Home Білім ТҮРКІСТАН: ТҰҒЫРЫ БИІК, ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БІЛІМ ОРДАСЫ

ТҮРКІСТАН: ТҰҒЫРЫ БИІК, ТАРИХЫ ТЕРЕҢ БІЛІМ ОРДАСЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында:

Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды. Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады.

Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және  еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр.

Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына  мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн. Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі, – деді Президент.

Осы орайда облыс тұрғындарына Сауран ауданындағы Т.Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектебі жайлы маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз. Сауран ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім ошақтарының басшыларына мектептердің қазіргі материалдық-техникалық жағдайы, оқушылардың білім деңгейі, мұғалімдердің біліктілігі туралы сауалдарға жауап алған едік. Сауран ауданының білім бөліміне қарасты Т.Айтжанов атындағы мектептің директоры Қанат Тасболатұлы Байтишевтің біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға берген жауабымен таныс болыңыздар.

– Жас жеткіншектердің оқу үлгерімі, тәрбиесі секілді азамат ретінде қалыптасуына мектептің де қосар үлесі мол. Осы ретте оқушыларға үлгі болатын педагогтердің білім берумен қатар білім ұясындағы мәдениеті яғни өзара ынтымағы мен жүріс тұрысына қатысты не айтасыз?

– Қазіргі мектептегі оқу-тәрбие жүйесінің құрамды бөлігі-сыныптан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары. Тәрбие жұмысында жеке тұлғаны қалыптастыру, оқушыны жан- жақты дамыту негізгі орын алады. Оқушыны дамытуға оқыту, білім беру, тәрбиелеу үрдістері өзара бірлікте жүргізілгенде ғана қол жеткізуге болады. Ұстаздар балаларға тек білім берумен ғана шектелмей, сонымен қатар, олардың дені сау, ақыл-ойы толысқан, ізгі ниетті, мәдениетті де әдепті, дүниетанымы жоғары тұлға ретінде кемелденуі үшін берер тәрбиенің ықпалы да зор болмақ. Ол үшін, ең алдымен, мұғалімнің

білім беру ісін рухани дамыта отырып, инновациялық ізденіспен жұмыс істеп, өзгеге өнеге боларлықтай тұлға болуы шарт. Мұғалім мейірімді де қамқор және талап қоя білуі керек. Ұстаз бен шәкірт арасында ынтымақты қарым-қатынас орнығуы тиіс, мұғалім мен оқушы бір-біріне құрметпен қарауы керек. Мұғалім өз кәсібінің маманы болумен бірге, өзге де пәндерді жақсы меңгеруі қажет. Себебі, балалар өз мұғалімін «бәрін біледі» деп

ойлайды. Мұғалімнің балалар алдындағы беделі жоғары, бейнесі жарқын болуы тиіс. Яғни, мұғалімнің балалар алдында әрбір сөйлеген сөзі, жасаған әрбір іс-қимылы, тіпті киген киімі, жүріс-тұрысына дейін оқушыларға ұнамды немесе ұнамсыз жағынан қайтсе де өз әсерін тигізіп отыратындығы даусыз ақиқат. Мұғалім психолог та бола білуі керек. Алдымызға келген әрбір баланың мінез-құлқын үнемі бақылауда ұстап, соған сәйкес тура шешім қабылдап, олармен жиі-жиі сұхбат өткізіп, сырлас досындай жақындық танытып, ыстық ықыласпен ақыл-кеңес айтып, көңіл-күйлерін игере білсек, демек, тәртібін жақсартып, оқуға ынталандыра білеміз. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдалануы, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп, ортақ игілікке айналдыра білуге ынталы болғаны жөн. Сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығарамыз.

-Өзіңіздің мамандығыңыз және осы саладағы қызмет өтіліңіз жөнінде мәлімет берсеңіз. Директорлық қызметке педагогикалық тәжірибеңіз жеткілікті деп есептейсіз бе?

– Мен Байтишев Қанат Тасболатұлы 1989 жылдың 26 ақпанында Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келдім. 1996-2007 жылдары Айдарлы ауылында орналасқан №139 А.Иманов атындағы қазақ орта мектебінде білім алғанмын. 2007 – 2011 жылдары Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Тарих – педагогика факультетінің «педагогика – психология» мамандығын және 2015 – 2017 жылдары Академиялық-инновациалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі мамандығы бойынша бітіргенмін. Жалпы педагогикалық өтілім 11 жыл, педагог-сарапшы үшінші деңгейлі басшы лауазымы санатындамын. 2013-2019 жылдары Түркістан қаласы, Оранғай ауыл округіндегі М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінде педагог – психолог қызметін атқарғанмын.

2019-2021 жылдары Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді-мекенінде орналасқан «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарғанмын. 2021-2022 жылдары аталған Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді – мекенінде орналасқан «Қызыл Әскер» жалпы орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған болатын-мын. 2022 жылдың қазан айынан бастап, Сауран ауданының білім бөліміне қарасты «Т.Айтжанов» атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры қызметін атқарып келемін.

– Педагог мәртебесі көтерілді. Соған сәйкес оқушылардың білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігі жетілдірілді ме?

– Еліміздің ертеңін ойласақ, онда педагогтардың өз жұмысына деген ынтасын арттыру міндеті тұрғаны анықталды. Ал, ынталандыру дегеніміз – оларды материалдық тұрғыдан қолдау, оларға жақсы жағдай жасау екендігі анық. Кейінгі жылдары осы тұрғыда Үкімет, министрлік тарапынан біраз нақты қадамдар жасалды, бұл – қуанарлық жағдай. Өткен жылы қабылданған «Педагогтар мәртебесі туралы» заңның Үкімет отырысында бекітілуі ұстаздар қауымын біраз желпіндіріп тастады. Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, ұстаздардың жалақы мөлшері біртіндеп көтерілуде. Осы қадамдардың барлығын ұстаздарға көрсетілген құрмет деп түсіну керек. Жасыратыны жоқ, «Алты алаштың баласы бас қосқанда, сөз алдымен ұстазға беріледі» деп жалаулатқанымызбен, тек мейрамдарында ғана ауызға алынып, сый-құрмет көрсеткендей сыңай байқалатын, оның қасында жоғарыда аталған іс-шаралар – ұстаздар мәртебесін көтеру жолындағы нақты қадамдар. Өңірдің барлық аудандарындағы мектептерде өз ісінің шын шеберлері, оқушыларына терең білім берумен қатар үлкен адамгершілік тәрбиесін беретін ұлағатты ұстаздар көптеп саналады. Олар барды қанағат тұтып, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп, өз істерін адал атқаруда. Сондықтан ұстаздардың қажырлы еңбегінің өтеуі де жоғары болғаны құптарлық. Жалпы, ұстазын ұлықтаған елдің ертеңі жарқын деп ойлаймын.