Түркістан облысында білім мекемелерін цифрландыру жұмысы күшейтілді. Аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысында білім мекемелерін цифрландыру жұмысы күшейтілді. Түркістан облысында білім саласы бойынша оқушылардың қажеттіліктерін сапалы әрі уақтылы үйлестіру және мемлекет қаржысын мақсатты пайдалану үшін саланы цифрландыру жұмысы күшейе түсті. Аталған бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. – Өңірдегі балабақшалар, мектептер және колледждер толық цифрландыруға өтуі тиіс. Бақылау, талап күшейтіледі. Студенттері оқуға келмейтін, оқу процесін үйлестіре алмайтын колледж басшыларын ауыстыру мәселесін қарастырыңыздар. Оқушылардың мектепке келуін, мектеп асханасының жұмысын қадағалауды цифрландыру бойынша ортақ бір жүйені қолданып, оны жауапты басқармаға интеграциялау қажет, – деген Дархан Сатыбалды тиісті басқарма басшыларына ицфрландыру ісін бірлесе атқару жөнінде тапсырмалар берді.
Мәжілісте Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. 2024 жылдың соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестікке берілген 458 мектеп (420 мектеп, 38 мектеп-интернат) асханасының 210-ына ақпараттық бағдарламалық комплекс (АБК) орнатылып, «Әлеуметік әмиян» жобасымен толық интеграция жасалады. Қалған 248-і «Бизнес әмиян» жүйесіне енгізіледі. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, 2 ай мерзімде оларға АБК орнатылып, интеграция жасалмақ. Одан басқа 457 мектепке «Бизнес әмиян» енгізу жұмыстары жүруде. Облыстағы мемлекеттік 264 мемлекеттік балабақшада балаларды түгелдеу функциясын атқаратын арнайы құралдар мен камералар орнатылуда. 2025 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс алатын облыстағы 1119 жекеменшік балабақшаға да «Сана» жүйесі құрылтайшылар есебінен орнатылып, басқармамен интеграциаланады. Түркістан қаласындағы 145 балабақшаның 139-ы ваучерлік қаржыландыруға келісімдерін берді. Қалғандарына түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік тапсырыс қабылдап отырған 43 колледжге де Face ID жүйесі орнатылып, басқармамен интеграциаланады деп жоспарланған. Аппарат мәжілісінде Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есебі тыңдалды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша өңірде жалпы бюджетке 218,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 101,7%-ға орындалған. Түсімді молайтпаған және бюджетті тиімді игермеген аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты ширату туралы тапсырмалар берілді.
Білім беру ісін цифрландырудың оң және теріс жағы да бар екенін айту керек. Осы ретте түркістандық оқырмандарымыздың назарына білім саласын жетілдіру жолында цифрландыру бағдарламасының бағытын ұсынамыз. Оқушыны өз бетінше білім алуға ынталандыру, қағазбастылықтан құтылу, үнемділік жағынан алғанда бұл тиімді әрі ыңғайлы. Педагогтердің жұмысын әсіресе психологиялық тұрғыдан жеңілдетеді. Әдетте мұғалімнің уақытының көбі әр оқушымен жеке жұмыс жасауға жұмсалатын болса, цифрландырудың көмегімен оқушыға тек бағыт-бағдар беруге, кей мәселелерде ғана көңіл бөлуге болады.
Қазір білім беру ісіндегі цифрландырудың қарқындылығы сонша, интернет-технология ғылымның барлық саласын асқан жылдамдықпен дамыту үстінде. Жаңа ақпарат тез тарап, жаңа құрылымдар жасалуда. Мұның барлығы білім алу жолында ықыласты адамға ақпарат аштығын тудырмайды.
