Home Басты жаңалықтар БІРІЛІГІ БЕРЕКЕЛІ ЕСКІ САУРАНДЫҚТАР САЛТ-ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕДІ

БІРІЛІГІ БЕРЕКЕЛІ ЕСКІ САУРАНДЫҚТАР САЛТ-ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕДІ

Ескі Сауран ауылының тұрғындары Әз-Наурыз мерекесін атап өтті. Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде тойлауға жергілікті тұрғындарда белсенділікпен қатысты. Ал, кәсіпкерлердің қолдауымен киіз үй тігіліп, ас берілді. Алтыбақан орналастарылып, өнерпаз жастардың қатысуымен керемет концерттік бағдарлама өтті. Салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған іс-шараның қонағы болып бізде қатысып қайттық.

Негізі ауыл Түркістан қаласынан 40 шақырымға жуық жерде орналасқан. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолының бойымен барғанда сол жақ беткейге бұрылу қажет. Ал, ауылға арнайы айналма жол салынбағандықтан күре жолмен жүрген көлік ауылдың тұсынан тоғыз шақырым өтіп барып, кері қайтуға мәжбүр. Біз бір рет қонақ болып барғандықтан қиындық онша біліне қоймағанымен, Түркістанға күнделікті келіп кететін саурындықтар үшін бұл артық шығын екені анық. Ал, ауылдан Қызылорда бағытына шығатын жаяу жүргіншілер де арнайы өткелдің болмауынан біршама жер жүруіне тура келеді.

Сонымен, ескі Саурандықтар қонақтарды кіре-берістен күтіп алды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары өз күштерімен ауылдың атын жазып, арнайы арка тұрғызыпты.  Жиынға қатысқан Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттақтады. Ауыл ақсақалдарымен бірге лента қиып, игі іске ұйытқы болған жандарға ризашылығын білірді.

Мұнан соң, ауылдағы Наурыз тойға аялдадық. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада сөз алған жүргізушілер тойды бастап жіберді. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, мерекенің көркін аша түсті.

Алғашқы сөзді алған Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, кәсіпкер Бәйділда Қожабаев және ауыл ақсақалдары мерекелік құттықтауларын жеткізді.

Ал, ақсақалдар ауылдың құрылуы жолында айрықша еңбек еткен Ілияс Қожабаевтың есімін ұлықтау мақсатында ауылдық мектептің атын өзгерту жөнінде ұсыныс айтты. «Жөн-ақ» дескен көпшілік бұл ұсынысты бірінен соң бірі қолдай кетті.

Ілияс Қожабаев кезінде ауылға мектеп салу бастамасын көтеріп, алғашқы кірпішін де өзі қалаған жан. Ауылдағы үлкен кішіні түгел жинап үш бөлмелі қараша үйді асар жасап үлкен білім ордасына айналдырғанын бүгінде ел ақсақаладары тамсана айтып отырады.  Өзі басшымен де қарап тұрмай ылайға түссе, оқушылар мен оқытушылар кірпіш құю ісіне белсене кірісіпті. Одан бөлек халықты рухани әлемге бағыттап, әрдайым өнер мен білімге шақырып отырған. Бүгінде Саурандықтар Ілияс Қожабаевтың сара жолын аңыз етіп айтады және де ел үшін жасаған ұлы ерлік істерін ешуақытта ұмытпайды.

Киіз үй ішіндегі бәтуалы басқосуда қариялар тарихи-шежірелеріден керемет мәлімет берді. Жалпы бұл ауылдың тарихы тереңде жатыр.  Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ xандығының түп тамыры Ақ Орда мемлекетінде жатқандығы және Қазақ xандығы оның тікелей мұрагері екендігі тариxтан баршаға белгілі. “Ескі Сауран” ауылы сол Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған деседі.

Мәскеуді басып алып оны өртеген екі адам болса, соның біреуі – Ақ Орданың xаны Тоқтамыс xан, екіншісі – Наполеон Бонапарт. Сол Тоқтамыс xан осы Сауран қаласының 4 жыл билеушісі болған. Хақназар xанның сенімді нөкерлері ағайынды Қияқ пен Тұяқ батырларда осы Саураннан шыққан. Түркістандағы Қ.А.Ясауи мавзолейінің кірпіші де осы Сауран қаласында құйылып, осы жерде тасымалданған.

Бір ғана қасиеті де, киелі Ескі Сауран елді-мекенінен 1 академик, 4 ғылым докторы мен 17 кандидат шыққан және ақын, жазушы, журналист, ұлағатты ұстаз Ілияс Қожабаев сынды азаматтардың туған жері.

Тілектер мен ақжарма ізгі ниеттер арасында ақсақалдар ауылдағы жолдардың жөнделуі, көшенің жарықтандырылуы секілді мәселелерді сөз етіп, басшыларға деген бұйымтайларын жеткізді.

Биылғы жылы ауыз су мәселесі ауылда түбегейлі шешімін таппақ. Ал, су құбыры жүргізіліп біткен соң, орталық көшенің жолы жөндеуден өтеді. Жарықтандыру мәселесі де жәймен шешіледі. Ғани Құрмашұлы қариялардың сұрақтарына кең көлемді жауап беріп, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайту жолындағы жұмыстарына алғысын айтты.

Мереке барысында ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосынов Естай ақынның термесін шырқаса,  облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бақытжан Тоқтасын және ауылдың өнерпаз жастары әсем әндер орындап, күмбірлете күй тартты. Мың бұрала би билеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.   

Мерекелік шаралар барысында бес бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімді атқарған Ғани Құрмашұлы, Баймахан Тоймаханұлы, Бәйділдә Ілиясұлы, Хайрулла Бәйділдәұлының иықтарына шапан жабылды.

Жастар беташар тойынан көрініс көрсетіп, салт-дәстүрді дәріптеді.

Ауыл жастары алтыбақан тепсе, бүлдіршіндер батутқа мініп керемет көңіл күйге бөленді.