Home Білім ТҮРКІСТАН: АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ – 2

ТҮРКІСТАН: АРДАГЕР ҰСТАЗДЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ – 2

Әке деген асқар тау дегендей, әкесі жайлы естеліктерімен бөліскен Қарлығаш апаны тыңдап отырмыз.

-Әкем Әшірбек Баймұратов 1906 жылы туылған.Әкеміздің өмір жолын ұрпақтары, көнекөз қариялар білеміз. Қанша жерден білеміз десек те НКВД-да істегенін ұмытып қалыппын. Ауылдың үлкен қадірменді қариясы Еркінбек ағамыз: «Әшекең НКВД-нің начальнигі болған» деп айтқан еді. Әкеміз соғысқа кетпей тұрып партия қатарында болған екен. Райпотребсоюздың бастығы болып тұрған кезде Ұлы Отан соғысы басталып, соғысқа аттанғандардың санағы жетпей тұрған кезінде 34 жасында кеткен екен. Соғыстың басынан аяғына дейін 5 жыл қатысып, Рейстагқа Ту тіккен сарбаздардың қатарында болған екен.Рейстагқа Ту тігу тапсырмасын орындауға аттанған сарбаздардың біреуі біздің әкеміз болған. Әкеміздің айтқан әңгімесінен айтайын. Сонда Ту тігуге еңбектеп бара жатқанда екі ортада үлкен асфальт жол болған екен. Сол асфальттің бір шеті кілең көпқабатты үйлердің төменгі қабаттары магазин екен. Екінші шеті Рейстаг. Содан бұлар уралап келіп еңбектеп жатқан сақтану амалдарын жасап. Алайда, уралап бара жатқан сарбаздарды көпқабатты үйлерде тығылып жатқан немістер атқан екен. Сонда біздің әкеміздің жамбасына оқ тиіп, жараланыпты. Өлгені бар, жараланғаны бар, барлығын артып Москваға алып келген. Содан әкеміз госпитальда 3 ай жатып, істемей қалған аяғын емдетіп шыққан.Москваның госпиталының дәрігерлерінің ауруы туралы жазған қағазы болатын. Дүниеден өткенше сол қағазын алып жүрді әкеміз. Сол дәрігердердің берген дәрігерлік қағазда «По старости лет может парализовать ноги» деп жазылған болатын. Сонда жамбасқа тиген оқтан оскольки қалған екен. Сонда әкем қағазын келген дәрігерлерге оқытатын. Мен де оқып жүретінмін.

Әкем 5 жыл соғыста болып келді. Рейстагқа Ту тіккендердің қатарында әкем болды. Бір қазақ тікті деп айтып отыратын. Телеарнадан Рахымжан Қошқарбаевтың атын естігенде әкем: «Иә, сол жігіт тікті» деп айтып отыратын жыр ғып. Аман-сау келді соғыстан. Көзі де, аяғы да сау. Тек жамбасында қалған осколкидің қалдығымен келді. Бір үйден ағайынды үшеуі де соғысқа кеткен. Өзінен кейінгі інісінен қара қағаз келді, одан кейінгі інісі екі көзінен соқыр болып келді. Ажалы жетпесе өлмейді деген рас екен. Ең кіші інісінің бір шекесінен тиген оқ екінші шекесін тесіп өткен. Көзінің екі жағы да шұқыр болып қалған, оқ майда тамырдың бәрін кесіп өткен. Әкем марқұм соқыр болып келген інісін көп сүйреді. Ол кезде әкемнің колхозда дүрілдеп қызмет істеп жүрген кезі. Әкем соғыста рота командирі болған екен. Москвада емдеген дәрігерлердің жазып берген диагнозының нақпа нақ тура келгенін қарасаңызшы. Қайтыс болардан екі жыл бұрын бір аяғы істемей қалды. Жатып қалған жоқ, далаға сүйретіліп кіріп шығатын. Сол кезде әкемнің сексен бес жасқа келген кезі болатын.

