Home Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА «SMART МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА «SMART МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Түркістан қаласында Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында «Ақылды мектеп» жобасы жүзеге асырылды. Облыс көлемінде тұңғыш рет қолға алынған тың жобаның басты мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, тәртібін, сабаққа жүйелі қатысуын қадағалау.

Жобамен танысу мақсатында білім ошағына арнайы барған қала әкімі Әліпбек Өсербаев мектеп, оқушы, ата-аналар арасындағы байланыстың нығайуына сеп болар дүниенің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондықтан қосымша қаламыздағы 5 мектепті «Smart мектепке» айналдыру бойынша тиісті сала мамандарына іске кірісуді тапсырды.

Қала әкімдігінің «Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі» бөлімінің бас маманы Тимур Ахметов жобаға қала бюджеті есебінен 18 млн. 600 мың теңге қаржы қаралғанын айтып, жүйе қызметін пайдалану үшін 2300 оқушы мен 300 қызметкерге жеке-дара карта берілетіндігін жеткізді. Сонымен қатар,оқушы турникеттен өткен кезде, әрбір ата-ананың ұялы телефонына СМС хабарлама жолданып, хабарлама «Телеграмм» мобильдік қосымша арқылы жүзеге асырылатындығына тоқталды.

«Жалпы бұл жүйелердің барлығы мектепке бөгде адамның кірмеуін қамтамасыз етумен қатар балалардың, мектептің қауіпсіздігі және заманауилығын жандандыру бағытында жүзеге асырылып отыр. Мектептің ішінде ахуалдық орталығына бүкіл камералардан видео файлдар жинақталып, мектептегі видео файлдар автоматты түрде Ішкі істер депарматентінің және қала әкімдігінің ахуалдық орталығына интеграцияланады. Мектеп ауласына кіре берістегі әр турникеттен бір минутта 40-45 адам өте алады. Нақтырақ айтсақ, 5 турникеттен бірмезетте шамамен 200-ге жуық адамның өтуіне мүмкіндігі бар деген сөз. Сонымен қатар, мұнда 49 дана бейнебақылау камералары орнатылды, – деді қала әкімдігінің «Ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі» бөлімінің бас маманы Тимур Ахметов.

Айта кетерлігі,инфокиоск жобасынан мектеп туралы бүкіл ақпаратқа қол жеткізуге болады. Осы сияқты «Ақылды мектеп» жобасында бейнебақылау, Е-кітапхана, Е-асхана, Е-референт жүйелеріде бар.