалары , монографиялар мен оқу құралдары жарыққа шықты. «Жорналшы жазбалары», «Шаттық ұялаған шаңырақ», «Әнім – әлемім», «О, махаббат!» «Танымал әннің тарихы», «Сөз айттым, құлақ ассаң» сынды т.б кітаптаының  авторы.

Осы ретте композитор Сауранбек Елеуовтың де еңбегін елемей кетуге болмас. С.Елеуов 1955 жылы Қызылорда обылысы, Жаңақорған ауданы, ескі Сауран жерінде дүниеге келген. 1979 жылы орта мектепті бітіріп, Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтының мәдени-ағарту факультетін бітірген.

1979-90 жылдардан бастап өзінің еңбек жолын мәдениет саласында бастай отырып, шығармашылық жолын да дамытып, қатар алып жүреді. Жаңақорған топырағында дүниеге келген ерекше дарын иесі Сауранбек Елеуовті көптеген әнсүйер қауым ыстық ықыласпен қабылдап, әндерін сүйіспеншілдікпен тыңдайды. Қазіргі таңда С.Елеуов 50-ден аса әндердің авторы. Көптеген әндері республикалық баспасөз беттеріне шығып, телеарналардан, қазақ радиосынан жиі беріліп тұрады.

«Армысыңдар адамдар», «Жұлдызым», «Түркістан», «Айдында жүзген аққулар», «Туған жер» және т.б. әндері халыққа кеңінен танымал.

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі — балалар әндерінің аз болуы. С.Елеуов осы жағына аса мән беріп, балалар әндерін де жарыққа шығарған композитор. «Апатайым анашым», «Бесік жыры», «Ойыншықтар» атты туындыларын балалар аса сүйіспеншілікпен орындап жүр.

Сазгер-әнші С.Елеуов «Бүкілодақтық халық шығармашылығы фистивальдарының лауреаты», Республикалық «Жігер» фистивальінің дипломанты, Саратов қаласында өткен жас сазгерлер байқауының жүлдегері, Республикалық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын» медалінің иегері. Қ.А.Яссауи атындағы Өнертану ғылымының доценті. «Қазақстан Республикасының  Мәдениет Қайраткері». Жеке шығармашылық саласы бойынша әндер циклі және өнерпаздық шығармашылықты дамытқаны үшін «Қазақстан Жастар Одағының сыйлығы» атағын алған.

Әр әнді жазу композитор үшін сандаған күндер мен қажырлы еңбек жемісі. Тек жүректен шыққан ән ғана — мәңгілік. С. Елеуов әндері сол мәңгілік әндер қатарында екені даусыз. Түркістандық тұлғалар туралы сөзімізді алдағы уақыттарда өз жалғасын табады.

Айнұр ЕСМЫРЗАЕВА,

С.Ерубаев музейінің қызметкері.