Home Білім ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҚАШАН МЕКТЕП ТІЛІНЕ АЙНАЛАДЫ?

ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҚАШАН МЕКТЕП ТІЛІНЕ АЙНАЛАДЫ?

Елімізде соңғы жылдары жекеменшік аралас мектептер саны ғана емес, жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер арасында да аралас мектептер саны артқан. 

Статистика көрсеткіштеріне үңілер болсақ, 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ 2016 жылы аралас мектептер саны 2 045 болса, соңғы алты жылда, яғни 2022 жылы олардың саны саны 2 778-ге жеткен. Бұл сандар республикадағы аралас мектептер санының өсу динамикасын көрсетеді. 

Ұлттық статистикалық бюросының 2023 жылғы есебі бойынша бас қала тұрғындарының 81,09%-ы – қазақтар. Елордада халықтың басым бөлігі қазақтар бола тұра, балаларын аралас мектепке беретіндер қатары неге артып отыр? Жалпы, қалада қанша аралас мектеп бар? Онда оқитын балалардың қаншасы қазақ тілінде білім алады? Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны және әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкельдиеваның айтуынша, 2023-2024 оқу жылында бірінші сыныпқа 28 500 бала қабылданса, оның 17 мыңы – қазақ тілінде, 11 мыңы орыс тілінде оқып жүр.

– Бізге қарасты 104 мемлекеттік мек­тептің ішінде 35-і қазақ тілінде білім берсе, 64-і – аралас мектеп. Нақтылап айтып кететін бір жағдай, 10-15 жыл бұрын таза орыс тілінде білім беретін мектептер саны 20-ға жуық болатын. Былтыр оқу жылында 8 мектептің 5-уін аралас қылдық. Жаңа оқу жылынан бастап, қалған үшеуін аралас мектепке айналдырамыз. Міне, осылай таза орыс тілінде білім беретін мектептер ішінен қазақ сыныптарын ашып жатырмыз. Бұл да біздің мемлекеттік тілді дамытуда жасап жатқан жұмыстары­мыздың бірі. 104 мемлекеттік мектепте 146 мыңнан астам бала қазақ тілінде оқып жатыр, ал аралас тілде оқып жатқан бала­лар саны – 116 мың. Аралас мектептер саны көп болғанымен, жылдан жылға ара­­лас мектептердегі қазақ сыныптарының үлесі артып келеді. 2024 жылы қазақ сы­нып­т­ары санының үлес салмағын осыдан үш жыл бұрынғымен салыстыратын болсақ, сынып санын 65%-ға арттырдық, – дейді. 

Демек, Астана қаласы Білім басқармасы орыс мектептерін аралас мектепке ай­налдыру арқылы қазақ сыныптарының санын арттырамыз деп үміттенеді. Яғни, «суға кеткен, тал қармайдының» кері. Олай дейтініміз, аралас мектептерде білім беретін сыныптар саны қаншалықты көп болғанымен, олардың білім сапасы, оқу­шы­лардың қарым-қатынас тілі туралы айтылмайды. Сонымен қатар «орыс және аралас мектептер санын демография өзі-ақ шешеді» дейтін тағы бір «есек дәме» бар. Айналып келгенде, қазақ тілінің ертеңі өскелең ұрпақтың қазақ мектебінде оқуы­мен байланысты екенін біле тұрса да, олар­дың «уызына жарып, ана тіліне қанығып өсуіне» жағдай жасалмайды. Сонда да болашақ ұрпақтан үміт үзбей, мәселе өзі­нен-өзі шешіле салса деген арман басым. 

Асыл Аманкельдиеваның айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту, ана тілде сөйлеу, тілге құрмет отбасынан басталады. Одан кейін балабақшада балалардың дүниета­нымының, сөйлеу тілінің қалыптасуына мән беру керек.

– Сондықтан былтырдан бастап бар­лық балабақшада топтастыру кезінде топтарды тек қана мемлекеттік тілде ашып жатырмыз. Кейін бұл балалар мектепке келгенде, қазақ сыныбының табалдырығын аттайды. Осылайша, біз қазақтілді білім беру көрсеткіштерін арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол. 

