Қазіргі мектепте тірлігі түзу, жүйкесі бүтін бір мұғалім жоқ. Қысқамерзімді жоспар жазу мұғалімдерді жүйке ауруына шалдықтырып, жынды ететін түрі бар. Қысқамерзімді жоспар – методикалық нұсқау. Ал методика ғылым емес, ол – әдіс! Қандай әдіс қолданса да, мұғалім оқу стандартына сәйкес тақырыбын шәкірттеріне меңгертсе болды емес пе?! Тек, қысқамерзімді жоспар жазып қана оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптау! Меніңше, оқу стандартына сәйкес, тақырыпты оқушыға қалай меңгертемін десе де, ол мұғалімнің құзырындағы жеке шаруа болуға тиіс.
Қазіргі мұғалімдерді кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Олардың оған уақыты да жоқ. Мектеп әкімшілігі оқу стандартына сәйкес, мұғалімдерден қысқамерзімді жоспар, ұзақмерзімді жоспар, бөлімді жинынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау талап етеді. Заңды бұзуға болмайды. Алайда оны айналып өтуге әрқашан да мүмкіндік бар. Ол ептілігіңізге байланысты. Қазір мұғалімдер де қулыққа көшкен. Сағаттап отырып қысқамерзімді жоспар жазып әуре болғанша, интернеттегі дайын дүниеге тақырып қойып ала салады. Бір мектептегі пәленбай мұғалімнің, пәленбай беттік қысқамерзімді жоспарын оқып, тексеріп отыруға мектеп әкімшілігінің уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Сонымен сабақ бір жақта, сабақ жоспары бір жақта, мұғалім тіптен басқа жақта қалады. Сапасыз оқулық, қағазбастылықпен «тұншығып» жатқан мұғалім, жүйесіз оқу стандарты… Осындай жағдайда мектеп оқушыларынан қандай сапалы білім күтуге болады?
«Kundelik.kz» – күрделі мәселе
Ресей оқу жүйесінің «Дневнигінен» айна-қатесіз көшіріліп алынған деп сынала берген соң, затын емес, атын ғана өзгерткен бұрынғы «Kundelik.kz», қазіргі «Bilim Land» ел мұғалімдерінің бас ауруына айналғанына біраз болды. Мектепте интернет бар ма? Компьютермен қамтамасыз етілген бе? Мұнда ешкімнің шаруасы жоқ. «Батыс өркениетін қуып жетеміз, алға!», деген жаппай ұранмен ел мектептерінің «Kundelik.kz»-ке кіріп кеткеніне біраз уақыттың жүзі болды. Содан бері мұғалімдердің ішкені – ірің, жегені – желім.
«Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы оқушы күнделігінің жойылып, сынып журналының электронды нұсқаға көшуі педагогика-психологиялық тұрғыдан өте қате шешім болды. Мектеп ең кемі 5G интернетпен, оқушылар 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етілген жағдай болса, әңгіме бөлек. Өкінішке қарай, мұндай жағдай дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін қиял-ғажайып дүние болып тұр. Не интернеті, не жеткілікті компьютері жоқ дәл біздің жағдай «штансыз бұтқа – қайыс бау» дейтіндей, өте күлкілі әрі аянышты. Себебі бізде мұғалімдердің де, оқушылардың да компьютермен һәм интернетпен қамтамасыз етілуі өте төмен деңгейде. Орта есеппен 1 мың бала оқитын мектепте 170-250 оқушы ғана компьютермен қамтамасыз етілген. Ал интернет болса нашар немесе мүлдем жоқ. Осындай жағдайда «Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы баланың білім деңгейін анықтау қаншалықты ақылға қонымды? Бұл бір.
Екіншіден, сыныпта журналдың болуы, сол журналдың соңғы парақтарындағы оқушы туралы толық мәлімет және оқушыға күнделікті баға қою мұғалімге оқушыларды психологиялық тұрғыдан толық зерттеп білуіне мүмкіндік тудыратын еді. Қазіргі мұғалім өз оқушыларын тұлға ретінде жеке зерттеуі былай тұрсын, оларды толық танып білмейді де. Оған мүмкіндігі де жоқ. Оқушыларды толық зерттеп білмеген соң, біртүрлі өтірік сабақ беріп жүрген секілді күй кешесің. Сыныпта журнал болса, оқушы журналға қойылған бағаны көзімен көріп, сабаққа қарай бет бұрар еді. Журнал қолымызда тұрғанда тоқсан соңында оқушыдан ауызша не жазбаша сынақ алып, «егер «4»-ке не «5»-ке шыққың келсе, мына тақырыпты оқып кел», деп тапсырма беретінбіз. Бұл әдіс баланың білімге деген ынтасына әсер ететін. Қазір ол жоқ. Бүкіл мектепте интернеттің 2-3 нүктесі ғана бар. Ол жердегі мұғалімдер арасындағы кезектің өзін айтпағанда, мектептегі интернет нүктелерінің өзі күндіз нашар, тек түнге қарай жақсы жұмыс істейді. Сонда мұғалім «Kundelik.kz»-ті тек түнде ғана толтыруы керек пе? «Kundelik.kz» мұғалім мен оқушысы компьютермен толық қамтамасыз етілген, интернеті мүлтіксіз жұмыс істейтін елдерге қолайлы шығар. Ал біздің жағдайда бұл мұғалім психологиясына әсер етіп жатыр. Себебі мұғалім еңбекақысы «Kundelik.kz» арқылы толтырылған журнал бойынша есептеледі.
