Home Білім ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП – БІЛІМ ТІРЕГІ

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП – БІЛІМ ТІРЕГІ

Білімнің шамшырағын жағып, нұрын таратқан мектепті халық қашаннан қадір тұтады. Ел басына күн туған небір қиын замандарда да мектептің отын сөндірмей, болашаққа жалғап отырған. Мектеп халық жүрегінде үміт отын жағып, болашаққа деген сенімін ұялатты. Әрбір ауыл мектебі білім мен мәдениеттің орталығы, ел бірлігінің алтын қазығы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру мекемелеріне нақты қамқорлық қажет екендігіне ерекше тоқталды.

«Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет.

Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек.

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.

Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.

Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын.

Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады», -деген болатын.

Сауран аудандық білім бөліміне қарасты Қ.А.Ясауи атындағы жалпы білім беретін мектептің тарихы, тыныс-тіршілігі, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері туралы айтатын боламыз.

Иқанда бірінші мектеп 1918 жылы ашылған. Сол мектепке басшы етіп Түркістан уезінің шешімімен Мамарасул Заманбаев тағайындалған. Сол жылы Иқанда тағы бір мектеп ашылды. Оны Абдусаттар Абдурахманов ашты. 1918-1928 жылдар аралығында Мамарасул Заманбаев сол мектепте басшылық қызметін атқарды.1928-1932 жылдары Палпи Хайтметов әрі мұғалім, әрі меңгеруші қызметін атқарды.1932-1942 жылдар аралығында Хожимуса Алишеров директор қызметін атқарған. 1939 жылы Иқанда жеті жылдық мектеп ашылды. Оған Эргаш Исаев басшылық жасаған. 1950 жылы жаңа мектеп салынды. Бұл мектепте басшылық жасаған Узумхон Мавлянов, Додош Маннатовтың еңбектері мол.

1969 жылы төтенше жағдай болып, Қаратау баурайынан келген су тасқыны салдарынан мектеп толығымен қирап кетті. Бұл мектеп 8 жылдық болып, мектеп директоры Бабаш Ташбаев болған. Содан кейін мектеп оқушылары ВЛКСМ 50 жылдығы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) мектебіне барып оқуларын жалғастырды. 1970 жылы қираған мектеп қасынан 10 бөлмелі бастауыш мектеп салынды. 1976 жылы қираған мектептің орнынан екі қабатты 480 орынды жаңа мектеп салынды. Бұл мектепке кеңес одағының қаһарманы Ю.А.Гагарин аты берілді. Бұл мектепті салуда Бабаш Ташбаевтің еңбегі елеулі болған.

1975 жылы тамыз айында Б.Ташбаев жаңа мектептің директоры етіп тағайындалды. Енді ғана жұмысын бастаған бұл мектепте атқарылатын жұмыстар көп еді. Бұрын 8 жылдық болса, жаңа ашылғаны 10 жылдық мектеп болды. Сынып бөлмелерінің жабдықталуы, оқулықтармен қамтамасыз ету, жылу жүйесі колхоз тарапынан қамтамасыз етілген болса да бұл жұмыстарда Б.Ташбаевтің еңбегі мол болды. Б.Ташбаев 1977 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарды.

1977 жылдан бастап мектептің директоры болып өзбек тілі пәнінің мұғалімі З.Шамухтаров тағайындалған. Бұл кісі жаңалыққа жаны құштар ұстаздардың бірі болды. Сондықтан да ол ауданда алғашқылардың бірі болып мектептегі оқытуды кабинеттік жүйеге көшірді. Қазақстан мектептері компьютерлендірілмей тұрып ауданда бірінші болып компьютер кабинетін ашты. З.Шамухтаров мектепті басқарған жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесімен, Министрлер кабинетімен, Білім министрлігімен тығыз байланыс орнатқан. 1971 жылы мектепте мұғалімдер саны 18, ал оқушылар саны 420 болса, 2000 жылы мұғалімдер 84, оқушылар болса 1180 ге жетті. Бұл мектеп қала мен аудандағы 61 мектептің ішіндегі ең үлкені әрі талғаммен жабдықталған мектеп болып саналды. Мектеп оқушылары тек аудандық олимпиадаларда ғана емес, облыстық олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп, мектептің аты елге таныла бастады.1995-1996 оқу жылы мектеп Түркістан қаласы бойынша ағылшын тілі, математика пәндері бойынша тірек мектеп болған. Бұл кісінің кеңес одағы құлдыраған уақыттарда мектептің жылу қазандығын сақтап қалудағы еңбегі үлкен болған. 1980-1992 жылдар аралығында совхоз өз есебінен мектепте үздік оқыған оқушыларды түрлі туристик сапарларға: Москваға, Ленинградқа, Таллинге, Ялтаға, Ташкентке және Бухара сияқты тарихы терең қалаларға жіберіп отырған. ҚР Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы Қазақстан Министрлер Кабинетінің қаулысымен мектеп «Қожа Ахмет Ясауи атындағы орта мектеп» деген атпен өзгертілді. З.Шамұхтаров бұл мектепті 23 жылдан астам басқарды.

