Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқалы бері, қазақ тілі өмір сүріп келеді. Тілдің иесі – кешегі қазақ, бүгінгі қазақ және болашақтағы қазақ. Тілдің ғұмыры уақыт тәрізді мәңгілік. Тіл – халықтың мәңгілік халық болып қалуының айғағы. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп анық та айқын жазылған.
ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді.Туған тіліміз – халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінгі жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз, әйтсе де біздер оны құрметтеп, қолдап, аялау керектігі жөнінде көп ой толғаған емеспіз.
Еліміз тәуелсіздік жолының жиырма екінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде мені тіліміздің қазіргі жайы толғандырады. Әсіресе, жастар, өкінішке орай, ана тіліне менсінбей қарауға әуес. Бүгін біздің ортамызда неге өз ана тілін білмейтіндер көбейді? Көшеде жүрген екі қазақтың бірі орыс тілінде сөйлейді, дүкенде де, қоғамдық орындарда да жүрсек көретініміз – осы. Жасы да, кәрісі де тілін бұрап, орыс тілінде сөйлеп жатқаны. Не себептен өз ана тілінде ойын жеткізуге үйренуге тырыспайтыны мен үшін түсініксіз. Осылай тізе берсең қазақ тілінің бүгінгі жайы, ақын тілімен айтқанда, «Мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлтының дәл өзі сияқты.
Махмұд Қашқари «Тәрбие басы – тіл» деп көрсетеді. Жалпы, қай тәрбиенің де бастауы отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Тіл туралы айтылғандардың бәрі желге ұшып, қоқысқа айналмасын десек, әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп, ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға, патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді. Қазақ халқы «Отан» ұғымын балалық бойына екішкентай кезінен сіңіруге тырысқан, оны туған жер, ана тіл, атамекен ұғымдарымен байланыстырған. Отан-отбасынан, ата-жұртынан, туып өскен топырақтан, ана тілінен басталған. Бірақ, қазіргі жастардың көбі мұны білмейді, түсінбейді. Сондықтан да мен тіліміздің өзекті мәселелерінің өзегін жастар бойындағы намыстың, патриоттық қасиеттердің жоқтығымен байланыстырамын. Олай болса, жастар арасындағы ұлттық патриоттық тәрбиеге мән беру қажет. Нағыз патриот әрқашан ұлтына тән ерекшеліктерді түсініп, сезініп, өз ұлтының құндылықтарын басқа біреулердің тепкісіне ешқашан бермейді деп ойлаймын.
Адам баласы тек қана білім арқылы дүниенің құпия сырын ашады. Білімнен тағылым алып, болашағын болжап, келешегіне бағыт белгілейді. Білім алдымен тіл арқылы игеріледі. «Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» деген Асылы Османова апамыздың сөзімен толық келісемін. Өте әдемі айтылған, терең мағыналы сөз.
«Ұлттың болашағы – ұрпағында, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында» деп бекер айтылмаса керек. Шәкірттің жеңісі – ұстаз еңбегінің жемісі екені ақиқат. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылу үшін бүгінгі ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп өсіретін орда – мектеп. Қазақ тілін меңгертетін мұғалімдер жаңа заман технологиясымен қаруланған, білімді, сауатты оқушы бойына патриоттық құндылықтарды игерте алатындай деңгейде болуы тиіс деп білемін. Себебі, кез келген пәнді игертудің бір жолы – оқушы бойындағы қызығушылықты ояту.
Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептегі оқушылардың қазақ тілінде тілдік қатынас жасау деңгейін жетілдіруде, әсіресе, жазылым әрекетін дамытуда арнайы қарастыруды қажет ететін мәселелер бар. Мектеп оқушылары мемлекеттік тілде өз ойын нақты, дәл жеткізіп бере алмайды, олардың жазбаша сауаты нашар, тіл тазалығы мен сөйлеу мәдениеті талапқа сай емес. Және де орыс тілді мектептерде тек қана өзге ұлттардың балалары білім алып қоймайды, ол оқушылардың 50 пайызы өзіміздің қаракөз қазақ балалары.
Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету жолында тіл үйренушілерге берілетін жұмыстарды жоспарлаудың маңызы зор. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектепте оқушылар қазақ тілінің дыбыстық құрамын, дыбыстардың айтылу нормасын, дыбыстық заңдылықтарын, грамматикалық құрылысын меңгеруге, ойын еркін жеткізуге, жеткілікті дәрежеде сөздік қорын меңгеруге, сонымен бірге қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Оқушыны мұндай дәрежеге жеткізу үшін педагог мамандар түрлі жаңа технологиялардың тиімді жақтарын алып, оқушыны жеке тұлға ретінде дамыту жолында жұмыс жасай алулары қажет.
