Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» АУДАННЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ЖОЛЫН АЙҚЫНДАУДА

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» АУДАННЫҢ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ЖОЛЫН АЙҚЫНДАУДА

Жуырда Түркістандағы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өткен жыл қорытындысын жасап, биылғы жылы атқарылатын жоспарымен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 12 наурыз-дағы №534 Жарлығына сәйкес, Сауран ауданы құрылған. Биыл ау-данның құрылғанына 3 жыл толды. Осы 3 жыл ішінде аудан өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс»,-деген болатын.

«Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», – дейді Мемлекет басшысы.

Осыдан үш жыл бұрын аудан мәртебесін алған Сауранның орталығы Ұлы Жібек жолы бойындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралының бойына орналасқан. Бұл өз кезегінде ауданымыздың көліктік-логистикалық тұрғыдағы жедел дамуына мүмкіндік әпереді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – АУДАНДЫ АЛҒА АПАРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деген болатын.

Ауыл шаруашылығы саласында 2023 жылы 101,9 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі – 106,1% құрады. 2023 жылы 44082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 1945 гектарға артты. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығы – 70,8 млрд. теңге өнім өндірді. Алынған өнімдердің бір бөлігі аудан, облыс тұрғындарының қажеттілігіне жаратылса, 118 мың тонна бақша және 20 мың тонна көкөніс өнімдері, яғни 26 пайыз өнімдері жақын шет елдер нарығына шығарылды. Мал шаруашылығында – 14830 тонна ет, 55506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жетті.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» АЛҒА БАСТАДЫ

Қазіргі таңда Сауран ауданының жастары «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуда. Бүгінге дейін «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 274 адам құжат тапсырды. Оның жалпы құны 1494 млн. теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде, 191 жобаға 1267 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба мақұлданды. Оның жалпы құны 1005 млн. теңгеге жеткізілді. Өсімдік шаруашылығы бойынша 9 жоба басталды. Оның жалпы құны – 54 млн. теңге болады. Балық шаруашылығы бойынша екі жоба басталды. Оның жалпы құны – 17 млн. теңге болады. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бойынша құны – 124 млн. теңге тұратын бес жоба мақұлданды. Өз кәсібін ашуға құны 68 млн. теңге тұратын он жоба ұсынылды.

Бүгінгі күнге аудан бойынша 149 шаруа өзге облыстан 2918 мал сатып алды және 9 шаруа жылыжай салды.

Шаруаларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Жер аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша 29,5 мың гектар ортақ жайылымдарды қайтару жоспарланып, оның 32,5 мың гектары қайтарылып, тұрғындардың пайдалануына берілді.

ИНВЕСТИЦИЯ ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨРСЕТКІШІ

Ауданда 12 ауылдық округ, 34 елді мекен бар. Халық саны 101 мың 981 адамға жетіп, облыс халқының 4,8 % құрап отыр. 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 119,2%-ға артқан. Бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 1 млн 182 мың теңгені құрады. Өңірлік өнімнің ішінде 84,7% ауыл шаруашылығына, 9,2% өнеркәсіп саласына, 4,7% құрылыс саласына, 1,4% сауда саласының үлесінде.

Өнеркәсіп саласында 11,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар. Өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді.

2023 жылы ауданға 34,6 млрд.теңгеге инвестиция тартылды. Оның 22,3 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен. Жоспар 129,1% орындалды. Нәтижесінде 496 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2024 жылы 37,0 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Сауран ауданының Шаға ауылдық округінде орналасқан «SAURAN» индустриалды аймағы құрылды. Мұнда тоқыма, тігін, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және ұсақ машина жасау, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Жалпы аумағы 30 гектарды құрайды.Аталған аймақта 11 Brownfield – дайын өндірістік ғимарат құрылысы аяқталып, 8 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Оранғай ауылдық округінде аумағы 365 га құрайтын «Тұран» арнайы экономикалық аймағын іске асыру көзделуде. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым құрылыстарының жұмыстары жүргізілуде.

Сауран ауданы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 12,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 163,3% артты. Бұл көрсеткіш облыс үлесінің 11%-ын құрайды. 2024 жылға ауыл шаруашылығы бойынша жалпы құны – 19,4 млрд. теңгеге 11 ірі және 35 шағын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасымен 191 жоба 1267 млн.теңгеге қаржыландырылды.

СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Биылғы жылы Сауран ауданында жаңбыр, қар жылдағыдан көп түсуде. Осыған орай, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 12 ауылдық округтерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шаға және Құрсай өзеніне дейін 1 шақырым дамбы көтеріліп қашыртқы қазылды. Құрсай өзенінен Бершін төбе елді мекені арқылы аэропорт жолына дейін өзен арнасын 7,7 шақырым кеңейту жұмыстары жүргізілді. Шаға ауылының ішінен өткен арықтарға 3,2 шақырым механикалық тазарту жұмыстары атқарылды. Ынталы елді мекенінің тау жақ беткейіне ұзындығы 500 метр бөгет жасалынды. Бабайқорған ауыл округі бойынша Қанай кеткен арнасынан Көпірге дейін 300 метр, Омбай арнасынан егістік алқабына дейін 350 метр, Ақсай арнасынан көпірге дейін 300 метр траншея қазылды. Тасмола егістік алқабына дейін Қарабұлақ өзенінің табаны 300 метр тазартылды. Бабайқорған елді мекенінде орналасқан су жүретін қашыртқы арықтарды тазартып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша жалпы 1600 метр, Иассы ауылдық округінде 2000 метр, Оранғай ауылдық округі, Қосқорған елді мекенінен 3000 метр қашыртқы қазылды. Сонымен қатар, 40 тонна қыс мезгіліне инертті материал (тұз) алынып, ауылдық округтерге жалпы 4800 дана қап таратылды.

Аудандағы 21 елді мекен (58,3%) 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 2 елді мекенде (11,1%) интернет желісі мүлде жоқ (Егізқара, Ойық).

Қазіргі таңда 7 елді мекенге тексеру жұмыстары жүргізілді. Өңірлік инспекция тарапынан тексеру жұмыстарының нәтижесінде байланыс операторларына 80 миллион теңге айыппұл салынды.

Ескендір ЕРТАЙ.