Соғыстан аман-есен келгеннен кейін Түркістандағы жалғыз нан заводының директоры болып қызмет еткен. Бұдан кейінгі жылдары НКВД-нің начальнигі болған. Одан кейін райком партия:«Туған жеріңізге барып ел құрыңыз» деп, жолдамамен үлкен тапсырма беріп, Аша ауылына жіберіпті. Әуелі, осы Аша елдімекенін ең бірінші 5-6 үймен құрған менің әкем. Алғашқыда Аша деген осы жерден алысырақ болатын, сол жерде 5-6 үй отыратын. Кейін осы жерге көшіп келіп, 1950 жылы Аша ауылдық советін әкем құрған. Одан кейін колхоз председателі болып істеді. Колхозда мал фермасында жұмыс жасады. Содан зейнеткерлікке шыққанша сауда саласында, Шорнақ сельпосының дүкенінде жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де дүкенде жұмыс істеді.

Әкеміз соғыстан келгеннен кейін де партия қатарында болған. Содан 1990 жылдың 28 апрель күні Райком партияның член бюроларынан 9 адам ауылдың атқамінер азаматтарымен бірге келіп, партия қатарында болғанына 50 жыл толғанымен құттықтап , «50 лет КПСС» деп жазылған төсбелгі тапсырды. Иә, 50 жыл партия қатарында болған.

«Қария қолда мал бар ма»,- деді райком партияның мүшесі. «Бар» – деді әкем. «Төсбелгінің байғазысы болсын, райкомпартияның атынан люкомотоцикл сыйлаймын»,-деп, әкеме мотоцикл беріп кетті. Менің әкем Семейде кооперативный техникумын 2,5 жыл оқып, бітіріп келген. Ол кезде техникум қазіргі университетпен бірдей бағаланатын. Осы жылдың 9 қараша күні әкем қайтыс болды.Бүгінде әкеміздің атында көше бар.

Анам Әлима екеуі дүниеге 10 перзент әкеліп, бізге өнегелі тәрбие берген ата-анамыз. Ең тұңғыш қызы мен Қарлығашпын. Анамыз Әлима ақылды, сымбатты, момын жан болатын. Ешқандай артық әңгімесі жоқ, мәдениетті еді,-деп ата-анасын еске алған Қарлығаш апаның Шорнақ ауылының дамуына үлес қосқанын ауыл тұрғындары көп айтады. Осы жайлы сұрағанымызда Қарлығаш апа өзінің атқарған еңбегін тайға таңба басқандай әңгімелеп берді.

-«Қазіргі Мансап орталығында бұрын дүркіреген дүкендер болатын. Үш бөлмелі цемент магазин еді. Қазіргі таңда Мансап орталығының алдын Сауран ауданы әкімдігі аллея жасап қойды.

Кеңес одағы кезінде еңбек еткендер біледі. 22 сәуір күні Лениннің туған күніне орай жаппай сенбілік өткізілетін. Сонымен осы дүкендерде істейтін магазиншілерге сенбілік ұйымдастырдым. Ремзавод ол кезде темірден қоршау жасайтын. Бухгалтерге айттым да темірден қоршау жасатып, әкеліп қойдым. Бір күн бұрын тас, цемент түсіртіп қойдым. Сөйтіп дүкен қызметкерлері бір күнде дүкеннің жан-жағына темір қоршауды құрғызып, қоршап қойдық. Ауланың ішінің жан-жағына ауыл азаматтары марқұм тракторшы Берік пен Балтабай екеуі Сидақтан бір күн бойы түннің бір уағына дейін шым тасып, төсеп қойды. Магазинге қарсы беттегі арықтан су ағатын. Екі ортадағы асфальтты бұзып жіберіп, су кіргіздірдік. Ол кезде асфальтты бұзса дереу штраф төлеттіретін. Оны біліп тұрсам да, су кіргізу үшін асфальтті бұздырдым. Тура сол күні барлық адамдар өз мекемелерінде сенбілікте жүргендіктен, көшеде тәртіп сақшыларынан ешкім жоқ болатын. Осы сәтті пайдаланып, қаздырдым да труба қойып жүргіздіріп, бұздырған асфальтті қайтадан цемент құйғызып, бекіттіріп, орнын дереу жөндетіп қойғыздым. Берік марқұм мен Балтабай екеуі түнімен ұйықтамай басында болды. Осының барлығын бір күннің ішінде жасатқыздым. Басы-қасында өзім тұрдым. Солай қазіргі Мансап орталығы орналасқан бұрынғы дүкендердің жан-жағын темір қоршаумен қоршатып, алдына бау жасатқан едім. Бұл 1987 жылы болған оқиға.

