Home Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢАЛЫҚТАР ЖЕТЕРЛІК

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ САЛАСЫНДА ЖАҢАЛЫҚТАР ЖЕТЕРЛІК

Түркістан қаласы облыс орталығы атанған күннен бастап, шаһар адам танымастай әсем кейіпке ене бастады. Көз жауын алар зәулім ғимараттар, саябақтар мен субұрқақтар көне қалаға заманауи сән беріп тұрғандай. Тіпті білім саласының дамуында айтарлықтай оң өзгерістер болды десек қателеспейміз. Енді бір сөзбен айтқанда шаһардың түрленуі мен дамуында ілгерлеушілік мол.

Соңғы жылдары барша жаңалықтар мен ерекше шаралардың дені осы  киелі шаһарда орын алып отыр. Қалай болмасын облыс орталығы ретінде дамудың жаңа үлгісін көрсетіп жатқаны анық. Біз төменде соңғы уақыттарда Түркістанда болған ерекше деген шаралар тізбегін еске түсіріп, оның мәні мен маңызы хақында толғанып көруді жөн санадық.

Мектептерде алғаш рет «Е-Асхана» пилоттық жүйесі іске қосыла бастады

Түркістан қаласында «Е-Асхана» пилоттық жүйесі іске қосылмақ. Осы орайда, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі мен №28 мектеп-лицейі таңдалып алынған. Жобаның тиімділігі – балаңыздың мектепте қандай сусын немесе тағам тұтынғанын ұялы телефоныңыздағы қосымша арқылы көре аласыз.Пилоттық жобаны егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында аталған мектептерде кездесу өтті. Жиынға мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты. Көпшілігі жүйенің тиімділігі жоғары екендігіне сенімді. Солардың бірі – екі перзенті бастауыш сыныпта білім алатын Ақтолқын Ержігітова.

Жоба жүзеге асырылса, ұл-қызының мектеп асханасынан сатып алған асын қадағалап, тіпті күнделікті қаражат беру шегін белгілеуге болады.«Жүйенің пайдасы орасан екені көрініп-ақ тұр. Арнайы мамандар мектептерде құрылғыларды таныстырды. Түркістандық балалар цифрлық жүйеге үйренуі керек. Жалпы қалалардағы мектептерде орнатылған жүйе республикамызда көң көлемде танылып, қолданыста», – дейді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова.«Е-асхана» менеджері Әлібек Қалдыбековтің айтуынша, ата-ана баланы жүйеге тіркегеннен соң QR-код беріліп, баланың күнделікті тамақтануына арнап ай сайын немесе күн сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып қояды. Оқушы асханаға QR-код арқылы төлем жасайды. Тиісінше, ата-аналары баланың қандай тағам мен сусын алғанын, бағаларын, құрамын бақылауда ұстау мүмкіндігі бар.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында мектептер салынады

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша Түркістан облысында 86 мектеп салу жоспарланған. Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған.

– Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын. Екіншіден, құрылысы кешеуілдеп жатқан білім ұяларын қадағалауға алып, жұмысын жандандырыңыздар. Әрбір мердігер мектептерді уақтылы әрі сапалы тапсырулары керек. Сонымен бірге білім сапасын арттыру мәселесі де назарда тұруы тиіс,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.

Жобаның мақсаты – қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан (перспективалы) елді мекендерде жаңа үлгідегі, бірыңғай стандарттағы жабдықталған мектептер салу. Оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру. Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр.

Алғаш рет «Ұстаз барысы» Түркістанда өтті

Түркістанда ерекше турнир өтті. Қазақ күресінен тұңғыш рет «Ұстаз барысы» додасы ұйымдастырылып, мықты балуандар анықталды. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – қазақ күресін дамыту және ұстаздар арасында саламатты өмір салтын насихаттау.Қорытынды сайысқа 17 аудан және қалалық іріктеу жарыстарынан 7 салмақ бойынша бірінші орын алған 119 ұстаз қатысты. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Отырар ауданы көш бастады.

Бәйдібек ауданының балуан ұстаздары екінші орынды місе тұтса, Кентау қаласының командасы үздік үштікті қорытындылады. Жүлделі орын алған командаларға медаль мен кубок берілді.«Түйе балуандар» сынында Төреқұлов Асқар (Отырар ауданы) доданың «Түйе балуаны» атанды. Екінші орынға Мақсат Рақышев ие болса, үшінші орын Ербол Әбдіхановқа бұйырды. 3 балуанға да қомақты қаржылай сыйлық табысталды. Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында биыл алғаш рет өткен «Ұстаз барысы» турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Маңызы мен мәні ерекше   «Turan»  интелектуалды сайысы

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен республикалық “TURAN” интеллектуалды ойыны өтті.Сайысқа Алматы, Шымкент қалалары, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келген 44 команда өзара бақ сынасып, финалға 8 команда жолдама алды.

Тартысты додада Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Ахымбетов барша қатысқан ойыншыларға алғысын білдіре отырып, командаларға сәттілік тіледі.Көпшіліктің көзайымына айналған сайыста бас жүлдені 1 000 000 миллион теңге сыйақысымен Сайрам ауданының “ЭРУДИТ” командасы иеленді. I орынды “КЕНТАУ ЗИЯТКЕРЛЕРІ” командасы жеңіп алып, 700 000 мың теңгені олжалады.

Сондай-ақ Жамбыл облысының қос командасы жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иемденді. Бұл ретте, II орынды алған “DREAM TEAM” командасы 500 000 мың теңгені қанжығасына байлады. III орын “CHICAGO BULLS” командасына бұйырып, 300 000 мың теңгені еншіледі. Ойынға қатысқан Жаңабек Хамраев “Үздік білімгер” номинациясымен, Айбек Ташкенбай “Үздік топ басшы” номинациясымен марапатталып, қос ойыншыға 250 000 мың теңгелік сертификат табысталды.

Түркістанда  алғашқы гастрокартасы таныстырылды

Түркістан облысында алғаш рет «GASTRO FEST TURKISTAN — 2022» ауқымды фестивалі өтті.

Облыс орталығында өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысып, фестиваль аясында халықаралық туризм күніне байланысты сала қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Гастрофестиваль – Түркістан қаласының көрнекі белгісіне айналатын, өңірдегі қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға және гастрономиялық брендін қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған аймақтағы ауқымды аспаздық шара.

Қаланың 25-тен астам мекемесі гастрофест қонақтарына ұлттық, жергілікті және көше тағамдарын, десерттер мен сусындар дайындады.

Фестивальдің айрықша ерекшелігі — авторлық рецепт бойынша дайындалған көше тағамдары форматындағы дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Фестиваль мәзірінде қонақтар қайта ойластырылған әлемдік хиттерді де сынап көрді.

«Жібек жолы» саябағындағы іс-шараға 2 мыңнан астам қонақ қатысты. Гастрофестиваль аспаздардың концерттері, ойындары, конкурстары, шеберлік сыныптары бар бай мәдени бағдарламамен жалғасты.

Сондай-ақ «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы іс-шара барысында Түркістанның алғашқы гастрокартасын таныстырды. Картада туристерге баруға ұсынылған қала мекемелері туралы ақпарат бар. Бұл картадан, мысалы, нағыз түркістандық самсаны, Оңтүстік кебабын, қазақ тағамдарының көне рецептерімен әзірленген тағамдарды немесе жергілікті фаст-фудты қайдан көруге болатынын білуге болады.

Гастрокарта туристерге арналған нұсқаулық қана емес, сонымен қатар мейрамханалар мен кафелерге бару үшін жеңілдік купондарының жинағы. Барлық купондар жыл соңына дейін жарамды.