Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі.
Мәселен, Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деген болатын. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.
Бұдан бөлек, бұған қоса Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын қолға алғанын білеміз. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, десек те мектептердің көбінде бұл жобаның жүзеге асырылуы көңіл көншітпейді. Мектептер оқу бұрышын ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Мұғалімдер, сынып жетекшілері, ата-аналар бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізіп отырса, құба-құп. Айталық, оқырмандар конференциясы, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе, «Кітап оқуға құштар сынып» байқауы сынды іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болмақ.
Сондай-ақ оқушыларды елге танымал тұлғалардың оқуға деген сүйіспеншілігі туралы мәліметтер де қызықтырары анық. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.
Иә, оқуды әдетке айналдырған жанның ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал. Неге десеңіз, оқу сауаттылығы – тұлға қалыптастырудағы маңызды көрсеткіштің бірі. Мектепте рухани-адамгершілікке, патриотизмге, еңбекке баулу сияқты, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да тәрбие жұмысының басым бағыттарының біріне айналса дейсің. Бұл мектеп оқушысының оқу іс-әрекетін дамытуға, кітап мәртебесін көтеруге, кітап оқуды әдетке айналдыруға зор ықпалын тигізері хақ.
Оқу не үшін керек? Өзін-өзі жетілдіру, білімін толықтыру үшін. Оқи отырып, ондағы оқиғаны көңілге түйесің, кейіпкердің іс-әрекетін саралайсың, жақсы жақтарын өнеге тұтып, жаман қылықтарынан жиренесің. Көп оқысаң, көп білесің. Жан-жақты білімді адам түрлі тақырыптардан хабардар болып, пікір таластыра алады, білгенімен бөліседі. Қазақ «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Білімі ағыл-тегіл азаматқа өзгелердің құрметі ерекше. Кітапты тек оқып қана қоймай, оның таңдаған саламызға, қызметімізге қатысты тұстарын көшіріп алып, алдағы жұмысыңа пайдаланып жүру де жемісін береді. Білімге ұмтылыс, оқып-үйренуге құштарлық ізсіз кетпейді. Тұрақты түрде оқитын адамның бәсі биік. Қашанда қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол адамның біліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі басым болады.
Сөзімізді ұлт өнерінің саңлағы Серке Қожамқұловтың «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуға тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген сөзімен түйіндегіміз келеді.
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Білім беру саласының құрметті қызметкері