Жәдігер қаланың білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің ардагері Мырзабай Тұрысбеков мерейлі 70 жасқа толып отыр. Ол осы уақыт ішінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, ізінен ерген талай жас маманға жол көрсетті. Қызығы мен қиындығы мол кәсіптің қыр-сырын үйретті. Бүгінгі күні шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, ел дамуы жолында зор үлес қосып жүр. Ардагер ұстазды әріптестері мен замандастары, шәкірттері құрметтеп, 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтауда. Біз де өз кезегімізде бүгінгі кейіпкеріміз Мырзабай Тұрысбековтің өнегелі өмір жолына үңіліп, жастарға насихаттау мақсатында әңгімелескен болатынбыз.
– Мен 1954 жылы 27-ші желтоқсанда Үшқайық ауылдық кеңесіне қарасты Откорм ұжымшарында дүниеге келдім. Әкем Әлмахан Тұрысбекұлы мен анам Мақтагүл Жүсіпқызы осы ұжымшарда шаруа қожалықта малшы болып қызмет атқарды. Кезінде сыр бойында Тамдыөзек деген жерде ата-бабаларымыз қоныстанып, сол жерді жайлап тұрған. Әрбір 500 шақырым жерде бір отбасыдан жайлап тұрған екен. Сол маңда өмірге келген екенмін. Қазір сол сырдың бойындағы ауылда атам молда болған мешіттің орны ғана бар. 1962 жылы осы ұжымшардағы Пушкин атындағы бастауыш мектепке барып, 1966 жылы бастауыш сыныпты бітірдім. 1966-1970 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында оқыдым. Одан кейін 1970-1972 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы мектепте білім алып, оқуды тәмамдадым. Сол жылы көлік жүргізушілерді дайындайтын Автомектепті бітіріп, шаруашылықта еңбек еттім. 1974-1976 жылдар аралығында Челябі облысында әскер қатарында болып, отан алдындағы борышымды өтедім. Әскер қатарында жүргенде жақсы көрсеткіштер көрсеткенім үшін әскери бөлімнің генерал-майоры Копеновтің атынан ата-анама алғыс хат жолданып, абырой биігінен көріндік. Әскерден келген соң 1976-1980 жылдар аралығында Түркістандағы аудандық медициналық бірлестікке қарасты туберкулездік диспансерде курстан өтіп, флюрограф және көлік жүргізуші болып жұмыс істедім.
1981-1983 жылдары С.Сейфуллин мектебінде оқушыларға кәсіптік білім беретін курста оқушыларға көлік жүргізу бойынша сабақ бердім. 1983 жылы Түркістанда оқу өндірістік комбинаты ашылып, барлық мектептердегі оқушылар аптасына бір күн сол жерден кәсіптік білім алып шығатын. 1993 жылға дейін аталмыш комбинатта оқушыларға кәсіби мамандық беретін өндірістік маман ретінде оқытушылық қызметті атқардым. 1987 жылы Қазан қаласында оқу өндірістік комбинатының шеберлерінің семинары болды, сол жиынға облыс атынан қатыстым. Сол жерде түрлі дәрістер өткізіп, сабақ бергенімізге орай шеберлік сыныбын өткізудің үздігі болып марапатталдым. 1995 жылы Ғ.Мұратбаев мектебінде оқушыларға Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәндерінен сабақ берген. 2007 жылы киелі қаламыздың «Отырар» тұрғын алқабындағы жаңа үйге көшкеннен кейін М.Әбенова мектебінде 2017 жылы зейнеткерлікке шыққанша дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеу жолында қызмет істедім.
Саналы ғұмырымда 37 жыл білім саласында еңбек етсем, соның 32 жылында кәсіподақ төрағасы болдым. Сол кездері білім қызметкерлері кәсіподақтарына 117 мекеме қарайтын. Туристік жолдамамен мұғалімдерді жаздық және қыстық демалыс кездерінде Мәскеу, Латвия, Литва, Самарқан, Ыстықкөлге апарып тұрдық. Ұлағатты ұстаздарға гидтік қызмет түрлерін көрсетіп, сол қалалардың бәріне бардық. Әр мекеменің кәсіподақ төрағаларының президенті боп қызмет атқардым. Кәсіподақтағы еселі еңбегімді бағалап, облыстық, республикалық білім саласының кәсіподақ комитеті марапаттар мен төсбелгілер табыстады. Сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің ішінде Сұлтанбек Қожановтың әр салада атқарған еңбектерін дәріптеп, әр жылдардағы мерейтойлық кештер мен семинарларды өткізуге атсалысқаным үшін марапаттады, – дейді ардагер ұстаз.
