Түркістан «Оқушылар сарайы» ШЖҚ МКК мен Қазақстан педагогикалық ғылымдары академиясымен бірлесе ұйымдастырған «Білім берудегі инновациялар: идеядан іске асыруға дейін» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз», деген болатын мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында.
Жолдау талаптарынан туындайтын мәселенің бірі де бірегейі білім сапасы. Яғни, білім ұйымдарының және сала қызметкерлерінің басты міндеті – заманауи, халықаралық талаптарға сай сапалы тәрбие мен білім беруді қамтамасыз ету.
Республикалық деңгейде өткен жиында осы мәселелер, бүгінгі орта білім саласының маңызды міндеттері мен проблемалары кешенді түрде талданып, еліміздегі білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен нәтижелер сараланды.
Конференцияның мақсаты – уақыт талабына сәйкес ғылым және білім жетістіктерін қолдана алатын креативті ойлау қабілеті дамыған құзіретті тұлғаны қалыптастыру. Сондай-ақ оқушылардың зерттеу қызметін талқылау, тәжірибе алмасу алаңын ұсыну, мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің зерттеу жүргізуге деген ынтасын көтеру және білім берудің өзекті мәселелерін талқылау.
Аталған республикалық ғылыми-практикалық конференция Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің 190 елінде және аумағында жұмыс істейтін БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті қолдауымен өтті.
Ғылым жиынға Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, п.ғ.д., академик Асқарбек Құсайынов, Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің өкілі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Қонақова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инженерлік және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев және ғылым саласының өкілдері арнайы қатысты.
Конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, алғашқы болып сөз алған Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик Асқарбек Құсайынов қатысушыларды құттықтап, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығына толық тоқталды.
Одан кейін Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Литисия Баззи Вейл сөз алып, соңғы уақытта еліміздегі балаларға білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен нәтижелерге жоғары бағасын берді.
Пленарлық отырыс, әрі қарай негізгі 5 секция бойынша жалғасты.
1. Ұлттық және отбасы құндылықтары мен мектептің тәрбиелік ортасын дамыту жолдары;
2. Білім берудегі замануи педагогикалық технологиялар;
3. Қосымша білім беру жүйесінің оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытудағы ролі;
4. Оқушыларда зерттеушілік дағдыларын арттыруда әдістемелік кабинеттер, үйірмелер, мұғалім-әдіскерлердің ролі;
5. Мұғалімнің ғылыми-әдістемелік жұмысы және білім сапасын көтеру мәселелері.
«Оқушылар сарайының» директоры, Индира Сарқытқызы: «Жаһандану кезеңінде өзгеріске түспеген ұлт кемде кем. Солай бола тұра біз балаларға білім беру ошақтарында ұлттық кодты сақтауға әрі жалғастыру үшін түрлі жолдар қарастыруымыз керек деп білемін. Оның маңызы – ұлттың ұлт болып сақталуында, өз мәдениеті мен болмысынан айырылмауында. Ал қазіргі оқушы – жаңа технологияны меңгерген, ақпараттық кеңістікте қиындықсыз өмір сүре алатын тұлғалар. Оларға ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру тікелей ата-ана мен білім беру ошақтарына міндет болып тұр» деді. Конференция аясында нақты ұсыныстар қаралып, оны жүйеге енгізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ «Оқушылар сарайының» UniSat білім беру хабының жұмысы таныстырылды. Хабтың мақсаты – наноспутниктерді әзірлеу саласында оқушылардың білімі мен құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ командалық жұмыс, шешендік өнер, тайм-менеджмент және шығармашылық салаасындағы дағдыларды жетілдіру.
Асқарбек Құсайынов, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик:
– Білім сапасына келсек, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтық әлі бар. Жалпы, осы саланы зерттеумен шұғылданып жүрген ғалыммын. Яғни, 1991 жылдан шетелдің білім беру жүйесін зерттеп келемін. Кез келген қарапайым дүниенің қасиетін салыстырмалы түрде анықтаймыз. Мұны салыстырмалы педагогика ғылымы дейді. Қазақстандағы білім беру сапасын басқа елдердің білім беру жүйесін салыстыру негізінде анықтап, баға беруге болады.
Осы уақытқа дейін орта білім берудің сегіз құраушысын анықтадық. Бірінші, білім беру мазмұны. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Осы уақытқа дейін білім беру мазмұнын әлемдік парадигма негізінде айтып келдік. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірде де, қазір де білім беру парадигмасын дамыта алмай жатырмыз. Ал көптеген елде баланың құзыреттілігін қалыптастыры, нәтижеге сай жұмыс істеуде. Ал оған өту күрделі дүние.
Білім сапасын анықтайтын PISA зерттеулеріне Қазақстан 2009 жылдан бері қатысып келеді. Соған қарасақ, жаратылыстану сауаттылығы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық бойынша қазақстандық оқушылардың білім деңгейі төмен. Себебі не? Ең алдымен біз нәтижеге бағдарланған балаларға білім бере алмай отырмыз. Мектепте балаларға көп ақпарат береміз, бірақ олар кейін сол ақпаратты не істейтінін, қалай игеретінін білмейді. Мысалы, химия пәнін үш-төрт жыл оқыған баладан «Алған біліміңді қайда және қалай қолданасың?» деп сұрасаңыз, жауап беруге ыңғайсызданады. Сондықтан осы жағынан көмек жасауымыз керек.
