Home Білім ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰСТАЗ ӨЗ МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ЕТЕДІ

ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰСТАЗ ӨЗ МАМАНДЫҒЫН МАҚТАН ЕТЕДІ

«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы», – демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, әрқашанда ұстаздықтың шоқтығы биік тұрады емес пе? Мәртебесі биік, білікті маман, ұрпақ болашағын ең бірінші орынға қоятын ұстаздардың бірі Гульмира Бекбергенова. Гульмира ұстаз 1965 жылы Түркістан қаласында туылған. 1984-1989 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих-құқық пәні бойынша білім алған. Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылынан бастаған. Одан кейін 2004 жылға дейін Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылындағы №247 мектепте тарих-құқық пән мұғалімі болып жұмыс жасап, бірінші санатқа өткен. 2004-2007 жылдар аралығында Түркістан қаласы, Т.Бигельдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінде жемісті жұмыс атқарып,

2007 жылдан бері Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінде тарих-құқық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Өзі жоғары санаттағы педагог-зерттеуші санатына үміткер. Еңбек жолында түрлі жетістіктерге ие болған. Атап айтар болсақ, Түркістан облысының білім басқармасы облыстық әдістемелік орталығының «Ең үздік әдістемелік басылымдар» деп аталатын байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иеленген. Сонымен қатар, жалпы орта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Ең білімді педагог – 2020» IV республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасынан диплом, «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық балалар оқулары байқауының облыстық кезеңіне қатысып, өздерінің кітап оқуға деген құштарлығын қалыптастыра білгені үшін «Кітап оқуға құштар топ» номинациясымен марапатталған. «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының республикалық Қазақстан тарихы пәнінен ұстаздар арасында өткен олимпиадасының жеңімпазы. «Мен үшін «білім» ұғымы «мектеп» сөзімен қатар тұрады. Мектепке алғаш келгеннен бастап біз білім әлеміне аяқ басып, өмірді жан-жақты тани бастаймыз: күннің шуағын, аспан әлемінің құпияларын, сиқырлы сандар мен ғажайып әдебиет әлемін. Ал осы таңғажайып әлем мен оқушы арасындағы байланысты орнататын адам — мұғалім. Мұғалім өмір — бойы білімін жетілдіретін адам. Ал заманауи оқушыға қалай білім беру қажет? «Мектептің жаны — мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» — деп А.Байтұрсынов айтқан болатын.Бүгінде білім беру саласында көп нәрсе өзгерді, дегенмен мұғалім – оқушысына үлгі болатын шебер болып қала бермек. Нағыз шебер өз шәкіртіне сенім білдіреді, оларға алға жылжуға мүмкіндік береді, өсіп-жетілуіне ықпал етеді.

Ендеше жаңашыл ұстаз, жаңа ұрпақ — бұл білім беру жүйесіндегі бәсекеге қабілетті маман даярлау, білім кеңестігіндегі мәдениет пен өнердің даму негізі.Мұғалімнің мақсаты — бәсекеге қабілетті өмір сүре алатын білімді, жаңадан танымы бар, білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, экономика деңгейіне шыға білетін ұрпақты тәрбиелеу. Иә, бұл кез-келген мұғалім қолынан келе бермейтін қасиет. Тек қажырлы да, өз жұмысын жақсы көретін, өз оқушыларын биік шыңға жетелегісі келетін ұстаздың қолынан келеді. Кейде, «мен шаршадым, мына дәптер, мына қағаз» сөздерін өз құлағымен естігенде, көңілім түсіп қалады. Төзімділік — адам бойындағы жақсы қасиеттерінің бірі. Төзімді болғанда ғана ұстаз жақсы бір нәтижелерге жетуге, нақты дұрыс шешім қабылдайды. Бүгінгі таңда кейбір ұстаздардың бойкүйездігі, тіпті өз жұмысына немқұрайлы қарайтыны мұғалімнің қадір-қасиетіне көлеңке түсіруде. Қандай да бір мамандық өзінше қызықты да, күрделі. Ал, осы мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандықтың бірі – мұғалім мамандығы. Мұғалім мамандығы киелі де көне мамандықтың бірі. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан, қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттігін жоймайтын маңызды мәселе — жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Мұғалімнің тағы бір міндеті – өткенді болашақпен жалғастыру, онсыз болашақты елестету қиын.Мұғалім ол – өз ісінің шебері. Шебер адам қандай істе болсын қажет.

Барлық адам шебер болу үшін көп оқып, көп еңбек еткісі келмейді. Қазіргі заманның өткір мәселелерінің бірі – өз ісінің шеберлерінің аздығы. Адамдар диплом алуға ұмтылады: диплом алу негізгі талап деп есептейді.  Дипломды алған адам әрі қарай білімін шыңдауға ұмтылуы сирек құбылыс. Мұғалімдердің  де басым көпшілігі өз білімдері мен кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүлде деп айтпасақ та, тиісті дәрежеде көңіл бөлмейтіні белгілі жайт. Өз ісінің шебері дипломына арқа сүйемейді, нағыз өз ісінің маманы болу үшін орасан зор еңбек атқарады. Ол өз білімін үнемі жетілдірумен болады. Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Мұғалім шеберлігі жайлы жазылған дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес», – дейді Гульмира Бекбергенова.ҚР БҒМ «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ҚР-да орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлемінде оқу курсын аяқтағаны үшін сертификат, ҚР БҒМ республикалық «Даму» педагогикалық-психологиялық дамыту орталығында «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқыту сапасын көтерудегі заманауи педагогикалық әдістер» тақырыбында оқытушылардың біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламасы бойынша сертификат алған.

Сондай-ақ, Педагогтардың мәртебесін көтеру мен кәсіби біліктілігін арттыру және дамыту мақсатында өткізілген республикалық «Мұғалімдер пән олимпиадасының» жеңімпазы, «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығында өткен республикалық тарих пәнінен ұстаздар арасында олимпиадасының жеңімпазы, vpo.kz сайты мұғалімдер арасында ұйымдастырған «Қазақстан тарихы» пәнінен республикалық виртуалды олимпиада жүлдегері атанған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері, Qaztest.kz сайтында педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Үздік педагог» олимпиадасында қорытынды кезең бойынша жеңімпазы атанған.Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіні белгілі. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге танытып, өзге мемлекеттермен тереземізді тең ұстап, керегемізді кең ететін – бүгінгі білікті ұстаздарымыздың шәкірттері жетерлік. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани – адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, білімді терең игерудің бірден-бір жолы – заманауи тиімді әдіс – тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу – бүгінде ұстаздарға қойылатын басты талап болып табылады.