Түркістан облысы – Қазақстанның тарихи және мәдени тұрғыдан ең бай өңірлерінің бірі. Облыстың туристік әлеуеті негізінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы танымал болғанымен, соңғы жылдары аймақтың табиғи қорықтары, демалыс орындары және туристік инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Бұл мақалада біз Түркістан облысының туризм саласындағы қазіргі жағдайына және соңғы жылдардағы жетістіктеріне талдау жасаймыз. Сонымен қатар, басқа өңірдегі тур агенттікпен байланыс орнатып, жыл сайын Түркістанға қанша турист келетіні туралы мәліметтерді қарастырамыз. Бұған қоса, Түркістан облысындағы тур агенттікпен байланысып, өңірден қанша турист басқа аймақтарға немесе шетелге саяхатқа шығатынын анықтаймыз.
Түркістан облысы туризм басқармасының мәліметінше, өңірде 1780 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Олардың ішінде халықаралық маңызы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ерекше орын алады. Сонымен қатар, облыста 235 орналастыру орны, соның ішінде қонақүйлер, хостелдер, демалыс орындары мен балалар лагерлері, сондай-ақ 75 санаторийлік-курорттық мекеме қызмет көрсетеді. Сұхбаттасымыз Бекжан Төрехан – Jay Travel тур агенттігінің басшысы, осы салада ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинақтаған білікті маман. Бекжан Төреханның басқаруымен Jay Travel агенттігі Жамбыл облысының тұрғындарын Түркістанның рухани әрі тарихи жерлеріне алып келіп, аймақтық туризмнің дамуына маңызды ықпал етуде. Соңғы жылдары Түркістан облысына Жамбыл облысынан келетін туристердің саны тұрақты түрде артып келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, Жамбыл облысынан келетін туристердің көбісі Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи кесенесі сияқты мәдени және тарихи орындарға, сондай-ақ басқа да қасиетті жерлерге ерекше қызығушылық танытады екен.
Саяхат мекемесінің басшысының айтуынша, көктем және жаз айларында апта сайын Түркістанға 50-ден астам турист тасымалданады. Турлар әдетте түрлі пакеттермен ұсынылады. Мысалы, Жамбыл облысынан Түркістанға бір күндік турлардың бағасы 15 000 – 25 000 теңге аралығында болады. Бұл бағаға транспорттық шығындар, гид қызметі және кіру билеттері кіреді. Жамбыл облысынан келетін туристер үшін бағалар осы деңгейде қалыптасқан екен. Түркістанның тарихи және мәдени маңыздылығын көрсету, сондай-ақ осы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру мақсатында алдағы уақытта көптеген шаралар ұйымдастыру жоспарында бар екенін жеткізді.
Түркістан облысының туризм басқармасына қойылған сұрақтарымның нәтижесінде, халықаралық деңгейде Түркістанды танымал ету үшін бірқатар шаралар атқарылғаны белгілі болды. Ағымдағы жылдың наурыз айында Түркістан облысының туристік әлеуеті Германияның Берлин қаласындағы халықаралық көрмеде таныстырылған. Сонымен қатар, Орталық Азия елдері арасындағы туризм ынтымақтастығын жандандыру мақсатында 22-24 наурыз аралығында Самарқан қаласында роуд-шоу ұйымдастырылып, облыстың туристік мүмкіндіктері таныстырылған екен. Жарнама жүйелі жасалып жүр. Аймаққа туристерді көптеп тарту үшін Түркістан облысының туризм әлеуетін медиа алаңдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып, Instagram, Facebook, TikTok және Telegram платформаларында сапалы роликтер мен креативті қысқа видеолар жариялануда. Жыл басынан бері жасалған талдауға сәйкес видеолардың жалпы қаралымы 10 миллионға жуықтаған. Сондай-ақ, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарық көрген екен.
OPEN TURKISTAN
Түркістан облысы туризм саласында 2023 жылы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Өткен жылы жалпы 562,8 мың турист келген. Бұл көрсеткіш өңірдің туристік әлеуетінің артып, туристерге ұсынылатын қызметтердің сапасы мен инфрақұрылымның дамығанын көрсетеді. 2023 жылы туристердің көпшілігі орналастыру орындарында демалды. Атап айтқанда, 272,9 мың адам орналастыру орындарына келсе, табиғи аумақтарға 126,6 мың турист барған, ал емдік-сауықтыру орындарында демалғандар саны 163,2 мың адамды құрады.
2024 жылдың III тоқсанында орналастыру орындарында демалғандар саны 235 мың адамға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға өскен. 2023 жылдың III тоқсанында бұл көрсеткіш 192,9 мың адамды құраған болатын.Табиғи аумақтар бойынша да оң өзгерістер бар. 2023 жылдың 11 айында табиғи аумақтарға 124,9 мың адам барған болса, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 127,2 мың адамға жетіп, 2,3 мың адамға артқан. Бұл дегеніміз, Түркістан облысының табиғи байлықтары мен экотуризм бағыттары бұрынғыдан да көп туристерді тартып отырғанының айғағы. Жалпы, Түркістан облысының туризм саласы 2023 жылы көрсеткен рекордтық нәтижелерін 2024 жылы да жалғастырып келеді.
2023 жылдың 18 желтоқсанында негізі қаланған Saparlaiyq_Travel туризм агенттігі бүгінде Туркістан облысындағы ең танымал туристік ұйымдардың біріне айналып келеді. Агенттіктің басшысы Мұхаммедқадыр Алиұлының жетекшілігімен жұмыс істейтін бұл агенттік алдағы уақытта әлемнің барлық бағыттарына турлар ұсынуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда ең танымал болып жатқан бағыттардың бірі – Дубай туры. Себебі қазіргі таңда Дубайдың заманауи инфрақұрылымы мен туристік нысандары көпшілік үшін қызықты әрі тартымды болып тұр. Агенттіктің басшысы Мұхаммедқадыр Алиұлының айтуынша, агенттікке келетін саяхатшылардың басым бөлігі 18 бен 50 жас аралығындағы туристер екен. Яғни, бұл жастағы адамдар жаңа тәжірибе мен дамуды қажет ететін адамдар. Ал осы бір жыл ішінде Saparlaiyq_Travel агенттігі арқылы 3760 турист Түркістан облысынан шетелге сапарлап шыққан. Бұл көрсеткіш агенттіктің жоғары деңгейдегі қызмет көрсету сапасы мен туристер үшін ыңғайлы бағада екенінің дәлелі.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы туризм саласындағы жетістіктерін жалғастырып, шетелдік және отандық туристерді тарту бойынша маңызды қадамдар жасап келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы өңірдің болашақтағы табысты дамуына және халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді.
Уахит СЕЙІТЖАППАР,
Ахмет Ясауи университеті, Журналистика мамандығының 4 курс студенті.