Екінші – ұстаз, педагог кадрларын дайындау мәселесі. Бұл әлемдегі дамыған елдерде ерекше көңіл бөлініп, шешілген дүние. Мысалы, Қазақстан мен Жапония елдерінің педагогика кадрларының мәселесіне тоқталсам, алты айырмашылық бар. Айталық, бізде талапкер педагогика мамандарын дайындайтын оқу орнына құжат тапсырып, түседі, төрт жыл оқып тәмамдайды. Қолындағы дипломмен мектепке жұмыс тұруға келеді. Қабылдаса, орналасады. Қарапайым дәстүр осындай. Ал дамыған елдерде ерекшелік көп. Оңтүстік Корея, Сингапур, Жапония, тағы басқа елдерде мектепті ең үздік бітіргендер, яғни түлектердің 5-10-20 пайызы ғана педагогика мамандарын дайындайтын оқу орнына құжат тапсыра алады. Бізде қазір осыған ұқсас алғашқы қадам жасалды. Ұлттық бірыңғай тестілеуде педагогиканы таңдаған талапкердің межелі балы жоғарылады. Міне, әлем елдерінде тек үздік бітірген балалар ғана педагогикаға тапсыра алады. Білімді жастар ғана мұғалім бола алады. Болашақ мұғалімге талап жоғары.
Үшінші – кәсіпке бейімділік. Педагог болу – күрделі мамандық. Әр адам мектепте мұғалім болып жұмыс істей алмайды. Ол үшін адамның бойында көптеген қасиет болуы керек. Ең бірінші, адами қасиет. Дамыған елдерде осы адами қасиетті анықтайтын арнайы сынақ алады. Сол арқылы алдындағы адамнан педагог шыға ма, жоқ па айтады. Мысалы, бастауыш сынып мұғалімі спорттан, музыкадан хабары бар маман болуы керек. Баланы қызықтыра алуы тиіс. Оқушы қай кезде жақсы оқиды? Егер мұғалім қызықтыра алса ғана.
Келесі – білім сапасын бағалау. Мәселен, Қазақстанда 8-сыныпта оқитын оқушылардың химия, физика пәндерінен білім сапасы қай деңгейде екенін біле алмаймыз. Әр мұғалім сынып ішінде өз бағасын қояды. Шын мәнінде, елімізде оқитын оқушылардың білім сапасын анықтай алмасақ, оны көтеру жолында не істеу керектігін де білмейміз. Бұдан кейінгі – оқулық мәселесі. Оның да сапасын көтеру мәселесі күрделі әрі өзекті. Бұл 500 жылдық тарихы бар ғылым. Бізде жиырма жыл болды. Әлі де шешімін таппаған тү Материалдық-техникалық база да – құраушы жүйе. Мысалы, мектепте оқу, тәрбие, білім беру процесінің мазмұны дұрыс болмаса, онда білім болмайды. Міне, осы сынды сегіз құраушы толыққанды жұмыс істегенде ғана білім сапасы көтеріледі. Яғни, «білім сапасын қалай көтеруге болады?» деген сұраққа жеңіл жауап беру қиын. Орта білім беру сапасының ғылыми негізі болуы керек. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін ғылыми негізін жасап, оны жүйелі түрде іске асыра алмадық. Содан кейін де көптеген қиындыққа тап болдық.
Индира Икапова, Түркістан Оқушылар сарайының директоры:
– Қазіргі уақытта Түркістандағы 1500-ге жуық бала мен жасөспірім «Оқушылар сарайы»-ЮНЕСКО клубындағы 6 білім беру бағыты бойынша жұмыс істеп тұрған 60-қа жуық үйірмеде қосымша білім алып жатыр. Соның ішінде ғарыштық технологияның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз спутниктік робототехника үйірмесі – «UniSat» білім беру хабының орны айрықша. 2022 жылдың қыркүйек айында ашылған бұл хаб – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Оқушылар сарайының» бірлесе атқарған жобасы. Жер және ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғылардан аналогтық, цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік жасаған хаб арқылы 30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеріп келеді.
Бұл үйірмедегі хаб ашылғаннан кейін көп ұзамай-ақ, яғни қазан айында Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылды. Салмағы 1-10 келі аралығындағы шағын ғарыш аппараттары бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталды. Осылайша, қазір ол наноспутниктердің көмегімен ауа температурасы, қысымы, ылғалдығы және ластануы туралы мәліметтер жинақталып жатыр.
«Бұл үйірмеге 12 жастан асқан, ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады. Бүгінде үйірмеде 30-ға жуық бала білім алатын болса, олардың көпшілігі қыз балалар. Ғарыштық технологияға ден қойған оқушылармыз осыған дейін ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де қол жеткізіп үлгерді. Дәлірек айтсам, биыл сәуір айында Мәскеу қаласында халықаралық «ҒЫЛЫМДА БАСТАҢЫЗ» атты байқау өткен болатын. 600-ден астам жас ғалым қатысқан сайыста сарайымыздағы «Физика» үйірмесінің оқушысы Баянбек Камила да бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, оның жетекшісі, сарайымыздың білікті ұстазы Еркін Ақтаевқа «Халық ағарту ісінің үздігі» атты құрметті атақ берілді. Енді оқушыларымыз қазан айында жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, біздің басты мақсатымыз – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру», дейді Индира Сарқытқызы бізбен әңгімесінде.