Home Әлеумет ТҮРКІСТАНДА «ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ – АНА» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫНДА АРДАҚТЫ АНАЛАР МЕН АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ...

ТҮРКІСТАНДА «ӘЛЕМНІҢ ЖАРЫҒЫ – АНА» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫНДА АРДАҚТЫ АНАЛАР МЕН АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ


Түркістанда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы – ана» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында өз салалары бойынша Түркістан өңірінің дамуына үлес қосып жүрген ардақты әжелер мен ханымдар, көпбалалы аналар, іскер аруларға құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ардақты аналар мен қыз-келіншектерді мерекелерімен құттықтады.
– Сіздерді көктемнің ең аяулы әрі шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көктем, сұлулық және Ана – қанаттас ұғымдар. Ана – шуақ, ана – мейірім, ана – ізгілік. Адамзат баласының аналарға деген махаббаты мен құрметі ешқашан сейілмейді. Барлық адам анаға қарыздар. Көшбасшы да, қайраткер де, батыр да, ақын да анадан туады. Қазақ халқы қыз баласын аса қадірлеп, ардақты аналарды құрметтеген. Қарындасты қорғап, аруларды аялаған. Қазақылықтың қаймағы сақталған Түркістан өңірінде де нәзікжандылардың құқығын қорғау, оларды жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жүруде. Облыста «Бөрте», «Домалақ ана», «Фариза» қойылымдары көрермен назарына ұсынылды. Бұл мәдени ізденістерді аналарға, аруларға деген құрмет деп білеміз. Тәуелсіз еліміздің дамуына аналарымыздың, қазақтың қайсар қыз-келіншектерінің қосқан үлесі айырықша. Сіздер Түркістан өңірін өркендету жолында да жемісті еңбек етіп келесіздер. Түркістан – көпбалалы аналар саны жағынан ел бойынша алдыңғы орында. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Облысымызда 179 мыңнан аса көпбалалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық ана «Алтын алқа», 4 мың «Ана даңқы» ордендерінің иегері саналы ұрпақ өсіруде. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді. Сіздер мейірім мен даналықтың қайнар бұлағысыздар. Гүл көктем мен сұлулықтың сыңарысыздар! Сіздерді Халықаралық ханымдар мерекесімен құттықтай отырып, ұзақ өмір, зор денсаулық, мөлдір махаббат тілеймін! – деген Дархан Сатыбалды қоғамға өз еңбегін сіңіріп жүрген ханымдар мен іскер аруларға марапаттарын табыстады.


Түркістан музыкалық драма театрында өткен мерекелік іс-шара мағыналы әрі мазмұнды, шабыт пен сезімге толы концертпен өрнектелді. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Jana lep» ұжымы «Көктем әні» музыкалық – поэтикалық қойылымын ұсынды. Бұл қойылымда қазақ поэзиясының классиктері мен қазіргі жас ақындардың өлеңдері алма-кезек оқылды. Сонымен қатар қазақ әнінің «алтын ғасырын» жасаған композиторлар мен бүгінгі жас композиторлардың әндері шырқалып, композициялық қойылым режиссерлік және хореографиялық шешімдер арқылы өрнектеле түсті. Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махабатты аялай білуге шақырды. Түркістан өнерпаздары көктемді, ананы, аруларды ән мен жырға қосты.
Бүгінде Түркістан өңірінде кәсіпкерлік, бизнес саласындағы ханымдардың үлесі жыл санап артуда. Облыс көлемінде шамамен 213 мыңнан астам кәсіпкер бар. Оның 68 000 мыңы – қыз-келіншектер. Яғни, шағын және орта кәсіпкерліктің 31 %-ында іскер ханымдар басшылық жасап жатыр. Қазіргі жағдай бойынша Түркістан облысындағы іс басындағы 5 мыңнан аса мемлекеттік қызметшінің 27%-ын нәзікжандылар құрайды.
Осылайша, белсенді әрі іскер ханымдарымыз ел экономикасының дамуына да айтарлықтай үлес қосуда. Сонымен бірге қазақтың қайсар қыздары мен ардақты аналары білім беру, медицина және өзге де салаларда абыройлы еңбек етіп жүр.