Home Білім ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҢ  БІЛІМ САЛАСЫ ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫ БАСТАН ӨТКЕРУДЕ – 2

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҢ  БІЛІМ САЛАСЫ ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУДЫ БАСТАН ӨТКЕРУДЕ – 2

Өскелең ұрпаққа жан-жақты білім беру арқылы көптеген жетістікке жететініміз анық. Ол үшін білім ұяларының жеткілікті әрі заманауи болуы маңызды.  Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында  білім саласына ерекше тоқталып өтті. Бұл тұрғыда Түркістан облысы айтарлықтай көш бастап келеді.  Өйткені еліміздегі әрбір 7-ші бала осы өңірде. Сондықтан да мектеп тапшылығын жою, үш ауысымды білім ошақтарын реттеу алдыңғы міндеттің қатарында еді. Биыл облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен көптеген білім нысанының құрылысы жүргізіліп, үнемделген қаржы есебінен мектептер жөнделіп жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. 

Бұдан бөлек республикада бірінші болып облыстың 500-ден аса мектеп директоры арнайы менеджмент курсынан өтеді. Сонымен қатар, Алматыдағы Абай университеті 700-ден аса директорды арнайы менеджмент курсына оқыту бастады. Білім көкжиегін кеңейту мұғалімдеріміз бен оқушылар үшін аса маңызды іс. Облыс республика деңгейінде ғана емес, халықаралық тәжірибе алмасуда да жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Мұғалімдер мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісін, АҚШ-та инклюзивті білім беру және Қытайда техникалық және кәсіптік білім беру бағытында тәжірибе алмасты. Бұл жұмыс жаңа оқу жылында да жалғасын тауып, өңір педагогтары Франция, Малайзия, Финляндия елдеріде арнайы тәжірибелік курстардан өтеді. Мұнда «Жайлы мектептер» мен «Мақсатты мектептерге» басымдық береміз.

Жалпы мұнымен атқарылған істер аяқталмады. Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Осы бағытта мемлекеттік тапсырыспен отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн. Жалпыға білім беру қоры есебінен жаңа оқу жылына алпыс мыңнан астам оқушыға көмек берілді. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 221 мың оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда, облыста мектеп асханаларын мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы басқаруға беру тетігі қолға алынуда

Осы жылы 400-ден астам мектеп асханасы жобаға енгізіледі. Аталған жобаларды енгізуде жаңа цифрлық платформаларды мектеп асханасына қатар енгізу арқылы жүзеге аспақ. Тәжірибеде мектеп асханасын цифрландыру өзінің оң нәтижесін берді. Мысалы мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы облыстық деңгейдегі мектептер асханасын жеке басқаруға алынған жеке кәсіпкер «Қалымбетов» соңғы екі жылда «Е-асхана» жүйесін енгізу арқылы едәуір қаржы үнемдеп, бюджетке кері қайтарған. Ал Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейге енгізілген «Alaqan» жүйесі 5 айда он миллионнан астам теңге үнемдеп, бюджетке кері қайтарды. Бұл бір мектептегі үнемделген қаржы. Бұл жобалар кезең-кезеңімен барлық балабақша мен мектептерге енгізілмек.

Балалар қауіпсіздігі де басты назарда. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылылды.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен…» деген сөзі бар. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға аса мән беруге тиіспіз. Президент Ұлттық Құрылтайда «Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасын жариялаған болатын. Түркістан облысынан бастау алған «KітапХАН» кітап оқыту әдісі төртінші жыл қатарынан өткізіледі. Оған қоса, Балафест, Күлтегін жобалары да жалғасын табады.

Биыл әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 оқушы бюджет есебінен тегін облыстағы 22 жазғы сауықтыру лагерлерінде сауықтырылды. Оның 9-ы мемлекеттік, 13-і жекеменшік.  Сонымен қатар, облыстағы лагерлер желісін арттыру бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады. Қосымша 1 720 орынға арналған жаңадан 5 лагерді қайта құру және 4 лагерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталады. Нәтижесінде, жазғы 8 ауысымда 13 760 балаға қосымша орын ашылып, қамту көрсеткіші 24% пайызға немесе 58 мың баладан 72 мың балаға артады. 2024-2025 оқу жылында 17 мың оқушы тасымалданатын болады. Өткен жылы оқушылар тасымалы үшін 101 мектеп автобус жаңадан алынған. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Түркістан облысындағы 50 колледжде 71 мамандық бойынша 30 381 студент білім алуда. Колледждерде республикалық бюджеттен қаралған 15 445 грант толық игерілді. Өткен жылмен салыстырғанда колледж студенттері 2 мыңға көбейді. Сонымен қатар, қыркүйек айынан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы 37 мыңнан 44 мыңға артып отыр. Саладағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында колледждеріміздің материалдық- техникалық базасын нығайтуға өткен жылы жылы да, биыл да қаржы бөлініп келеді. Колледж оқытушылары мен шеберлері көршілер ТМД мемлекеттерінде, сонымен қатар Қытай, Түркия, Австрия, Франция арнайы оқыту іс-тәжірибелерінен өтуде. Колледждер базасында жаңа мамандықтар ашуда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Облыс басшысы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде жаңадан 10 мамандық ашуды тапсырды. Сонымен қатар Сарыағаштан ІТ колледжі ашылып жатыр.

Түркістанда Корей университетін ашу жоспарлануда. Оңтүстік Корея елімен ынтымақтастық орнатып, тиісті меморандумға қол қойылды. Бүгінде оқу корпусы дайындалуда. Бұдан бөлек әкімдіктен арнайы оқу гранты қарастырылып жатыр. Облыс орталығындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне 50 грант ІТ мен медицинаға және өзге жоғары оқу орындарына 139 грант резидентураға бөлініп отыр. Маман тапшылығын шешу үшін жоғарғы оқу орындарымен жұмыстар жалғасын табады.

Қазіргі қоғамдағы ұстаздың беделі, мәртебесі қай деңгейде?! Әрине, білімге, ұрпаққа жасалатын барлық жағдай педагогтардың кәсібилігіне, парасатты болмысына байланысты. Балаға дұрыс білім берілмесе, оның экономикалық ауыртпалығы бар. Өңір басшысы бала оқыту ісіне жауапкершілікті күшейтіп, нәтиже шығаруды тапсырды. Ол үшін алдымен педагогтердің өзі кәсіби білімді болуы тиіс. Дегенмен тексеруде анықталғандай кейбір педагогтардың жоғары білімі туралы дипломдары жалған болып танылуда. Мектеп ұжымы мен басшыларының арасындағы 16 еңбек дауы сот, Президент Әкімшілігі деңгейіне дейін қаралған. Білім саласындағы кейбір қолы лас қызметкерлері саланы табыс табу көзіне айналдырып, миллиардтаған мемлекет қаржысын талаң-таражға салды. Аталған дерек бойынша бірқатар лазауымды тұлға мен жауапты қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Білім беру ұйымдарында артық штат бірліктері анықталып, оларды кезең-кезеңімен қысқарту жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдің білім саласындағы негізгі жетістіктер мен кемшін тұстарын тізіп көрдік. Ал енді әрі қарай таразылап, қорытынды шығаратын да ойлы оқырман, өздеріңіз. Бұл жұмыстар жалғасын табу үшін мәселені қоғам болып шешу қажет деп білеміз. Өйткені Президентіміз кешегі Жолдауында айтқандай, баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапт болған жөн.  Сонда ғана білім беру жүйесін одан әрі жетілдіре аламыз.

Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары