Әр адамның дара болмысы балалық шақтан басталары анық. Онда ұлы армандар бүр жарып, не бір тәрбиенің құшағында балқып, рухани тұрғыдан түлеуде қабаттаса басталмақ. Осы бір ерекше кейіпкеріміз арыстанды қарабастың желі ел арасында аңызға айналған Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылында елге сыйлы заман ағысына қарай ауыл аймақтың таңдана қарап, үлгі тұтатын, ел ісіне белсене араласқан Ақша әженің, Әсілбай қария мен Жанбике ананың жанұясында 1942 жылы өмір есігін ашыпты. Бала жастан Ақша әженің ықпалы мен тәрбиесі ерекше болған. Өйткені әжесі заманының көшіне ілескен, дара қабылеті мен ілкімді ойы бар, көзі ашық көкірегі ояу кісі болған. Сол кездің өзінде-ақ білім қарымын, бөлекше әлемін қалыптастыра бастаған. Сондай биік абыройдың, асқақ құрметтің бірі ретінде Оңтүстік өңірде алғашқы әйелдердің бірі болып колхоздың бастығы болғанын мақтанышпен атауға болады. Осындай өнегелі әже тәрбиесі барша жеңісті жолының бастау көзі болғаны даусыз. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейтін халықтық сана тұрғысынан осындай көші ілгері басып, түтіні түзу ұшқан, ырысы шалқып, мейілінше даңқы арта түскен тәрбиелі отбасында балдай балалық шағы жалғасын тауыпты. Үлкен өмірдің алғашқы қадамы болып табылатын мектеп табалдырығын 1949 жылы Шымкент қаласындағы №26 Ж.Жабаев атындағы мектептен бастаған екен. Осылайша білімнің даңғыл жолына түскен, бар күш қуатын іздену жолына арнаған Гүлжан апай ілгерінді-кейінді, яғни 1956 жылы 7 сыныпты бітіргеннен кейін Шымкент педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1960 жылы бітіріпті. Келесі кезекте 1960-1964 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінде жоғары білім алыпты.
Сонау мектеп қабырғасынан алғыр, білім мен ілімге ұмтылғыш, замандастарының алды бола білген Гүлжан Әсілбаева қызметте де сондай дара болған. Енді бір сөзбен айтқанда білгір де білікті маман бола білген. Анықтап тоқталғанда алғаш еңбек жолын 1964 жылы Түркістан қаласындағы №8 мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастаған. Жақсының жалғасы, алтынның сынығындай болған ол кісі «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай сөзін бойтұмар етсе керек.
Өмір жолындағы жеңіс атаулының бекерден бекер қолға келмесі анық. Оның артында көз майын тауысқан ерен еңбек тұрады. Сонымен қатар қолдау мен демеудің болатыны тағы бар. Біздің арыдан толғап отыруымыздың өзіндік себебі жетерлік. Жоғары оқу орынын бітіріп, еңбек жолына белсене араласқан арудың енді бір істеуге тиісті қадамы болады. Анықтап сөз еткенде қыз баланың бақыты өз серігін тауып, басқа ошақтың бағын жағу екені ақиқат. Осы тұрғыда әжесі мен анасының қатар берген қазақи тәрбиесін алған Гүлжан ана тарихи қала Түркістан шаһарында өсіп өнген үлкен әулетке келін болып түскен. Ата салты бойынша Абдраман қарияның шаңырағында Жолбарыстай асыл азаматқа жар болып, болашақ өмір жолын жаңа қадаммен бастаған. Осылайша қызметпен қатар отбасылық жағдай тайталасқа түсті. Енді осы екі саланы өз деңгейінде, өз биігінде алып жүру керек. Енді бір жағынан қыз баланың келген жерге сыйлы болуы таңдап келген ер азаматына байланысты. Келіннің бойындағы ерекше қабілетті таныған жұбайынан ерте айрылған қария, ананың жанұядағы қамқоры, демеушісі, ене орнына ақыл айтар қостаушысы бола білді. Атасы жақтаған, жары қолдаған Гүлжан апайдың жеткен жетістіктерін, бағындырған биіктерін отбасының еңбегінен бөле қарауға болмайды.
Оның сыртында отбасылық тәрбие мінез бен болмысқа әсер етпей қоймасы бар-ды. Осы тұрғыдан алып айтқанда Ақша әженің бойындағы ер адамға берілген қасиеті мен қайсарлығынан үлгі алған, Жанбике анасының тәлімді тәрбиесін көрген Гүлжан апай қызмет барысында алғырлығын, өжеттігін, ер мінезділігін, қайсарлығын көрсете білді. Балалық нәрлі тәрбие мен отбасының қолдауы көп дүниеге оң ықпалын тигізді. Анау айтқандай бірден бәйтерек болып қалыптаса салған жоқ. Саты саты бойынша, баспалдақ баспалдағымен өсті. Былайша айтқанда оқытушылықтан басталған жол – 1969-1981 жылдары қалалық білім бөлімінде әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі, аға инспектор қызметтеріне жалғасып, 1981-1992 жылдары қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсартуда, қаланың өсіп өркендеуіне үлкен үлестер қосты.
Келесі кезекте киелі шаһардағы С.Ерубаев атындағы №7 мектеп интернатының директоры қызметін атқарды. Басшылық қызмет атқара жүріп 7 рет (1967-1969, 1981-1992 ж.ж) қалалық кеңес депутаты, қалалық мәслихат депутаты (2003-2007 ж.ж ) болып сайланды. Халық қалаулысы бола жүріп, ел мүддесін қорғау аяулы ананың басты бағыты болды. 2007 жылдан Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің төрайымы болып тер төкті. Мейілінше атаулы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда осы қоғамдық ұйымның кеңесшісі қызметін атқарып келеді. Бойындағы 58 жылдық толықсыған тәжірибесін, ерекше білім мен қарымын әлі да пайдалы жолға, халықтың игілігіне арнауда. Еңбекпен өрілген өмір еңбек етуден танған емес.
Қызметтік жолда ғана өз бейнесін жасап қалмастан, ана ретінде де еңбегі ерен. Былайша айтқанда отбасында жұбайының қолдаушысы, бала-шағаларының ақылгөй қормалы, туыс-туғандарының жанашыр жақыны, замандастары мен достарының сырласы бола білген айтулы ардақты ананың бірі. Отбасы мен тәрбиенің салмағы туралы сөз еттік қой. Енді осы Гүлжан ана бір кіндіктен тараған 3 ұл және 2 қыздың бірі. Әкеге деген құрмет пен ізетті бала жастан танып, әкеге жаман ат келтірмеу, елге елеулі болуды сабырлы мінезімен, дархан пейілімен өмірлік ұстанымы етіп өсті. Ыстық пен суыққа толы ғұмыр жолының 58 жылын бірге өткізген жан жолдасы Жолбарыс ата екеуі 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан 5 немере 9 шөбере сүйіп отыр. Ұрпағымен мың жасайтын баба ұғымы тұрғысынан осы бір текті әулеттің көргенді ұрпақтары саналы өмірдің жеңісті жолдарын айна етері даусыз.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші көп кісіге берілмеген қасиетті бойына дарытқан Гүлжан ана бүгінгі таңда шынар ағаш, мәуелі бәйтерек. Жұлдыздай жарқыраған тамаша табыстары мен егей еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтқанда төккен терінің арқасында «Еңбек ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10, 20, 30 жылдық медалі», Қазақстан Республикасы кәсіподағы федерациясының «Құрмет грамотасымен» және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Тверчестволық Бірлестігінің «Құрмет белгісі – Знак почета» Халықаралық ордені, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2014 жылғы 28 сәуірдегі №1-104 Өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі қатарлы көптеген медалдармен марапатталған. Сонымен қатар «Қазақстан ССР халық ағарту ісінің озық қыз-меткері» төсбелгісі және «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Халықаралық Психоло-гия Академиясының Құрметті Академигі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Сонымен қатар бірқатар құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталған. Өмір келбеті мен өнегелі ғұмыр жолы әр жылдары жарық көрген «Оңтүстік әйелдері», «Аяулы, ардақты», «Түркістанның жұлдызды қыздары», «Оңтүс-тік элитасы», «Ордабасы энциклопедиасы» қатарлы 6 кітапта арнаулы таныстырылған.
Тұтас өмірі еңбектің өтінде өткен Гүлжан ананың жетістіктері мен өмір белестерін бір мақала арқылы жеткізу мүмкін емес. Кәдімгі ертеңгі ұрпаққа өнеге болатын, жол көрсететін, тәжірибе бөлісетін үлкен кітап арқылы ғана кейіпкер келбеті толық ашылатындай. Барша істе өз ісімен үлгі көрсете білетін Гүлжан апамыз қыздарының жоғары білім алуына мүмкіндік жасап, олардың түрлі бағытта халыққа қызмет етуіне жол ашып отыр. Міне бұл ана атаулының ортақ мұраты болса керек. Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал, осындай құрметке лайық Гүлжан апамыз бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен жөн. Аналарды қадір тұтқан, қасиетін қастерлеп, жақсылығын үлгі ететін тектілердің ізі. Енді бір сөзбен көненің көзі. Берекесі мен бірлігі жарасқан егеменді еліміздің ардақты анасы.