Жыл сайын білім беру саласында сантүрлі жаңалықтар, өзгерістер орын алады. Білім сапасы жаңа сипатқа ие болды. Педагогтің құқығы, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, жағдайлар жасалып жатқаннан кейін кәсіби талап та күшейіп жатқанынан күнделікті хабардармыз. Ендеше қазіргі мұғалімнің шынайы мәртебесі жайлы білу, т.б. көкейдегі сұрақтарға жауап алу үшін қаламыздағы №6 М.Мәметова жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Исмаилова Гүлмира Байзаққызымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Гүлмира Байзаққызы, балаларға білім мен тәрбиені беру жолында сіздердің ерен еңбектеріңізді, темірдей төзімділіктеріңізді түсінеміз. Десе де осынау қажырлы еңбектің мақтан тұтар тұстары да аз емес. Биылғы оқу жылы білім, спорт саласында қандай жақсы жетістіктерімен есте қалғалы тұр. Қандай қуаныштарыңызбен бөлісесіз?
– Ия, «білім инемен құдық қазғандай» деген тәмсіл рас айтылған. Ал балаларға білімнен бұрын тәрбиенің берер маңызы зор. Бұл жөнінде ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені әрдайым назарымызда. Оған технологияның қазіргідей дамып, ақпарат ағымында адасып жатқан жастарды қосыңыз. Сондықтан мектеп тәрбиесінің, оның ішінде өмірлік маңызды рухани-адамгершілік, ұлттық, еліне деген патриоттық және азаматтық, зияткерлік, дене тәрбиесінің мәні ешқашан жойылмақ емес. Сондықтан сапалы біліммен қатар тәрбие беруде ұстаздардың да, көштен қалмай, заман ағымына сай ілесуді мақсат еткен қазіргі заманауи оқушылардың да еңбегі зор. Мектеп бітірушілердің ҰБТ нәтижесі өз алдына, кіші-жоғары сынып оқушыларының жыл бойы көптеген мектепаралық, қалааралық сайыстардан жүлделі болып келгендерін атап өтсек, қазақ тілі мен әдебиет бірлестігінің ғылыми жобасынан Н.Әбсаттар 2-орын алса, математика, химия пәндерінен ғылыми жобалардан көптеген оқушыларымыз жүлделі оралды. Сондай-ақ спорттан жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлық. Ұлттық мектеп лигасы ойындарының «Теңбіл доп» жарыстарында 7-8 сынып оқушылары, 5-6 сынып оқушылары облыстық кезеңде 3-орын алып қуантса, Ұлттық мектеп лигасы «Былғары доп» кіші футболдан 5-6 сынып Түркістан қаласының чемпиондары атанды. Сондай-ақ «Ұлттық ойындар» тоғызқұмалақ жарысында 7-8 сынып оқушылары облыстық кезеңде 3-орыннан көрініп, ал 5-6 сынып оқушылары 2-орынды иеленді, 9-11 сынып оқушылары қала чемпионы атанып мектеп атын жоғары деңгейден көрсетті. Міне, осылай мақтан тұтар білімді де жігерлі оқушыларымыз барда қайраттанып, алға ұмтылатынымыз рас.
– Өзіңіздің еңбек жолыңыз туралы айта кетсеңіз. Мектеп қабырғасында еңбек еткеніңізге неше жыл болды, үйде 2-3 балаға сабақ оқытқанға әзер шыдаймыз, ал бірден 25 балаға әріп үйретудің қиындығы айтпаса да түсінікті. «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет ет» деп дана халқымыз айтқандай, шәкірттеріңізбен араласып тұрасыз ба? Жетістіктеріңізді айта кетсеңіз?
– Мен М.Мәметова мектебіне 1991 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келемін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін мұғалімдік қызметіме отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар аралығында 6-7 бастауыш сыныбын оқытып шығардым. Әрине, баланың тұлға ретінде қалыптасып, өмірде өз орнын табу үшін ұстаздың еңбегі зор. Бүгінде олардың алды еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етуде. Ж.Сәрсенбаев, А.Тұраров, А.Қожанов сынды оқушыларым жиі хабар алып, араласып тұрады. Соңғы бітірген және қазіргі шәкірттерімнің түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде өздерінің білімі мен күш-жігерін көрсетіп, топ жарғанын қуанышпен айтқым келеді. Мысалы, «Математика – ғылымдар патшасы» облыстық зияткерлік байқауында К.Артықбай 2 орын алса, Ә.Өмірбек Астана қаласы бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиада орталығынан ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ үлгілі шәкірттерім Айдана Мырзабек, Р.Молдахан «Алтын ұрпақ», «Ой-сана» зияткерлік олимпиадасының, Е.Оңласбек «Бәйтерек» олимпиадасының жеңімпаздары. Ал ізденімпаз да дарынды оқушым Б.Қасымхан бастауыш сыныпты бітірген соң, 6-сыныпты үздік оқып, қосымша дайындала келе, Шымкенттегі «Білім – инновация қыздар лицейіне» жоғары ұпаймен оқуға түскенін мақтанамын. Кейбір оқушыларымның кішкентай болса да іздеп тұратын мейірімді жүректерін сағынамын
– Әріптестеріңіздің арасында «Үздік педагог» атағын т.б. жоғары құрметтерді иеленген мұғалімдер бар шығар. Ол атаққа ие болу үшін қандай біліктілік пен қасиеттер қажет деп ойлайсыз?