Мырзабай атадан спортқа деген қызығушылығы жайлы сұрағанымызда балалық шағындағы ғаламат естеліктерін есіне алды.
– Спортқа, еңбекке қызығушылығымды әкем оятты. Бәйгеге ат баптайтын, істің көзін білетін елгезек жан еді. Әкем жылқы баққан соң кішкентайымыздан атқа мініп өстік. Өзіміздің бәйгеге қосатын атымыз болды. Үшқайық ауылының маңында бәйге алаңы болатын. Ауыл тұрғындары күзге қарай егін жинап, малшылар слеті өтетін. Сол кезде үздік малшылар мен егіншілер марапатталып, аудан арнайы бәйге өткізетін. 13 жасымнан бастап сол бәйгелерге 4 рет қатысып, жеңімпаз атанып, шабандоз бала болып өстім. Ол кезде бас жүлдеге жылқы қойылатын. Одан кейінгі орындарға кілем секілді басқа да марапаттар болатын. Аттың үстінде жүрген адам шымыр әрі ширақ болады ғой. Мектеп жылдарында волейболдан облыс бойынша сегіз жылдық білім ордалары арасында 1-орын алып, үздіктер қатарынан көріндік. Облыстың сол кездегі хатшысы біз оқыған мектептен 10 қыз, 10 ұлды Мәскеу, Киев, Харьков, Одессаға 22 күнге круизге жіберді, соған барып қайттым. Одесса қаласында 12 күн болдық. Жарысқа әлем елдері мен Кеңес үкіметінің құрамындағы елдерден жасөспірімдер келіп қатысты. Алғаш рет сол байқаудан афроамерикандықтарды, ағылшындарды, түрлі өзге ұлт өкілдерін көрдік. Кіл мықтылар жиналған додада бізге ешқандай марапат берілген жоқ. Бірақ волейбол мен баскетболдан өткен жарыстарда біз жоғары нәтиже көрсеттік. Кеңес үкіметінің құрамындағы елдер арасында біздің жасымызға сәйкес үздік болдық, – дейді ақсақал.
Тұтас ғұмырын білім саласына арнаған ардагер отбасы жайлы былай деді.
– Негізгі білімімді Шымкент Совхоз техникумында жетілдіріп, техник-механик мамандығын бітірдім. Содан кейін Қазақ-Ресей университетінің Алғашқы әскери дайындық мамандығы мен спорт және дене шынықтыру бөлімін бітіргенмін. Еңбек еткен мектептерде Ұстаздар күні, Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні, Отан қорғаушылар күні, Жаңа жыл секілді мерекелерде түрлі іс-шаралар өткіздік. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған соң әр мейрам мен атаулы жиынның алдында бір сағаттық сайыс өткізетінбіз, дене қимылдарына арналған жаттығулар өткізетінбіз. Жалпы білім саласында қажырлы еңбек еткенім осы мамандықтар бойынша еді. Зейнеткерлікке шыққан соң қалалық ардагерлер кеңесіне мүше болдым. Қазіргі таңда ардагерлер кеңесінде білім саласы бойынша ардагерлердің төрағасымын. Жұбайым Тұрсынай Өмірбекова екеуіміз 1978 жылы отау құрғанбыз. Зейнеткерлікке шыққанға дейін білім саласында еселі еңбек етті. Отбасымызда 2 ұл, 1 қызым бар. Барлығы жоғары білімді. Біреуі дәрігер, екеуі мұғалім. Апаң екеуіміз 8 немеремізді еркелетіп отырған ардақты ата-әжеміз. Біздің ата-бабаларымыз ертеректе «Жарың жақсы болса, байлығыңның жартысы» деген ғой. Құдай қосып, жұбайыммен отау құрып, бір шаңырақ астында өмір сүріп келе жатқанымызға 47 жыл болды. Құдай сақтасын бір-бірімізге ауыр сөйлеп, ренжіскен емеспіз. Ол да білім саласының ардагері. Бір мектепте қызмет еткен кезіміз болды. Сол мектептің үлгілі қариясы болдық десем өтірік айтқаным болмас, – дейді.
