Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Түркістанда баспасөз хатшыларының біліктілігін көтеру мақсатында “БАҚ және әлеуметтік желі: Субъективтік шеңбердегі моральдық-этикалық ұстанымдар” атты семинар-тренинг өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген шараға лингвист-сарапшы, Алматы қаласының мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Бижомарт Қапалбеков, Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ІІМ құрметті ардагері Балғабай Нақыпов, “Nur Otan” партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, БАҚ жұмысы мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар туралы баяндама жасады.
Семинарды ашқан қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты күшейту керектігін айтты.
“Бүгінде баспасөз қызметінің мамандарына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Яғни, билік пен халықтың арасында алтын көпір болып, еліміздің дамуына, азаматтық қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайту жолында артылған сенім жоғары” дей келе, бүгінгі семинардың маңыздылығын атап өтті.
Ал ғалым Бижомарт Қапалбеков журналистік этика мен грамматикалық қағидаттар бір-бірімен өзара үнсіз үйлесім табатынына тоқталып, лингвист-сарапшы маманының негізгі міндетін түсіндірді. БАҚ тарапынан жарияланатын материалдар мен әлеуметтік желідегі жарияланымдар заңдылығы туралы баяндама жасаған ҚР ІІМ құрметті ардагері Балғабай Нақыпов сараптау нәтижесі арқылы жүзеге асатын жұмыстардың журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары үшін қаншалықты маңызы зор екенін де тілге тиек етті.
Шараның мақсатына сәйкес баспасөз хатшылары үшін тиімділігі жоғары, күнделікті жұмыста кездесетін кедергілер мен түрлі оқиғалар бойынша Бейсен Тәжібаев өз тәжірибесімен бөлісіп, жиналғандарға мазмұнды дәріс оқыды.
Аудан, қала мен басқармалардың оң имиджін қалыптастыру жолында баспасөз хатшылары үшін ұйымдастырылған семинарда ашық ой-пікірлер айтылып, еркін форматтағы сұхбат алаңына айналды.
Жиын барысында облыстағы аудан, қала және мемлекеттік мекеме баспасөз хатшылары бірігіп, осы тектес тәжірибе алмасу шараларын жиі ұйымдастыруды жоспарлады.
Алдағы уақытта да баспасөз хатшыларының біліктілігін көтеру бойынша семинар-дәрістер өз жалғасын табатын болады.
Семинар соңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының арнайы сертификаттары табысталды.