– Ұжымымызда білім кеңістігіндегі дәстүрлі және жаңаша оқыту әдістемесінің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оқушылармен нәтижелі жұмыс істеп жатқан мұғалімдер жетерлік. Осы ретте оларды атап өтсем, Баян Айтжанова, Жұмакүл Сансызбаева, Боранкүл Әмірбекова т.б. көптеген үздік педагогтарымыз алтын ұя – мектебімізге еңбегі аянбай сіңген ұстаздар. Олар әрдайым кәсіби ізденісте, шығармашылық тұрғыдан шыңдалып жүретін ұстаздар дер едім. Олар оқушылардың өздігінен ізденуіне, сыни ойланып үйренуіне жағдай жасайды. Қуана жеткізетін тағы бір жаңалық, өткен апта бастауыш сынып оқушылары жылдық тест тапсырып, жоғары дайындықтарын көрсеткен 2, 3, 4 сынып оқушылары М.Қасымхан, Ұ.Шырымбек, А.Серікбай «Үздік оқушы» төсбелгісімен, ал олардың мұғалімдері Жазира Нұрмаханова, Айнагүл Сәтимова және мен «Үздік мұғалім» төсбелгілерімен марапатталдық. Бұл оқушыларымыз үшін керемет ынталандыру болды.
– Сіздің ойыңызша, мұғалім мен баланың өзара іс-әрекеті, түсінігі үшін ең алдымен не қажет? Мұны сұрауымыздың себебі, қазіргі таңда оқушының мұғалімді сыйламай, бірме-бір ұрысуы немесе мұғалімнің баланы ұруынан кейін ата-аналар арасында туындаған кикілжіңдер жайлы түсірілген бейнелер көпшілік арасында көп тарауда. Олқылықтар қай жерден туындады?
– Мұғалім мен баланың арасында өзара түсіністік болу, олармен тең дәрежеде сөйлесу қажет. Ал баланы өзара түсіністікке шақыруы мұғалімнің басты міндеті. Яғни, оқушыны өзіңнің қарапайым жылы сөздеріңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды. Оқушыға деген ыстық сезім мен мейірімділігіңмен шәкірт жүрегін жаулап аласың деп ойлаймын. Сабақ үстінде тең дәрежедегі ой бөлісіп жатқан тұлғалардың ашық қарым-қатынасы орын алуы тиіс. Әр баланың жеке мүддесін сыйлай отырып, оқуға деген қызығушылығын оятқан абзал. Ал сіз айтып отырған жайсыз бейнелер ұялы телефондардың дамуының арқасында күллі әлемге тарап, түрлі түсінбеушіліктер әшкере болып жатқаны жасырын емес. Оның арты дау-дамайға ұласып, соттасуға дейін барып жатады. Бұдан айналып келгенде, балаға кері әсері тиеді. Баланың күйгелек, күмәншіл, жек көрушілік мінездері қалыптасады. Даумен біткен іс ешкімге оңай соқпайды. Десе де, педагогтердің ар-намысын, абыройын қорғау мақсатында заңнамамен көптеген шаралар қарастырылды.
– Бұрынғы мұғалім мен қазіргі мұғалім арасында айырмашылық бар ма? Мұғалім мәртебесі жайлы не айтасыз?
– Бұрынғы мен қазіргі мұғалімнің арасындағы айырмашылықты бұрынғы адамдар мен қазіргі адамдар өзара бөлісіп алғандай. Өйткені, бұрынғы адамдар «біздің кезімізде қандай еді, «әкеңе айтам» деген анамыздың бір ауыз сөзі мен мұғалімнің қаһарлы бір көзқарасынан-ақ біз бәрін ұғып алушы едік. Бүгінде «ақпақұлақтарға» қанша айтса да түсінбейді» деп кейіп жатады. Ал қазіргілерге құлақ салсақ: «бұрынғы заман өтті-кетті, қазір бәрі басқаша» дейді. Ия, заман жаңарды, жаһандану ғасырында өмір сүріп жатырмыз, білім сапасы жаңа сипатқа көшіп жатыр, шетелге еліктеу басым. Десе де, «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей біз адамдық қалыпты биік ұстап қалуымыз керек. Ата-ананы, ұстазды, үлкендерді сыйлау, кішілерді құрметтеу бұл сол «бұрынғы» ата-бабаларымыздан қанымызға сіңген ең үлкен қасиет деп білемін. Бар айырмашылығы осы, яғни адамгершілікті ұмытпауымыз керек! Ал мұғалім мәртебесіне келсек, ұрпақ тәрбиелеп, білім беретін маманға қашан-да құрмет көрсетілуі тиіс. Заңда мұғалімнің әдебі, құқықтары, материалдық қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты айтылған. Бұл заң мұғалімдерге серпіліс әкелді.