Бұл көзқарас та «балабақшаға енді баратын балалар қазақ топтарда тәрбие­леніп, кейін қазақ мектебінің табалдыры­ғын аттаса» деген үміт ұшқыны екенін мойындау керек.

«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, қазір қоғам, әлем тез өзгеріп жатыр. Бүгінде мектепте, басқа да оқу орындарында оқып жатқандардың 70%-ы қазақ тілінде білім алады. Сондықтан қазақ тілін білу үлкен қажеттілік болуы керек. Қажеттілік бар кезде тіл орнығады. Негізі, оқыту тілі деген шартты дүние. Мектептің қазақша немесе аралас, тіпті орыстілді болуы деген де шартты көрсеткіш. 

– Уақыт өте келе оқыту тілі деген жоға­лып кетуге тиіс. Қоғам эволюциялық жол­мен соған келе жатыр. Қазіргі жағдайға қарағанда, бұл процесс жақындай түседі. Өйткені адамға тіл, білім не үшін керек, екеуі де адамға жақсы өмір үшін керек құрал. Соған сәйкес, адамдар өзінің да­муын жетілдіріп жатыр. 

Бірақ қазақ тілінің қажеттілігін мем­лекеттік тіл ретінде үнемі көтеріп отыруы­мыз керек. Мектептің ішінде тілдің қажет­ті­лігін жасайтын орта болуы қажет. Мем­лекеттік тұрғыда әрбір адамның, азамат­тың, мектеп директорының қазақстандық ұстанымы болуы керек. Мысалы, оқушы­лар қазақ тарихын, қазақ әдебиетін, қазақ тілін, Қазақстан географиясын қазақша оқуы мүмкін. Өйткені тарихты әр мемлекет өзіне қажетті жағынан көрсетеді. Қазақ­станның қоғамы өзіміздің мемлекеттілігіміз үшін тарихты, географияны қазақша білуіміз керек. Қазақстандық ұстаныммен оқып-үйренуіміз керек. 

Ал білім саласында тәрбие жұмысының барлығы қазақ тілінде болуға тиіс. Сондай-ақ ежелден қазақтың дүниетанымында «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ұстаным қалыптасқан. Сондық­тан тіл білуді қауіпті деуге келмес, – дейді Шолпан Каринова. 

Иә, көп тіл білгеннің артықшылығы мол екені даусыз. Десек те, алдымен ұлттық болмыс, уызына жарып, қазақы қалыпты бойына сіңіріп өскен ұрпақ үшін алаңда­мауға болар еді. Алайда бүгінгі қазақ бала­сының бірқатарының тілі қазақша шықпай жатқандықтан, ұрпақ үшін алаңкөңіл боларымыз хақ.

– Мен мектептерді ашу кезіндегі оқыту тілі деген формалды дүниеге бармау керек деп есептеймін. Жекеменшік мектептердің жақсы жағын айтқым келеді. Олардағы жақсы тенденция қоғамның сұранысына тез жауап беріп жатыр. Жылдам өзгеруде. Мемлекеттік мектептер жылдам өзгере алмай отыр. Мысалы, соңғы кезде ашылған БИЛ, НЗМ секілді мектептерде оқыту тілі шартты түрде көрсетілген. Өйткені жарты сабақ ағылшынша, жартысы қазақ тілінде, кейбірі орыс тілінде өткізіліп жатыр. Балалар үш тілді де меңгеріп, жақсы орта қалыптасып қалды. Бізде үштілділікке деген кері көзқарас бар. Ол дұрыс емес. Атап айтар болсам, ағылшын тілінде цифр­лық дүниелерге арналған ақпарат, мате­риал, әсіресе жаратылыстану, математи­калық бағытта пайдаланатын оқулық өте көп. Бала ағылшын тілінде алған білімдерін қазақша да пайдалана береді. Менің ойымша, нақты білім беру жүйесіне көшу арқылы неғұрлым білімнің көзін ашуымыз керек. Оқыту тілі деген шаруа Кеңес үкіметінің білім беру жүйесінен шыға алмай жатқан үрдіс. Қазір қоғам ашық, әлем ашық. Меніңше, оқыту тілі кез келген тілді игеруге кедергі емес. Ол – тәрбиеге қатысты шаруа, – деді Шолпан Каринова. 