«Kundelik.kz»-тің тағы бір ерекшелігі – мұнда оқушыға «2» деген баға қоюға болмайды. Егер мұндай баға қойсаңыз, «Kundelik.kz» базасындағы тұтас аудан, қала берді облыстың білім деңгейінің көрсеткіші түсіп кетеді екен. Орталық база арқылы «жоғарыдағыларға» бәрі көрініп тұр. Бұл бір. Екіншіден, оқушыға қойған «2» деген баға үшін пән мұғалімінен бастап, мектеп әкімшілігі түгел «жоғарыдағылардың» алдында жауап береді. Мектеп әкімшілігінің бізге түсіндіруі солай. Үшіншіден, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою мұғалімнің нашарлығы болып есептеледі. Ал ешкімнің «нашар» мұғалім атанғысы келмейтіні белгілі. «2» қоймайтынына сеніп алған оқушы мұғалімнен аяғын тартып, дайындалып, сабақ оқиын деп алға ұмтылмайды. Оның үстіне «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою былай тұрсын, «сенікі қате», «дұрыс емес» деп те айтуға рұқсат жоқ. Оқушы жауабы дұрыс болмаған жағдайда «Сенікі дұрыс, бірақ…», деген сөзден бастап қатесін түзетуге болады. Ең қиыны, оқушының дұрыс емес, қате жері «сенікі дұрыс» деп айтылып қалған соң, одан кейінгі айтылар «бірақ…»-тан соңғы мұғалім ойына оқушы жеткілікті көңіл бөліп, көп жағдайда дұрыс қорытынды шығара бермейді. Себебі оқушы өзіне керекті мұғалімнің «дұрыс» деген сөзін естіді, арғы жағы маңызды емес. Мұндай жағдайды біз, практик-мұғалімдер күнде көріп жүрміз.
Қазіргі таңда мұғалімдердің жүйкесін жұқартып отырған тағы бір мәселе – кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында олардан алынатын тест-сынағы. Анығын айтқанда, мұғалімнің шын білім дәрежесін тест-сынақтары анықтап бере алмайды. Меніңше, қай заманда да мұғалімнің білім деңгейі оқытқан оқушыларының білім көрсеткіштерімен анықталған. Сондықтан мұғалімнің деңгейін оқытқан оқушыларының білім көрсеткішімен есептеу керек. Ол үшін мұғалімнің 2-3 жыл сабақ берген сыныбынан жазбаша және ауызша сынақ алып, оның орташа балын шығара отырып, сынып оқушыларының білімінің сапалық деңгейін анықтау керек. Міне, осындай тәсіл арқылы мұғалімдердің кәсіби деңгейі анықталса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әрине, мұғалімнің өз жеке басының кәсіби шеберлігі үшін жеткен жетістігінің марапаты мен ол оқытқан оқушылардың пәндік олимпиадалардан алған жетістіктері есепке алынуы керек.
Қазіргі мектептің ішкі жай-күйін соншалық тәптіштеп жазып отыруымның негізгі себебі біреу-ақ. Ол – тәуелсіздік алған отыз жылдан бері білім саласында үздіксіз жасалған түрлі реформалар, еліміздің білім саласын қайраңға отырғызып, тығырыққа тіреді. Бұдан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол – білім жүйесін жетік білетін ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдерін қатыстыра отырып, кең көлемдегі халықтық талқылау арқылы білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» қабылдау. Содан соң ғана осы тұжырымдамаға негізделген мектеп оқулықтарын жазған дұрыс. Әрине, бұл оқулықтарды жазуға да білікті мамандар, ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдері кеңінен тартылуға тиіс. «Білім берудің «Ұлттық тұжырымдамасын» әзірлеуіміз керек» дегенді «EDECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры кезінде Ғани Бейсембаев та айтқан еді. Көптің көкейіндегі сөзді айтқан Ғани Бектайұлы – қазір Оқу-ағарту министрі. Енді ұлтқа ауадай қажет тұжырымдаманы қабылдауға не кедергі? Әлде, «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр» ма?..
Бұл елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылады. Олардың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамыту, рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Бұл елдерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізіледі.
Жалпы, білім беру сапасын үш жағдайды ескере отырып жақсартуға болады. Біріншіден, білім беру жүйесінің қарастырылып отырған кездегі нақты жағдайын, жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау керек; екіншіден, оқыту нәтижелерін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқару қажеттігін тұжырымдау керек; үшіншіден, әр елдің орта білім беру жүйесінінің ерекшелігін, тарихын, мәдениетін, саясаты мен құрылымын ескере отырып, атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін дайындап, іске асыру керек.
Нұрғали МАХАН,
жоғары санатты шебер-педагог.