Home Басты жаңалықтар БЕРЕРІ МОЛ БАСҚОСУ

БЕРЕРІ МОЛ БАСҚОСУ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениеті» тақырыбында семинар өтті. Киберкеңістікте ақпаратты тұтыну мәдениетін арттыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді мақсат еткен семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев жүргізді. 

Берері мол басқосуға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің, аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының, медиация кеңесінің, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің облыстық өкілдігінің мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының мамандары қатысты.

Жиында спикерлер қатарында болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Садуақасова, Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі  Ербол Тұрсынбаев, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек  және «Turkistan TV» телеарнасының басқарушы директоры Жанна Жайлаубайқызы мазмұнды баяндама жасап, этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі жайында пайдалы тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар семинарға ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті ақпарат және киберқауіпсіздік басқармасының қызметкері Сәкен Әуесбеков, Түркістан облысы Полиция департаментінің басқарма басшысы Қошқалиев Асқар Амантайұлы қатысты. Семинар барысында қатысушылар пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Дәурен ТІЛЕУХАН.