Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрып, ауылдарды орнықтыру жолдарын көрсетті. Осы орайда, облыс тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтың мақаласын ұсынамыз.
Бір сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз», – деп Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Бағдарламаға сәйкес, 1 миллионнан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
7,7 млн адам ауылда тұрады. Алайда шаруашылықпен айналысатындары аз болса да малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда береке бар. Мысалы, Түркияда бұл салада он миллионнан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенелтіп келеді. Түркияның балы, инжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұсылман мемлекеттердің сөресінен тауарлары самсап тұрады. Израильдің жері егін салуға сай келмесе де, ішкі сұранысты өздері өтеуде. Ал бізге оңай шағылатын жаңғақтың өзі Қытайдан, кептірілген жемістердің түр-түрі Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді.
Түркия басымдықты егін және мал шаруашылығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары дамыған. Егін мен мал шаруашылығынан тоқыма-тігін және тамақ өнеркәсібін екі жақты дамытуға болады. Ал бізде мал әрі кетсе, сүт пен етке жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон тігетін фабрикалар да, өзге де өңдеуші кәсіпорындар қалада емес ауылда салынса, ауыл адамдарын Президент жоспарлаған жұмыс орындарымен қамтуға болады. Сүт өнімдерін, томат пастасын, алма, өрік сусындары мен балмұздақ шығаратын зауыттар Алматы, Түркістан облысының тек кейбір аудандарында жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етуде.
Жалпы, кез келген саланың өсіп-өркендеуі кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе несие бөліп, жалпы ауыл шаруашылығының даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті аудан, ауылдардың жағдайына қарай жұмысты үйлестірумен айналысуға тиіс. Жоспарлы жүйе болмай, дұрыс даму да болмайды. Ауыл шаруашылығындағы біресе жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразылықтары нақты және тұрақты жүйесіздіктің кесірінен. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұзақмерзімді әрі жан-жақты талқыланып, нақтыланған даму жүйесін құруы керек. Бұл істе Америка, Қытай, Түркия, Еуропаның тәжірибелеріне сүйенген артық етпейді.
Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындаудағы «AMANAT» партиясының бірден-бір жобасы – «Ауыл аманаты» жобасы. 2023 жылы шағын несие беруге 2,059 млрд теңге бөлінді. Оның 1 млрд 548 331 мың теңгесі – мал шаруашылығына, 511 млн 250 мың теңгесі – өсімдік шаруашылығына бағытталды. Ауылдарды аралағанда жергілікті жұртшылықтың кәсіппен айналысуға деген ықыласын байқадық. Алайда көбінесе кепілге қоятын мүліктің талапқа сай келмей жатқаны айтылды. Партия бұл мәселені де оңтайлы шешіп, ережені жеңілдету жағын қарастырып жатыр. Ал жалпы мемлекеттік қолдау аясында бөлінетін субсидия, несие ұсақ шаруашылықтарға да қолжетімсіз. Мысалы, қой саны – 5 мың, сиыр саны 2 мыңға жетпейінше, мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың кооперативтерге біріккісі келмейді. Өйткені кооперативтер арасында дау көп. Сондықтан жекелеген шаруашылықтар да Президент бастамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қолданысқа енгізуі қажет. Аздан бастап көпке жетуді қалайтын жекелеген шаруалар шетелде де мемлекеттік қолдауға ие екенін ескерген жөн. Өйткені үлкен бизнес кішкентай кәсіптен басталады.
Түркістан облысында халық көп болғандықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд теңге бөлініп, оның 17,7 млрд теңгесі игерілген. Жоба 64 ауылдық округте 6 бағытта асырылды. Яғни, өсімдік, мал, балық, құс шаруашылығы, кооперация мен бағдарлама талабына сай келетін кәсіптерге жұмсалды. Алдағы жылға 30 млрд теңге қажеттілік туындап тұр. Төмен пайызды несиеге қолы жеткен жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Президент айтқандай, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру – өзекті мәселе. Мәселен, Солтүстікте күзде жауған қар мамырға дейін тоң боп қатып жатады. Сондықтан ауа райы қолайсыз демесеңіз, топырағы құнарлы не ексеңіз де өседі. Енді Солтүстік өңірлерде тек картоп пен бидай өсіріп қоймай, суық климатта өсе беретін өнімдерді өсіру керек. Айталық, мұзжидек, итмұрын, барбарис. Сусамырға өте пайдалы мұзжидектің кептірілген түрін қымбат бағада көршілес елдерден аламыз. Қазір ғылым дамып, қысқа уақытта пісіп-жетілетін бақша өнімдерінің жаңа сорттарын өсіруге көшу керек. Алайда отандық сапалы тұқымның өзі жоқтың қасы. Солтүстіктің құнарлы топырағын алдырып, Оңтүстікте кәдеге жаратып жатқандар бар.
Түркістан облысында қар жауады да, еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі аудандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сексеуіл, фармацевтикада бағалы саналатын кеурек, дермене сияқты өсімдіктер өседі. Ендеше шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге өсірмеске? Түркістанда есігінің алдында банан мен фисташки өсіріп, жемісін жеп жүргендер бар. Ертегі сияқты естілсе де, талаптанып еңбек еткенге көрінген таудың алыстығы жоқ. Лимон, банан, саңырауқұлақ өсіріп жатқандар – қосымша кәсіптің көзін тапқандар. Оның үстіне, Оңтүстіктің климаты жылына 2-3 рет өнім алуға қолайлы. Осылайша, қызанақ, қияр, құлпынай, орамжапырақ сияқты бақша өнімдерін жыл он екі ай өсіретіндер жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысы нұсқаған мелиорация жұмыстары жанданса, игерілмеген жер қалмас еді. Кеңес үкіметінің кезінде де сайын дала игеріліп, көшпелі жұрт отырықшы халыққа айналдырылған. Сол сияқты қазір де сондай қадамға бару керек болып тұр. Жұмыс жоқтықтың салдарынан ауылдан кеткен адам көп, жастар да тұрақтай бермейді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жерге су жеткізілген. Нәтижесінде, суармалы егістік көлемі 2 172 мың гектарға ұлғайған. 1990 жылға дейін 54 мың гидротехникалық нысандар салынған. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары Кеңес үкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабанға шейін талан-таражға түсіп кетті. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру үшін атқарылатын шаруа шаш етектен асады. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Араптар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, қалауын тапса, қар жанады. Ал бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр. Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі.
2023 жылдың жағымды жаңалығы осы жауапты іспен арнайы айналысу үшін Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр. Заңда су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізу; су қатынастарын, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы қатынастарды реттеу; тұрақты су пайдалануды және су қорын қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды қолдау мен дамытудың құқықтық негiздерiн қамтамасыз ету; су қорын пайдаланудың және қорғаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың негiзгi принциптерi мен бағыттарын айқындау; су ресурстарын зерттеу, барлау, ұтымды және кешенді пайдалану мен қорғау, гидромелиорациялық жүйелер мен су шаруашылығы құрылыстары саласындағы қатынастарды басқару; жерді гидромелиорациялауды дамыту бағыттарын айқындау; халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау қарастырылған.