Мемлекеттік тілді орыс сыныптарындағы оқушылардың тілін дамыту – аса күрделі әрі үнемі ізденісті қажет ететін іс. Яғни, бұл жерде сабақ жүргізу әдістемесін меңгерген ұстаз сабақты түсіндіріп қана қоймай, оқушының өз бетімен ізденуіне түрткі болып, бағыттай білуі қажет. Осы орайда, ұстаз дәстүрлі әдіс-тәсілдерді түрлендіре отырып және жаңа технологияларды ұтымды пайдаланып оқыта білсе, оқушының бойындағы тілге деген қызығушылықтың артары және жазбаша сөйлеу тілінің дамуы сөзсіз. Бүгінгі күнде белгілі болған көптеген технологиялар бар. Соның бірі – М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы». Технологияның тиімділігі – оқушының терең білім алуына және мұғалімнің де шығармашылық шыңдалуына септігін тигізеді. Модуль дегеніміз қандай да бір жүйенің анықталатын дербес бөлігі. Оқу модульдің ерекшелігіне, жалпы санына қарамастан кіріспе, қорытынды бөлімдері болып, оған бір-екі сағат берілсе, қалған бөлімі сұхбаттасу бөлімі болады. Кіріспе бөлімінде оқушылар оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен танысады. Сұхбаттасу бөлімі, негізінен, оқушылардың іс-әрекетіне беріледі, оқушылар деңгейлік тапсырмалар таңдайды, оқулық бойынша түрлі тапсырмалармен жұмыс жасайды. Деңгейлік тапсырмалардың мақсаты – жеңілден ауырға, қарапайымнан күрделіге қарай ауысу арқылы оқушыларды ізденушілікке, шығармашылыққа бағыттайды. Модульдік оқыту технологиясын жүйелі түрде пайдалана білген ұстаздың оқушының білім, білік дағдыларын арттыруда ұтары мол деп білемін. Өйткені технология практика жүзінде өтіп жатқан тақырыпқа жиі қайта оралып отыру арқылы және оқушының бойындағы жасырын жатқан дарынын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған ойын әрекеттері арқылы сабақ ұйымдастыруды қажет етеді. Сонымен қатар, бұл жұмыстар арқылы мұғалім де көп ізденіп, өзін-өзі дамытып отырады. Педагогикалық практика барысында осы технологиямен сабақ жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізе алдым деген ойдамын. Ойын сабағын ұйымдастыру барысында берілген теориялық біліммен қаруландырып, сынып оқушыларын жарыстыра отырып, саналарында білімнің берік сақталуына ықпал жасадым. Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ағниязова Нағима Бақтығалиқызы – жоғары санатты, «Кембридж» білім жетілдіру курсынан білім алған, мектептің алдыңғы қатарлы тәжірибелі мұғалімі. Ол кісі де жұмысының негізгі бөлігін аталған жаңа технологиямен жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге жетіп жүргендігін және менің ойыммен түгелдей келісетінін жеткізді. Сабақ барысында түрлі көрнекілік құралдарды пайдалану, жаңашыл әдіс-тәсілдер оқушылардың тіл үйренуге деген ынталарын арттырды. Инновациялық технология арқылы тіл үйреншуілерге жағдай жасау оқушы мен мұғалім арасындағы жылы сезім, қызығушылық пен шапшаңдықты арттырып, шәкірт бойындағы түрлі қабілетті көре алуға итермелейтініне көзім жетті. Бастапқы кезге қарағанда оқушыларымның сыни тұрғыда ой қорытып, ашық, еркін сөйлеу дағдылары қалыптаса бастағанын байқадық.
Біліммен сусындатқан шәкірттері сенімін ақтап жатса, ұстаздың мерейі арта түсері сөзсіз. Ел ертеңі жас ұрпақ мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақ тілімізге құрметпен қарайтындай дәрежеге жетсе, тілді оқытушы ұстаздардың ел алдындағы парызының ақталғаны деп білемін. Ол үшін кез келген педагог-маман өз ісінің білгірі болып қана қоймай, мемлекетіміздің болашақ туын желбіретер ертеңгі ұрпақты рухы мықты, патриоттық сезімі оянған жеке тұлға, азамат етіп тәрбиелеуі шарт.