Қазыналы қария өз сөзінде ұрпақтар тәрбиесі жөнінде ойын былай жеткізді.
– Қазіргі таңда кәсіподақ саласында жастармен кездесулер өткізіп тұрамыз. Әжелер алқасы және аталар алқасымен бірігіп оқу орындарында кездесулер өткіземіз. Сонымен қатар қалалық білім ұялары арнайы кездесулерге шақырып тұрады. Кездесулер негізі ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз бойынша, Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жас ұрпақтың бойына дарытып, олардың отаншылдық рухын көтеруге арналады. Жыл сайын облыс бойынша батагөй қариялар арасында байқау өткізуге атсалысып, шешендік сөздер мен ақ бата арқылы өскелең ұрпақтарға өнеге көрсетіп, үздіктерді марапаттап тұрамыз. Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесу ретінде түрлі байқауларда әділ қазы болып, қатысушыларға әділ бағамызды бердік. Сайып келген қалалық ардагерлер кеңесінің атқаратын жұмысы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, ұрпақ тәрбиесімен айналысу. Данышпан бабаларымыз: «Ұлттың ұлылығын сақтап тұратын нәрсе – тіл, салт-дәстүр және жері» дейді. Тіл мен салт-дәстүрді ұмытсаң, онда жеріңнен айрылдым деп ойлай бер деген жақсылардың сөзі бар. Біз ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау үшін жүрген жерімізде үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Қала ардагерлері қаланың көркеюіне, көгалдануына, сенбіліктерге шығып қала тазалығына атсалысамыз.
Қазіргі таңда Ардагерлер кеңесінің мүшесі және қалалық білім қызметкерлерінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде қала бойынша ардагерлерді есепке аламыз, оларды демалыс орындарына ем қабылдау орындарына жібереміз, мерейтой кездерінде марапаттар мен сыйлықтар тапсырамыз. Сондай-ақ ардагерлер тарапына қайырымдылық көмектер беріп тұрамыз. Қалада білім саласы бойынша ардагерлердің саны 550-ден асады. Әр саладағы ардагерлердің төрағалары мен мүшелері бірігіп, кездесулер өткізіп тұрамыз, өзара пікір алмасып, кеңесіп отырамыз. Қалалық ардагерлер кеңесі мүшелерінен құралған әжелер алқасының хоры, би ансамбльдері былтыр облыстық өнер байқауында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ ардагерлер Оңалту және Белсенді ұзақ өмір орталықтарында ем қабылдап, уақытты тиімді өткізу мақсатында үстел теннисі, шахмат, дойбы, бильярд секілді спорттық ойын түрлері бойынша жарыстар өткізіледі, өзара мықтыны анықтап, үздіктер марапатталады, – дейді Мырзабай ата бізбен әңгімесінде.
P.S:
Әр адамның өмірінде мұғалімнің алатын орны ерекше. Білім нәрімен сусындатып, арасында өнегелі іс-әрекетімен тәрбие де берген жандарды ұстазым деп қадірлейтініміз сондықтан. Сол ұлы есімге лайық жандардың бірі — Мырзабай Тұрысбеков білім беру саласына 37 жылға жуық өмірін арнаған. Білім саласы мен кәсіподақтың дамуына айрықша үлес қосқан ардагер ұстаздың еселі еңбегін қалалық әкімдік пен білім және спорт бөлімдері жоғары бағалап, марапаттаған. 2014 жылы Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың атынан Ұстаздар күні мерекесіне орай «Белсенді қызметкер – 2014» номинациясына ие болып, Құрмет грамотасымен марапатталған. 2016 жылы Ұстаздар күні мерекесіне орай Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың Алғыс хатымен марапатталған. Дәл осы жылы облыстық білім басқармасы басшысы мен облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. 2021 жылы Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенұлының Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ әр жылдары білім саласы бойынша еткен еңбектері лайықты бағасын алып, түрлі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бұл марапаттар Мырзабай Тұрысбековтің жеткен жетістіктерінің бір бөлігі ғана. Мерейлі 70 жасқа толып отырған ардагер ұстазға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына баянды бақыт тілейміз!
Әңгімелескен:
Азамат ӘЛІБЕК.