Қауіп-қатер неде? Ғалымдардың пайымдауынша, электронды нұсқаның тым құрғақ болатыны сонша, әбден іш пыстырарлық ақпаратқа үйренген бала психикасы шығармашылық тұрғыдан дамуға ұмтылмайды екен. Барлық ақпаратты дер кезінде интернеттен алу оқушының ойлау қабілетін әлсіретіп, барлық сұрақтың жауабы дайын тұрғандықтан, қандай да бір мәселені өзінше шешуге талпынысын төмендетеді. Бұның тек балаға ғана емес, үлкен адамға да әсері бар.
Мектеп адаммен, қоғаммен қарым-қатынастың көзі болса, ақпараттық жүйе арқылы білім алу оқушының әлеуметтенуіне және тұлғалық дамуына кері әсер етеді. Сондай-ақ білім беру саласының цифрлануы көздің көру қабілетін төмендетіп, ұсақ моторикалардың дамуына теріс әсер ететіні де мамандар тарапынан соңғы уақыттары жиі айтылып келеді. Қазір бұл мәселелерді шешудің және барынша қауіпсіз болуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялар жасалу үстінде. Сондықтан ғылым, техника дамыған сайын білім беру ісіндегі цифрландыру да дамудың жаңа деңгейіне көтеріле беретіні даусыз.
Жақында біздің Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанынан Сеултех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылғаны белгілі. Корея мен Қазақстан арасында жоғары білім беруде екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған бұл Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба болашақта жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласына кадрлар дайындайды. IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етуде бұл жаңалық, ынтымақтастық аймағымыз ғана емес, Қазақстанның болашақ технократ мамандарын даярлау ісінде ең үлкен табысымыз болады деп есептейміз.
Цифрлік сауаттылық – бұл адамның өмірдің барлық салаларында цифрлік технологияларды сенімді, тиімді, сыни және қауіпсіз қолдануға дайындығы және қабілеті. Цифрлік сауаттылық – ақпараттық қоғамдағы қауіпсіздіктің негізі, ХХІ ғасырдың ең маңызды білімі. Цифрлік сауаттылықты қалыптастыру оқырмандық, математикалық және жаратылыстану сауаттылығымен тең дәрежеде назар аударылуы керек.
Биыл мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Мемлекеттік 938 (оның ішінде: 909 – мектеп; 25 – колледж; 4-балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылған. «Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуге тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылды»,– деп атап өткен болатын Жандос Маханбетұлы.
Өңірдегі білім беру ұйымдарында жүргізіліп отырған инфрақұрылымдық жұмыстар да қарқынды. Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілсе, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтеруде. Сондай-ақ биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына биылғы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 106 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылған.
Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтерді тағайындауға басымдық берілетін болады. Сондай-ақ осы мектептерде жұмыс істейтін 41 басшылық құрам мен педагог кадрлар Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде және «Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ» Педагогикалық Шеберлік орталықтарында арнайы курстардан толық өтті. Осы ретте, жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және тағы басқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі енгізілу жоспарлануда.
Балалардың соңғы технологиялармен жабдықталған жаңаша сыныптарда білім алуы үшін шағын мектептерді қоспағанда (олар 82) 826 мектептің 2 201 арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Оның ішінде 1 256-сы жаңа модификацияланған пәндік кабинеттер, бұл көрсеткіш – 57%-ды құрайды (физика кабинеті – 444, химия кабинеті – 428, биология кабинеті – 359, STEM кабинеті – 25). 2024 жылы – 305 пәндік кабинет алу үшін облыстық бюджеттен 4 млрд теңге қаралып, қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, кабинет саны 2 506-ны құрап, көрсеткіш 85,6%-ды құрайды деп жоспарлануда.
Цифрландыру бағытында биыл 1-6-сыныптар 100%, ал 2025 жылы 7-11- сыныптар 100% электронды оқулықпен қамтылады. Цифрландыруда өңірдің ерекше атап өтер тұсы – орта білім беру жүйесі толықтай отандық электронды жүйеде жұмыс істеп, негізгі пәндер бойынша тегін 30 мыңнан аса интерактвті сабақтарға, түлектерге арналған 100 мыңға жуық тегін тесттерге қол жеткізіп отыр.