Home Әлеумет ТҰРМЫСТЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

ТҰРМЫСТЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында “Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер” жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қоғамдық бақылауды іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы ауқымды жұмыстар басталып кеткен еді.
Бүгін ауданымызға арнайы келген «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бас менеджері Ерұлан Тұңғышбаев аудандағы денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қолдау, мемлекеттік кірістер органдары, сот және құқық қорғау органдарымен бірлесіп қоғамдық қабылдау өткізді. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында өткен қабылдауға келген аудан тұрғындары жер, жеңілдікпен жүгері тұқымын алу, әлеуметтік көмек секілді бірқатар мәселелер бойынша тиісті мекеме мамандарынан кеңестер алды.
Қабылдау кезінде Отырар аудандық прокуротураның аға прокуроры А.Турменов, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Қ.Афиз, пробация қызметінің әділет капитан Н.Сұлтанханов, Отырар АПБ көші-қон қызметінен Ә.Әділбек, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары С.Оразбай, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Б.Мұсатай және аудан әкімдігі аппаратының бас инспекторлары Е.Таңатаров пен Қ.Тұрғанбай тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, бағыт-бағдар көрсетті.
Қабылдаудан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында арнайы жиын өтіп, онда тұрғындар тарапынан түскен сауалдар мен өтініштер қаралып, тиісті бөлімдер мен мекемелерге жолданды.
Жиын соңында бас менеджер Ерұлан Тұңғышбаев тұрмыстық жемқорлықтың алдын алудың, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.