Home Білім БІЛІМ НЕГІЗІ БАСТАУЫШТА:ТИІМДІ ӘДІС-ҰТЫМДЫ САБАҚ

БІЛІМ НЕГІЗІ БАСТАУЫШТА:ТИІМДІ ӘДІС-ҰТЫМДЫ САБАҚ

Адамға тіл, көз, қол қандай керек болса, білім де сондай керек болады. Бүгінгі жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты міндеті. Сондықтан бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да жауапты жұмыс. Бастауыш мектеп балаға білім ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды объективті түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.

Оқушыларға білім жүйесін терең әрі тиянақты беру үшін оқыту әдісін жетілдіру – әр ұстаздың жеке міндеті. Оқушылардың сабақтағы қызығушылығы мен белсенділігін қалыптастырудың жолдары сан алуан. Біздің міндетіміз – оқушыларға білім беруде жаңа технологиялар мен жаңаша оқыту әдістерін тиімді қолдану, білім сапасын көтеру, жан-жақты дамыту. Осы мақсатқа жету үшін бастауыш сынып мұғалімдерінің көтерер жүгі салмақты. Өзім осы мамандықты қалап келгендіктен осы саланың қыр-сырын меңгеруді, оқушылардың оқуға ынтасын оятып, олардың қабілеттерінің дамуына жол ашуды өзімнің кәсіби мақсатым деп білемін. Сондықтан алғашқы сабақтан бастап әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, ынтасы мен бейімділігін, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып оқу үрдісін жүргізуге талпынамын. Біз бастауыш сынып мұғалімдері сабақ жоспарлары мен ресурстарды құрамыз және оқушылармен қарым-қатынас орнатып, оқу ресурстарымызды ұйымдастыра отырып сыныпта жағымды оқу ортасын құру арқылы оқуды жеңілдетеміз. Балалардың түсініктерін тереңдетуге, өздерін дамытуға шабыттандырамыз.

Мектептің жылдық жоспарына сай өзімнің 3-сыныбымда қазақ тілі пәнінен «Жалаң және жайылма сөйлем» тақырыбында ашық сабақ өттім. Ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов жатық та түсінікті тілмен: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс, олақтық белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу, керек орнында жоқ әдісті табу да қолынан келу. Мұғалім әдісті көп білуге тырысу керек, оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек», – деп атап кетті. Міне, осындай міндеттерді жүзеге асыру жолында сабақты балалардың ынтасын ашуға және көңіл күйін жақсартуға арналған «Мен күнмін» әдісі арқылы бастадым. Оқушылардың бойында өзіне деген сенімділік, сыныптастарына деген құрмет сезімін оятуға тырыстым. Одан кейін «Wordwall» қосымшасы арқылы үй тапсырмасын пысықтадым. Жаңа сабақты бейнежазба көрсету арқылы тақырып пен оқу мақсаттарын, күтілетін нәтижелерді анықтап барып, бастадым. «Спираль әдісі» , «Ширату» және «Шығармашылық жұмыс» секілді әдістер және тағы да басқа бірнеше тапсырмалар арқылы жаңа сабақ мазмұны ашылды, бекітілді. Оқушылар балдық жүйемен өзін-өзі бағалады. Оқушылар сабақты оқу мақсатына сай меңгерді, топтық және жұптық жұмыс жасауды игерді. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқыту жайынан» атты мақаласында: «Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек», – деп жазған екен. Қазіргі заман талабы да ұлт ұстазының мәңгілік мәнді осынау тұжырымымен үндес екеніне шүбә жоқ. Тәртіппен өтілген сабағымды әріптестеріммен бөлісіп отырғанды жөн көрдім.

Қорыта келе айтарым,білім беру жүйесінің ең маңызды да күрделі сатысы – бастауыш сынып, сондықтан осы жаңа технологияларды пайдалана отырып, бастауыш сыныптарда білім сапасын көтеру білімнің басты негізі болып табылады.

Жазира ДАУБАЕВА,

«Серт» шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп» КММ бастауыш сынып мұғалімі.