Ел Президенті 2022 жылды – Балалар жылы деп белгілеп, балаларға баса назар аударуды тапсырған болатын. Содан бері балаларға жайлы орта жасау облыста жүйелі жүрігізіліп келеді. Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда Биылғы жылы да балаларға жайлы орта жасау мақсатында Түркістан облысында балалар алаңдарын орнатуды қарастыратын нысандардың құрылысы қарқын алуда.
Кентау қаласы Қарнақ ауылында жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Ойын алаңша ауылдың белсенді кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындарының демеушілігімен жүзеге асырылуда. Игі шараға қатысқан қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов демеуші болған жандарға алғыс білдіріп, ауыл жастарын және тұрғындарын жаңа ойын нысанының пайдалануға берілуімен құттықтады. Сонымен қатар, қала әкімі ауылдың дамуына қосқан үлестеріне ризашылық білдіріп, бірқатар ауыл тұрғындарын алғыс хатпен марапаттады.
– Ауылдың белсенді тұрғындары мұнымен тоқтап қалмайды. Әлі де жыл соңына дейін ауылдағы аулаларға бірнеше ойын алаңшаны салып беру жоспарланған. Осындай игі істер өзге ауылдарға да үлгі болып, ауылдың әлеуетін дамытуға атсалысса екен деймін, – дейді қалалық маслихат депутаты Бекзат Хабибов.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жанашыр ауыл тұрғындарына ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетейік, Қарнақ ауылында пайдалануға берілген алаңшасы барлық стандарттарға сай, 0,5 га аймақты алады. Онда жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылған. Бір мезгіл баласымен барған ата-аналарға тыныстап демалуға арналған жайлы орындықтар қойылған. Мұндай ойын алаңшасы осымен үшінші рет ауыл балаларына табысталуда. Ауылдың белсенді тұрғындары жыл соңына дейін әлі үш алаңша табыстауды жоспарлаған. Бүгінде аталған ойын алаңшалардың құрылысы жүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Сонымен қатар, балаларға жайлы орта жасауды жалғастыра береміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Келесте ерекше балаларды оңалту орталығының қызметіне – 5 жыл
Ерекше қарым-қабілетпен туылған балалардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген бейімділігін арттыруда ата-ананың еңбегі басым болғанымен, ол аздық етеді. Осы санаттағы отбасының балаларын жан-жақты қолдап, білім беріп, олардың ерекшеліктеріне қарай дамытатын орталықтардың қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ, олар заман талабына сай қайта жаңғырып жатыр.
«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз», деді Президент халыққа арнаған Жолдауында..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берді. Осы ретте әлеуметтік қызметтер жұмысын жандандыру Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының назарында тұрған міндеттердің бірі.
Келес ауданының ортағы Абай кентінде 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау мерекесі қарсаңында Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Даму» ерекше балаларды оңалту орталығының 5 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады.
«Даму» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2018 жылы маусым айында психоневрологиялық, тірек қимыл аппараты параличі, аутизм, тіл даму кедергісі диагноздары бар 30 баламен ашылып, бүгінде 60 бала оңалту қызметтерін алуда. Оның ішінде 12 бала толықтай оңалып, мектепке барды, 17 бала аяққа тұрды, 9 бала тілі шығып, нақты сұраныс жасай алады, 12 бала диагнозы жеңілдетілген сатыға ауысқан. Орталықта білікті мамандар қызмет көрсетеді. Игі шарада қызмет алушы бүлдіршіндер және аудандағы түрлі үйірмелерде білім алатын балалар өз өнерлерін көрсетіп көрермен көзайымына айналды. Шара барысында орталықтың тыныс тіршілігіне өз үлестерін қосып, балалардың дамуына қолдау көрсетіп жүрген жеке кәсіпкерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Айтулы күнде аудан орталығында бірқатар игі шаралар ұйымдастырылды. “Нұрқожа” салтанат сарайында «Адамның бір қызығы бала» атты мерекелік іс-шара өтті. Кезекті мерекелік концертке аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, сый сияпаттарын табыстады.
– Қымбатты балалар! Сіздер дамыған, байтақ елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар. Барлықтарыңызға мықты денсаулық, баянды өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жүздеріңізден қуаныш пен бақыт күлкісі кетпесін, жүректеріңізге тек мейірім мен шапағат тілеймін, – деген аудан әкімі түрлі сайыстарда төбе көрсетіп, жеңіс төрінен көрініп жүрген бүлдіршіндерді марапаттады.
Мерекелік шара Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар мерекеде жеке кәсіпкер, меценат Ұлбосын Қаржауқызы мен Айгүл Уалиханқызы өз құттықтауларын жеткізіп, балаларға естелік сыйлықтар тарту етті.