Негізі айта кетейін, дүкендердің алдын қоршатуыма мына жағдай себеп болды. Осы дүкендердің үстінен қарайтын бастық болып сайланғаннан кейін, дүкендердің тазалығына қараймын. Дүкендердің алдына КАМАЗ жүк көліктері көп келіп тоқтайтын. Оған мән бермейтінбіз. Бір күні осы үш айналы дүкеннің алдында тұрсам бір КАМАЗ келіп тоқтағанда анадан шыққан шаң дүкендерді көміп тастады. Сосын, ойпырмай, дүкенді шаң деп сатушы қызметкерлердің жанын алып, күнде шаң сүрткіздіреміз. Ауданнан келген тексерушілер бізге тазалаңдар, тазалаңдар, – дейді. Неге бұл таза болмайды, – деп біз магазиншілерден талап етеміз. Сөйтсек, таза болмайтынының мәні осыдан екен ғой, – деп ойладым. Бәсе, магазиншілер: «Апай сүртіп жатырмыз, не істейміз, – дейді. Сөйтсек, магазиннің алдына келіп тоқтаған барлық көліктердің шаңы магазиннің ішіне кіреді екен. Қап, әттеген-ай, дедім. Көктем уақыты болатын. Содан сол жерді қалай бекіттірсем болады деп ойлап жүрдім. Ақырсоңында сол жерді 22 апрель күнгі сенбілікте қоршатып қойғыздым. Жиырма шақты қызметкерлер жабылып жасаған болатынбыз.Кейін магазиншілер: «Апай магазиннің шаңынан құтылдық» деп рахметтерін айтып жүрді. Жұрт қанша мақтап жүрді. «Неше ер адам бастық болғанда осыны істетпеген еді. Қарлығаш апайға рахмет мына жерді бекітіп кетті» деп айтқан тұрғындардың алғыстарын да естіп жүрдім кезінде.Иә ол кезде 40 жасқа толар толмас жастамын, күш –жігеріміз мықты кезіміз болатын.

Жақында ауыл мен қала арасында жүретін көлікке отырсам, танитын үлкен азамат: «Қарлығаш апай аман-есенсіз бе. Қайда жүрсіз. Мына бауды біз сіздің есіміңізбен «Қарлығаш бауы» деп айтамыз,-деп, бүгінгі «Мансап орталығындағы аллеяны көрсетіп айтып отырғанына риза болдым. Негізі осы жерді қоршатқан мен болатынмын. Осыны біліп, айтып жүрген жергілікті тұрғындарға, азаматтарға алғысым шексіз. Бұрынғы уақыттарда да қаншама адам келіп демалып отыратын осы бауда. Бүгінгі таңда осы жерде аллея жасалып, қаншама адамдар келіп, демалып отырғандарына риза пейілдемін» деген Қарлығаш апаның халыққа риза болған нұрлы жүзіне қызыға қарадық.

Өміржолын көз алдынан кино лентасындай жүгіртіп өткізген Қарлығаш апа: Мұғалімдік қызметте де, саудада істегенімде де ешқандай жаман сөз естімедім. Жұрттың қарғысын алмадым. Әуелі Аллаға, одан кейін партияға рахмет, еңбегімді бағалады. Партия қатарында болдым. Сельпода парторг, председатель болып істедім. Екі рет ауылдық советтің депутаттығына сайландым. Әкеме тарттым, пысықтау болдым. Әкемнің жолын қудым. Әкем көбіне саудада істеген кісі. Әкемнің жолын қуып саудада істедім. Әкемнің жолын қуып басшылық қызметте істедім. Әкемнің жолын қуып, жаман болғаным жоқ. Өмірге өкпем жоқ. Сосын кооперативный техникумды сырттай оқып, бітіріп алдым. Партшколаны сырттай екі жыл оқып, бітірдім. Алдымен кооперативный техникумды бітіріп алдым, одан кейін партшколаны бітірдім. Оның алдында Алматы қаласындағы ЖенПИ-ге сырттай оқуға түсіп, тарих факультетін бітіріп шықтым. Дипломды қолыма алғанмен, денсаулығым жарамай, саудаға ауысып кеттім. 4 дипломым бар, оқыған еңбектерімнің нанын жедім. Бірге жұмыс істеген қызметтестерімнің барлығына рахмет айтамын.,-деген Қарлығаш апаға елдің де айтар алғысы мол екендігін жеткізгіміз келеді.

Ләззат САРЫБАЕВА.