Бүгінде су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, елді мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету басты назарда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдік аппаратының апталық отырысында су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жан-жақты тексеруді, жауапты мекемелерге көрші мемлекеттен келетін су мөлшерін бақылауда ұстап, дұрыс үйлестіруді жүктеді. Биыл су тасқынына жол берілмеуі керектігін айтты. Ал Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқталғанын жеткізді. Ал 1 іс-шара яғни, «Қараспан» су торабындағы жұмыстардың 45 пайызы аяқталған. «Тұран су» мекемесімен жоспардан тыс қосымша Келес, Ақсу өзені бойында 1,3 шақырым арна жағалауы реттеліп, 748,8 қой тастары және 416 дана габион торларымен бекітілген. Сондай-ақ департамент бастығы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілгенін мәлім етті. Департаменттің аумақтық бөлімшелерімен өткен жылдың қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріліп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекеннің дайын еместігі туралы хабар берілген. Қазіргі таңда 29 елді мекенде кемшіліктер жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн теңге көлеміндегі азық-түлікке меморандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы, «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайын. Қиын жағдайдағы «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 4 млрд текше метр көлемінде бос қоры бар.
«Тұран-Су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесовтің айтуынша, 2023-2024 жылдардағы су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспар бойынша аудан, қала әкімдіктерінің сұранысы негізінде техникалар бөлініп, 6 аудан, қаладағы тасқын суды өткізетін 47,5 шақырым өзен арналары мен арықтар тазартылған. Аудандар мен Арыс қаласы әкімдіктерімен бірлескен іс-шара түзіліп, жоспарланған 679,7 шақырым каналдардың, бүгінгі таңда 659,9 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілген. Қаңтар айының 20-на дейін жоспар толық орындалады. Мамандардың мәлімдеуінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде шаруаларға ағын суды жеткізу мүмкіндігі артып, су шығындары азайып, елді мекендер және инфрақұрылымдық нысандарды су басу қаупі жойылды. Мекеме басшысының мәліметінше, кәсіпорында төтенше жағдайға қарсы 130 тонна дизель отыны, 420 текше метр қой тасы, 3 300 дана қап, 200 дана габиондық тор, 20 тонна цемент, 48 дана плита бар. Облыс әкімінің қолдауымен кәсіпорынға облыстық бюджеттен 2 экскаватор, 3 бульдозер және 2 тұрғынжай вагоны алынған. Сондай-ақ бөліп төлеу негізінде «JCB» және «HITACHI» маркалы 39 экскаватормен қамтамасыз етіліп, 14 экскаватор 8 аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілген.
Түркістан облысының бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі өзекті. Кейбір аумақта табылған су тартылып кетсе, енді бір аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш, Келес аудандарына арнайы іс-сапармен барды. Онда елді мекендердегі ауыз су саласындағы қордаланған мәселелерді көріп, шешу жолдарын қарастырды. Алдымен Сарыағаш ауданындағы «Нұра» топтық су жүйесі РМК-нің жұмыс барысымен танысты. Тазартылған ауыз су Сарыағаш қаласы мен аудан аумағындағы 16 елдімекен және Келес ауданындағы 8 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы 134 мыңнан аса тұрғынға ауыз су берілген.
Одан кейін, іссапар Құркелес ауылдық округінің Дастан елді мекенінде жалғасты. Кестемен берілетін ауыз су нысандарында ауыз су көлемі төмендеген және су тазартқыш сүргілері жарамсыз күйге түскен. Нәтижесінде тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта ұңғымаға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары Келес өзенінің бойынан бұрғыланып жатқан су ұңғымасының құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, бұған дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтиже бермеген. Қазіргі таңда Келес өзені маңынан 200 метр ұңғыма қазылуда. Қажетті су қоры анықталған соң Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол және Қауыншы елдімекендері ауыз сумен қамтылатын болады. Келес ауданындағы іссапар Біртілек ауылдық округінің Игілік елді мекенінде жалғасты. Онда ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Енді мемлекеттік қабылдау рәсімдері аяқталған соң «ҚазСуШар» РМК-ға қарасты «Оңтүстікауызсу» филиалының «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бөлімшесі мекемесіне сенімгерлік басқаруға өткізіледі. Нәтижесінде 1 151 тұрғын ауыз сумен қамтылады.
Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен құрылыстардың мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Өткен жылы 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 32 нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
Өткен жылдың соңында өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. 11 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады.
Нақтырақ айтсақ, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 және Сауранда бір ауыл ауыз сумен қамтылды, 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, былтырғы жыл қорытындысымен өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту дңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Тағы бір елеулі жаңалық, су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ведомство мәліметінше аталған жүйеде еліміздегі су шаруашылығы нысандарының жай-жапсары туралы барлық ақпарат жинақталады. Сондай-ақ жүйе су ресурстарының тұтынушыға дейін бөлінуін және пайдаланылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Су ресурстарын цифрландырудың өте маңыздылығын айтқан сала министрі Нұржан Нұржігітов: «Қазіргі уақытта еліміздің бірнеше облысында ирригация желілерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта цифрландыру элементтерін жалпы ақпараттық жүйеге интеграциялау жоспарланып жатыр», деді.