 «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» деп профессор Ме­кемтас Мырзахметұлының айтқанын ес­керсек, қазіргі аралас мектептер саны­ның артуы жағымды құбылыс емес. Мем­лекеттік тілдің мектеп тіліне айналуы үшін ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ бала­сының ана тілінде білім алуы үшін жан­кештілікпен ғасырларға татитын оқулық­тар жазып кеткен Алаш арыстарының табанды еңбегіндей күрес керек. 

– Бүгінде Астана мектептерінде 263 мыңға жуық оқушы болса, олардың 40 мыңы жекеменшік мектептерде оқып жатыр. Қала бойынша 174 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның жетеуі респуб­ликалық маңыздағы мектеп, ол респуб­ликалық болғандықтан министрлікке қарайды. Жекеменшік мектептердің білім беру қызметіне лицензияны Оқу-ағарту министрілігі жанындағы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті береді. Сонымен қатар жекеменшік мектептер министрлік жанындағы қаржы орталы­ғынан жан басына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру алады. Сон­дықтан қандай да бір жекеменшік мек­тептің білім беру үрдісіне Білім басқармасы араласпайды. Ол жеке кәсіпкер, жеке адам­ның бизнесі, сондықтан барлық оқу тәрбие үрдісін бақылау – Оқу-ағарту министрлігі жанын­дағы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің құзіретінде, – деді Асыл Аманкельдиева.

Егер жекеменшік мектептер мемле­кеттік тапсырыс шеңберінде қаржылан­дыру алатын болса, оқу тілін мемлекеттік тіл негізінде айқындауына құзіреті жетуі керек емес пе? Оқу-ағарту министрлігі мем­лекеттің білім саласындағы саясатты ай­қындай отырып, жекеменшік мектептер­ басшылығының мемлекеттік тілдегі сыныптар санын арттыруына және ата-аналарға баласын мемлекеттік тілде оқы­туына белгілі бір дәрежеде ықпал етуіне болатын шығар. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев бұл мәселеге орай:

«Әр өңірдің даму жоспары болады. Сол жерде нақты қадамдары қаралады. Ми­нистр­лік жалпы білім саласындағы саясат­ты айқындайды», – деп қысқа қайырды. 

Бұған дейін де «Біріншіден, елімізде аралас мектептерінің саны көп болға­нымен, ондағы қазақша білім беретін сы­ныптар саны мол. Екіншіден, ата-аналар балаларын қай тілде оқытқысы келеді өздері таңдайды. Бұл ата-аналардың конституциялық құқығы» дегенді талай естіп келеміз. Түсінгеніміз, министрлік аралас мектептердің санының өсуіне алаңдамайтын сияқты.

Дегенмен мамандар «2016 жылға дейін қазақ мектептерінің саны артып, баласын қазақ тілінде оқытатын өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келе жатқан еді», – дейді. Тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, 2017 жылға дейін қазақ сы­ныптарына орыс, өзбек, түрік және басқа да ұлт өкілдері балаларын бере бастаған. Бірақ 2017 жылдан бастап, жағдай күрт өзгерген.

– Мен аралас мектепте жұмыс істеймін. 2017 жылға дейін қазақ тілін үйренуге құлшыныс бар еді. Е.Сағадиев министр болып тұрғанда «үштілділік» деген шықты. Сол «үштілділік» деген бастама қазақ тіліне соққы болып тиді. Содан кейін ата-аналар балаларын қайтадан орыс сыныптарына бере бастады. Қазір бұл – үлкен проблема. Өзім Шымкент қаласының 99,9 пайызы қазақ Нұрсәт деген ауданында тұрамын. Аулаға шықсам, орысша сөйлеп жүрген балалар, алаңдайсың. Кейінгі кездері аралас мектептердің көбейіп бара жатқаны соның салдары деп ойлаймын, – деді ол. 

Әрине, бұл мәселенің түрлі қыры мен себебі болуы мүмкін. Бәлкім, ол ата-ана­лардың таным-түсінігіне де байланысты болар. Тиісті салаға жауапты мекеме басшыларының талабы да өз рөлін ойнауы мүмкін. Нақты жауап беру қиын. Бір білеріміз, аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу деңгейіне күмән басым.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.