Мектеп болып бой көтергеннен бастап, білім ошағының сынып қабырғаларында мыңдаған оқушы білім алды, ал көп ұстаздар өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарды. Осы білім ордасына аянбай 35-40 жыл өз еңбектерін арнап кеткен ұстаздардан Абдухон Муслимов, Фарход Рахимов, Айниддин Абубакиров, Абдурахмон Усманқулов, Вахид Ходжаев, Абдусабир Абдазимов, Хамза Мамметов, 24 жыл директор болып мектеп тізгінін ұстаған Зайниддин Шомухтаров ағаларымыздың еңбектерін ерекше айтуға болады.

2000 жылдың 15 қарашасында ОҚО білім департаментінің бұйрығы бойынша Элмир Абдувахабов Қ.А.Ясауи атындағы жалпы орта мектебіне мектеп директоры болып тағайындалды. Директор болып келген күннен бастап Э.Абдувахабов мектепте оқушылардың білімін көтеруге, ата-аналармен қарым-қатынаста болуға және мұғалімдердің тиянақты жұмыс атқаруына ерекше көңіл аударды. Түркістан қаласының мектептері арасында өткізілген «Мектептің жаңа оқу жылына дайындығы» атты іс-шарасында 2001-2010 жылдар аралығында бірінші орынды иеленіп келді. Бұл жұмыстар Э.Абдувахабовтың нағыз ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары дәрежеде екендігін дәлелдеді. Сонымен бірге мектептің жылу жүйесін өз қалпында сақтап қалуда көп еңбек сіңіріп келді. Сол еңбектері көзге көрініп, 2003 жылы Түркістан қаласы әкімінің «Жыл Адамы» атағын алды.

ҚР Президентінің «Жасыл ел» жобасын жүзеге асыру мақсатында мектепке жыл сайын түрлі ағаштар мен гүлдер егіліп, мектеп ауласы толығымен көгалдандырылды.

Мектеп ескі үлгіде салынғандықтан мұғалімдер бөлмесі, кітапхана, демалыс бөлмесі талапқа сай емес еді. Заман талабына сай болу үшін осы бөлмелерді жаңарту істерін директор Э.Абдувахабов өз қолына алды. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 2006 жылы мектеп алдындағы қосалқы бөлмелердің орнына жаңа үлгідегі кітапхана, мұғалімдер бөлмесі, демалыс бөлмесі салынды. Осы еңбектерінің нәтижесінде мектеп директоры Э.Абдувахабов Білім және ғылым министрінің грамотасымен марапатталды.

Мектеп ауласының тазалығы, көгалдандыру жұмыстарының өз орнында болуы, мұғалімдердің және оқушылардың жетістіктері, директордың атқарған жұмыстарының нәтижесінде Э.Абдувахабов 2010 жылы қалалық білім бөлімі тарапынан «Кәсіподаққа еңбегі сіңген» медалымен марапатталды.

2005 жылы З.Пашшаева «Алтын белгі» иегері болып, мектеп абыройын жоғары көтерді. 2011-2012 оқу жылы 12 оқушы ҰБТ тапсырып, 6 оқушы грант иегері атанды. 2012-2013 оқу жылы 10 оқушы ҰБТ тапсырып, 5 оқушы грант иегері атанды. 2016 жылы «Жарқын болашақ» VIII Республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының жеңімпазы болып Гулзара Касимова мектептің даңғын шығарды және Сүлейман Демирел атындағы университет грантын ұтып алды. Мектеп 2013-2014 оқу жылында ҰБТ нәтижесі бойынша 101 орташа ұпаймен Түркістан қаласындағы мектептер арасында 1-орынды иеленді. Бұл әрине мектеп мұғалімдері және мектеп директорының еңбектерінің жемістері еді.

2013 жылы мектеп директоры Э.Абдувахабов Түркістан қалалық білім бөлімі тарапынан «Талапшыл басшы» мадақтамасымен марапатталды. Э.Абдувахабов мектепте 2000-2022 жылдар аралығында, яғни 22 жыл директорлық лауазымын абыроймен атқарып, 2022 жылы еңбегінің жемісін көріп, зейнеткерлікке шықты.